3.7 C
Munich
Воскресенье, 16 марта, 2025

СЕГІЗ БАЛАНЫ ӘЛДИЛЕГЕН

Оқылып жатыр

Багирова Сара Билаловна 1932 жылы Азербайжан Республикасында дүниеге келген. Ұлты — азербайжан. 1943 жылы тағдырдың жазуымен Қазақстанның оңтүстігіне депортацияланып, Мақтаарал топырағына табан тіреді. Ол кезде небәрі он бір жастағы бала еді. Анасымен бірге жат жұртқа келіп, бөтен елде өмір сүруді үйренді. Көп ұзамай анасының денсаулығы сыр беріп, Сараның мойнына ауыр жүк артылды.
Төрт сыныптық қана білімі бар кішкентай қыз ерте есейді. Өткен күндерді есіне алып:
— Мен үшін өмірдің өзі — үлкен мектепке айналды. Таңмен таласа тұрып, мақта алқабына бет алатынбыз. Таңғы төртте тұрып, қасымда үш қарашай ұлтының қыздары бар, бәріміз мақта теретінбіз. Терген мақтамыздың салмағы артып, еңбегіміз бағаланған шақта, кеудемізді қуаныш кернейтін. Бірнеше рет «Озат еңбеккер» атанып, сыйақы да алдым, – дейді Сара апай.
Сара Билалқызы тек мақта алқабында ғана жұмыс істеген жоқ. Достық каналының қазылуына да қатысып, өз қолтаңбасын қалдырған жан. Қолынан келген жұмысты жатсынбай, әр іске жауапкершілікпен қарады.
Сара апай қасиетті Құранды күніне екі рет оқиды екен. Бес мәрте қасиетті қажылық сапарына барып, Аллаға мінажат етті. Қажылық сапарға барғандағы әсерімен бөлісе отырып:
— Төртінші рет Қажылық сапарға барғанымда көп адамның арасынан бір кісі суырылып шығып, маған қарап «Сен әлі тағы бір рет келесің» деді. Ол қарияның сөзіне алғашында онша мән бермедім. Сөйтсем көріпкелдігі бар кісі екен. Кейін құрбым Гүлшай қолқа салып мені ертіп баруымды өтінді. Сөйтіп, Алланың қалауымен бесінші рет Меккеге бару бұйырды, — дейді Сара апай.
Сара Багирова сегіз баланы өмірге әкелген алтын құрсақты ана. Балаларына адалдық пен еңбексүйгіштікті үйретіп, өмірден өз орнын тапқан қарапайым асыл жан. Бірақ оның өміріндегі ең ауыр сынақ — екі ұлының бірдей қазасы болды. Бұл қайғы ана жүрегін езіп, «Бәрі Алланың жазғаны. Адам бұл өмірге сынақ үшін келеді. өмірдің мәні байлықта да, атақта да емес, сабыр мен шүкірде. Шүкірмен өмір сүру керек» — деп тағдыр тәлкегіне мойымады. Өмірді шексіз сүйген, бақытын еңбектен тапқан ананың ғұмыры ұрпақтарына үлгі болып келеді.

- Advertisement -spot_img

Басқа жазбалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisement -spot_img

Соңғы жазбалар