Маусымның жиырма сегізі – қалам мен қағазды серік еткен, шындық пен әділеттің жаршысы болған журналистердің кәсіби мерекесі. Мереке қарсаңында Мақтаарал, Жетісай аудандарының бір топ журналистері, атап айтқанда, “САНҰР” телеарнасының директоры Гүлмира Саржанова, тәуелсіз «Ақпарақ», қоғамдық-саяси «Мақтаарал», «Жетісай жаңалықтары», «Бекет» газеттерінің бас редакторлары Жаппар Ғаппар, Сәбит Қалдыбаев, Ақерке Бақтыбаева, Баян Такенова, «Жаңа Жетісай» газетінің жауапты хатшысы Элмира Өсербекова, «Мақтаарал» газетінің фототілшісі Жұмабек Төребеков бастаған қаламгерлер ел ішіндегі киелі жерлерге зиярат жасап, рухани тазарып, көкірек көзін жаңғыртып қайттық. Бұл сапар – жай ғана экскурсия емес, ата-баба аманатына тағзым, өткенге тағылым, болашаққа бағдар болған танымдық жолсапар болды.
Сапар бағыты алдымен Ұзын Ата кесенесінен басталды. Қасиетті Шардара топырағында орын тепкен бұл әулиелі мекен – көнеден жеткен киелі аңыздардың куәсі. Ел ішінде айтылатын аңыздарға сүйенсек, Ұзын Ата – дін таратушы, исламның өркен жаюына ықпал еткен, әділдігімен, даналығымен ел есінде қалған әулие. Кесенеге тәу етіп келген жұртшылық дертіне шипа тілеп, дұға жасап, баба рухына құран бағыштап жатады. Журналистер де осы дәстүрден жаңылмай, қасиетті топыраққа бас иіп, бабалар рухына тағзым етті.
Ұзын Атадан кейін сапар тізгінін Түркістан бағытына бұрған қаламгерлер киелі Арыстан баб кесенесіне аялдадық. Ислам тарихында өзіндік орны бар бұл тұлғаның есімі Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы ретінде мәлім. Ел аузындағы аңыз бойынша, Мұхаммед пайғамбардан қалған аманатты жас Ясауиге жеткізген де осы Арыстан баб екен. Осы рухани сапар барысында мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің де мәңгілік мекеніне арнайы барып, рухына құран бағыштадық. Ұлт руханияты мен мәдениетіне жанашыр болған Ө.Жәнібеков – ұлттық тарих пен салт-дәстүрдің қайта жаңғыруына орасан еңбек сіңірген тұлға. Түркістанды түлетіп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ЮНЕСКО тізіміне енуіне ықпал еткен, ел жадында «рухтың сақшысы» болып қалған Өзбекәлі ағаның басына барып тағзым ету – бұл сапардың мағыналық жүгін бұрынғыдан да тереңдете түсті. Кесене маңындағы зиратта жерленген өзге де діндар бабаларға, Құрбан ата, сатирик, жазушы Көпен Әмірбек, т.б. рухани тұлғаларға дұға бағышталған сәтте үнсіздік пен ықылас қатар өрілді.
Келесі бағыт – ежелгі өркениеттің алтын бесігі Отырар қалашығы болды. Талай тарихтың ізі қалған, шаңының өзі шежіре сөйлейтін бұл көне шаһарды аралаған кезде уақытпен тілдескендей күй кештік. Отырар — әлемге аты мәшһүр ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің туған жері. Шаһардың әр қиырында өткеннің сарыны, даналардың ізі, өркениеттің нышаны сақталған. Бір кездері ғылым мен мәдениеттің ордасы болған Отырардың орны бүгінде келер ұрпаққа қалдырылған мол мұра екені сөзсіз. Рухани тұғыр мен тарихи таным қатар өрілген бұл мекеннен ерекше әсер алып, ұлт тарихына деген сүйспеншілікті терең сезіндік. Сапар соңында Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, ұлт руханиятының шамшырағына айналған әулиенің басына тағзым еттік. Бұл — бүкіл түркі әлеміне ортақ рухани орталық. Қожа Ахмет Ясауи — тек діни қайраткер ғана емес, адамгершілік пен имандылықтың, ел бірлігі мен рух тазалығының насихатшысы. Гаухар Ана кесенесі де зияратшылар назарынан тыс қалған жоқ. Ясауидің қызы болған бұл ананың да өмір жолы — ізгілік пен қайырымдылықтың, әйел затының биік рухының символы.
Киелі жерлерді аралаған әрбір сәт – ой салар, жанды тазартар, жүрекке ізгілік егетін сырлы кезеңге айналды. Бұл сапардың ең басты мұраты – тарихты танып, рухты көтеру, ел мен жер қадірін сезіну, ұлт мұрасын ұлықтау болатын. Қаламгерлер үшін мұндай сапар — жазу үстеліндегі ізденістен де бөлек, жүректің көзімен сезінген тағылымды тіршілік мектебі екені анық. Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Түркістан – осы жолдағы әрбір өңірдің топырағы киелі, шежіресі терең. Осы сапар арқылы тарих пен бүгіннің арасын жалғап, рухани жаңғырудың нақты көрінісін көрдік. Біз үшін бұл сапар – ел мен жер алдындағы жауапкершілікті тағы бір мәрте сезіндірген, көкірекке сәуле, жүрекке нұр құйған игі сапар болды.
Ұлжанат АСЫҚБАЙҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.