Түркістанда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Ұмай ана» фестивалі өтті. Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен ұйымдастырылған іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасын жүзеге асыру мақсатында өткізілді.
Фестивальдің ашылу салтанатында сөз алған Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов іс-шараның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Ұмай ана» фестиваліне Түркістан облысына қарасты 13 аудан, қаладан елу жастан асқан аналар қатысып, үш кезеңнен тұратын сайыста бақ сынады. Сайыс шарты бойынша әр ауданнан 5 адамнан құралған, екеуі өзге ұлт өкілі, қазақ тілін жетік меңгерген әжелер қатыстырылды. Біздің ауданнан «Асыл аналар» тобы қатысып бақ сынады.
Сайыстың бірінші кезеңінде топ жетекшілері топты таныстырса, екінші кезеңде отбасын қорғаушы мейірімді ана рөлін театрландырылған қойылым арқылы көрсету тапсырылды. Үшінші кезеңде аналар «Тәрбиенің түп-тамыры – ұлттық тәрбие» аталымымен ұрпақ тәрбиесіндегі үздік тәжірбелерімен бөлісті.
Фестиваль қорытындысында мақтааралдық әжелеріміз үш кезеңде де жоғары нәтиже көрсетіп, 1-орын жеңіп алып, 200 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болдық. Қазылар алқасы біздің команданың киіміне, кимешегіне, сахнадағы образдарына дән риза болып, ерекше бағалады. Әсіресе, Ұмай ана рөлін сомдаған Кубатбекова Гулбуға, Аю батыр рөліндегі Умирзақова Әлияны, әжелер рөліндегі Гүлжар Жанисова мен Лескүл Тлеумбетованы және ару рөліндегі Роза Бегмановалардың өнерлерін жоғары бағалады. Іс-шара соңында «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева мен облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова марапат иелерін арнайы құттықтап, алғыстарын жеткізді. Батыр аналарымыздың өмірі қашанда жастарға үлгі болып қала береді.
Шахзада ҚҰРБАНБАЕВА,
аудандық әжелер алқасының төрайымы.
«ҰМАЙ АНА» ФЕСТИВАЛІНДЕ ӘЖЕЛЕРІМІЗ ТОП ЖАРДЫ
