0.8 C
Munich
Пятница, 13 декабря, 2024

ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРДЫҢ ЕҢБЕГІ ЕРЕН

Оқылып жатыр

         Елімізде тамыз айының екінші жексенбісінде заманның ең керек мамандығына айналған құрылысшылардың төл мерекесі атап өтілді. Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Насырханұлы Асанов аудан құрылысшыларын кәсіби мерекелерімен құттықтап, ізгі лебізін білдірді. 
        – Құрылыс саласы — ұлттық экономикамыздың маңызды тармағы. Ал, жасампаздықтан тұратын құрылысшы мамандығы қай кезде де қоғамда ерекше құрметке ие. Сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында тәуелсіздік жылдары еліміздің сәулеттік келбеті көркейіп, қалалар мен ауылдар абаттандырылуда. Сапалы жолдар салынып, инфрақұрылым жақсарып келеді. Кез келген елдiң экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтiк тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тiкелей байланысты. Киелі Мақтаарал ауданында да құрылысшы мамандығының маңызы зор. Халқы тығыз орналасқандықтан, әлеуметтік нысандарды, атап айтқанда мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау мекемелерінің ғимаратын салу – мұнда үлкен өзекке ие. Ел экономикасының маңызды саласының өкілі – құрылысшылардың орасан еңбегінің арқасында жаңадан құрылған Мақтаарал ауданында зәулім ғимараттар мен әлеуметтік нысандар бой көтеруде, — деді аудан басшысы Б.Асанов.
          Атап айтқанда, биылдың өзінде ауданымызда         200 орындық 4 мектептің құрылысы және «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 5 мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұдан бөлек, Мырзакент кентіндегі Мадиходжаев көшесінің бойынан әкімшілік ғимаратының құрылысы, Мырзакент кенті аумағынан спорт сарайының құрылысы, Мырзакент кенті аумағынан №2 әкімшілік ғимарат құрылысы, Мақтарал ауылдық округі, Игілік ауылынан бір мезгілде 50 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория, Еңбекші ауылдық округі, Т.Жайлыбаев ауылы және Жамбыл ауылдық округі, Жалын ауылдарынан салынып жатқан мәдениет үйі мен кітапхананың құрылыстары да кестеге сәйкес жүріп жатыр. Сонымен қатар, Мырзакент кентінде орталық саябақтың құрылысы басталды. Құрылысшыларды  ауданымыздың ажарын ашатын, айбарын асқақтататын келісті келбетінің көркеюіне қосып жатқан үлестері мол.
        Аудан орталығы болғанына 5 жыл толған Мырзакент кенті де күн сайын құлпырып келеді. Кентте ескірген нысандардың барлығы да қайта жаңарып, үлкен құрылыс нысандары бой көтерді. Көшелерінің барлығы дерлік асфальттанды. Ағаштар егіліп, жарқырата жарықшамдар орнатылды. Субұрқақтар атқылап, гүлдер жайқалды. Мырзалардың мекені деп атала бастаған Мырзакент қай жағынан алса да дамып, көркі көз тоймайтын деңгейге жетті. Әрине, ауданымыздың сәулеттік келбетінің қалыптасуында құрылысшылардың ерен еңбегі бар.
       – Алдағы уақытта да өркениетті еліміздің өсіп-өркендеуі жолында, ауданымыздың сәулеттік келбетін қалыптастыруда толағай табыстарға жете берулеріңізге тілектеспін. Бойларыңызға сарқылмас күш-қуат, еңбектеріңізге таусылмас жетістік, отбасыларыңызға ортаймас бақ-ырыс тілеймін! – дей келіп, аудан әкімі алдағы кезде де ауданда құрылыс қарқынды жүріп, елді мекендердің сәулеті, келбеті жақсара түсетінін айтты.
«МАҚТААРАЛ» ақпарат.
- Advertisement -spot_img

Басқа жазбалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisement -spot_img

Соңғы жазбалар