Ұстаздың ең басты мақсаты – шәкіртке сапалы білім беріп қана қоймай, оны ізгілік пен адамгершілік рухында тәрбиелеу. Әл-Фараби бабамыз: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген. Шын мәнінде, білім мен тәрбие егіз ұғым. Тәрбие бесіктен басталады, тіпті, ананың құрсағындағы сәттен бастап бала жан-дүниесі тәрбиені қабылдай бастайды. Ана мейірімімен басталған сол алғашқы тәлім бесіктен балабақшаға, балабақшадан мектепке ұласады. Осы жол – бала өміріндегі тәрбие мен білімнің негізін қалап, болашаққа бағыт сілтейтін үлкен мектеп.
Мектеп – бала өміріндегі маңызды кезең. Ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин өз шығармаларында күтім көрген ағаштың түзу өсіп, биіктікке ұмтылатынын, ал қараусыз қалған ағаштың қисайып өсетінін дәл бейнелеген. Адам баласы да сол секілді: тәрбиесіз бала – қоғамға қауіпті, болашағы бұлыңғыр тұлғаға айналуы мүмкін. Ал саналы тәрбие алған бала – ел ертеңіне сеніммен қарайтын, білімді, іскер, адамгершілігі мол азамат болып қалыптасады.
Мен – ұстазбын. Болашаққа үмітпен қарайтын жас ұрпақты тәрбиелеуші, зерттеуші, бағыттаушы жандардың бірімін. Шәкірттің жүрегінен анадай орын алған ұстаз ғана – нағыз ұстаз. Тәрбие ісі – үлкен жауапкершілікті талап ететін қасиетті жол. Сондықтан да әр баланың жүрегіне жол тауып, өмірлік ұстанымы берік, еліне адал қызмет ететін тұлға тәрбиелеу – менің басты мұратым.
Жанар ҚАРАБАЕВА,
№73 ЖББМ директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Жетісай ауданы.