Сайлауды байқау – сайлау процесінің ажырамас бөлігі. Ол сайлау заңдылығының сақталуына, сайлау практикасын жетілдіруге және азаматтардың сайлау процесіне деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар сайлау комиссиялары қызметіндегі алқалылық, жариялылық және ашықтық қағидаттарының жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді.
Байқаушының негізгі міндеті – дауыс беру барысына қоғамдық бақылау жүргізу, сайлаушылардың құқықтарының сақталуын қадағалау және дауыс беру нәтижелерін белгілеу.
Қазақстан Республикасының азаматтары саяси партиялардан, сондай-ақ аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардан байқаушы ретінде жіберіле алады. Әрбір сайлау учаскесінде бір ұйымнан бір байқаушы қатысуға құқылы.
Байқаушының өкілеттігі жазбаша түрде куәландырылып, онда оның тегі, аты, әкесінің аты көрсетіледі. Тиісті құжат ұйымның мөрімен расталып, байқаушы жеке басын куәландыратын құжатын көрсеткен кезде жарамды болады.
БАЙҚАУШЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ
Байқаушы сайлау комиссиясының отырыстарына қатысуға, дауыс беру мен дауыстарды санау процесін бақылауға, оның ішінде үй-жайдан тыс дауыс беруге қатысуға құқылы.
Сондай-ақ ол тасымалданатын сайлау жәшігін бақылап жүруге, дауыс беру барысы мен оның нәтижелерін ресімдеу рәсімін анық көруге, пайдаланылмаған бюллетеньдерді санау және жою кезінде қатысуға мүмкіндік алады.
Байқаушылар дауыс беру процесіне кедергі келтірмей фото, аудио және бейнежазба жүргізуге, дауыс беру нәтижелері туралы хаттамалармен танысуға және олардың куәландырылған көшірмелерін алуға құқылы.
Заң талаптарының бұзылғанын анықтаған жағдайда байқаушы сайлау комиссиясының назарын аударып, тиісті жазбаша өтініш немесе акт ұсына алады. Сондай-ақ сайлау комиссиясының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа шағымдануға құқылы.
БАЙҚАУШЫНЫҢ МІНДЕТТЕРІ
Байқаушы өзімен бірге жеке басын және өкілеттігін растайтын құжаттарды алып жүруге міндетті. Ол сайлау процесіне, дауыстарды санау мен шешім қабылдау рәсімдеріне араласпауға, сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтірмеуге және сайлау учаскесіндегі белгіленген тәртіпті сақтауға тиіс.
Байқаушы өз ескертулерін нақты, құжатталған және тексеруге болатын фактілерге негіздеуі қажет. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасын сақтап, бейтараптық танытуға, нақты кандидатқа немесе саяси партияға артықшылық бермеуге міндетті.
Сайлау заңнамасы бұзылған жағдайда тиісті сайлау комиссиясы байқаушыны сайлау учаскесінен шығару немесе оның тіркеуінің күшін жою туралы шешім қабылдай алады.
СЕНІМ БІЛДІРІЛГЕН АДАМДАР
Сайлау процесінде кандидаттардың сенім білдірілген адамдары да маңызды рөл атқарады. Кандидаттар өз қалауы бойынша әр сайлау учаскесіне үш адамнан аспайтын сенім білдірілген адамдарын анықтап, оларды тиісті сайлау комиссиясында тіркете алады.
Сенім білдірілген адам Қазақстан Республикасының азаматы болуы және сайлау комиссиясының мүшесі немесе саяси мемлекеттік қызметші болмауы тиіс. Тіркелгеннен кейін оған тиісті куәлік беріледі.
Сенім білдірілген адамдар да байқаушылар сияқты сайлау процесін бақылауға қатысты құқықтар мен міндеттерге ие.
БАЙҚАУ ҮШІН ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ
Сайлау учаскесінде байқаушылардың дауыс беру жәшіктерін, жасырын дауыс беруге арналған кабиналардың кіріп-шығуын және дауыстарды санау рәсімін анық бақылауына жағдай жасалуы қажет.
Дауыстарды санау кезінде үстелдер сайлау комиссиясы мүшелерінің әрекеттері қатысушыларға анық көрінетіндей орналастырылады. Байқаушылар мен сенім білдірілген адамдар бюллетеньдердегі белгілерді көруге мүмкіндік беретін қашықтықта тұрып, санау процесін бақылайды.
Осы талаптардың барлығы сайлау процесінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сайлауды байқау – тек бақылау тетігі ғана емес, азаматтардың сайлау құқықтарын қорғаудың, сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз етудің және қоғамның сайлау институтына деген сенімін нығайтудың маңызды құралы.
Абылайхан ШЫҢҒЫСХАНОВ,
Мақтаарал аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі



