Жуырда аудандық білім бөлімінің «Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығында «Денсаулық – терең байлық» тақырыбында тәрбие сағаты өтті. Оқушылардың салауатты өмір салты туралы түсінігін кеңейту, денсаулықтың адам өміріндегі маңызын ұғындыру және оны сақтау жолдарын үйрету мақсатында ұйымдастырылған сабақта оқушылар үш топқа бөлініп, «Денсаулық», «Тазалық», «Спорт» атауларын иеленді.
Сабақ барысында оқушыларға денсаулық туралы нақыл сөздер мен мақал-мәтелдердің мәні түсіндірілді. Оқушылар «Байлық дегеніміз не?» деген сұраққа өз ойларымен бөлісті. Блиц-турнир кезеңінде оқушылар денсаулыққа байланысты сұрақтарға жауап беріп, күнделікті өмірде қолданатын гигиеналық құралдарды атап өтті. Топтық жұмыста дене шынықтырудың маңызы, жеке бас тазалығы, пайдалы және зиянды тағамдар тақырыптары талқыланды. Әр топ берілген сұрақтарға жауап дайындап, өз ойларын қорғады. «Жалқаубек» көрінісі оқушыларға дұрыс тамақтанудың маңызын түсінуге көмектесті. Сабақ барысында зиянды тағамдардың ағзаға әсері, газдалған сусындар мен фастфудтың зияны, дұрыс тамақтанудың негізгі ережелері айтылды. Оқушылар пайдалы тағамдардың тізімін жасап, әрқайсысының пайдасын түсіндірді. Көзге арналған жаттығулар орындалып, дәрігер кеңесі тыңдалды. Медбике оқушыларға «Тіс күтімі» және «Тұмаудың алдын алу» тақырыптарында пайдалы кеңестер берді. Сабақ оқушыларға пайдалы әрі қызықты өтіп, олардың денсаулыққа деген көзқарасын қалыптастыруға ықпал етті.
Базаркул БАЙНИЯЗОВА,
аудандық білім бөлімінің «Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының қосымша білім беру педагогы, «Үкілі домбыра» үйірмесінің жетекшісі.