8.3 C
Munich
Воскресенье, 6 октября, 2024

ӨНЕРГЕ АДАЛ ЖАН

Оқылып жатыр

ӨНЕРГЕ АДАЛ ЖАН

Қай қырынан алып қарағанда да өнер – түпсіз терең, шеті мен шегі көз ілестірмейтін ғажайыпқа толы сырлы әлем. Ән мен күйге, музыкаға ғашық адамның көңілі нәзік, сезімтал келеді. Бес-алты жасынан сахнада ән айтуға талпынған Ботагөздің өнерге жақын, бейімді екенін өнерге жаны жақын аяулы әкесі Жақсылық көке бірден сезе білді. Отбасындағы ұл-қыздың ең кішкентайы, ерке қызы Ботагөзді жеті жасынан домбыра тартуға баулыды. Талапты балғын музыкаға құмар болып өсті. Мектепте оқып жүріп-ақ домбыра, гитара тартып, әуелете ән айта бастады.

         Әлі есінде, Мырзашөлдің жезтаңдай әншісі, өнер саңлағы Сапарәлі Серікбаевпен бірге сахна төрінде композитор Мұхамеджан Рүстемовтің «Ақ босаға» әнін қосыла шырқаған кезде бүкіл көрермен дуылдата қол соқты. Келешекте өнер адамы болуды армандаған Ботагөз Тастемірова қазіргі Жетісай ауданына қарасты Жылы су ауылдық округі, Баққоныс елді мекеніндегі орта мектепті бітірген соң ойланбастан Жетісай мәдени-ағарту колледжіне оқуға түсті. Мұнда жолы болып ҚР Мәдениет қайраткері, композитор, күйші, профессор Бөрі Исаның класында оқып, 1997 жылы «Оркестр дирижері. Мәдени-ағарту бөлімінің ұйымдастырушысы» деген мамандық алып шықты. Бірінші курста оқып жүріп-ақ, өнер майталманы Бөрі Исаның үлкен шығармашылық кешін жүргізіп, елдің ризашылығына бөленді. Қадірменді ұстазы, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның құрметті профессоры, «Құрмет» орденінің иегері Бөрі Исаның батасын алып, өнер көгіне қарай бет алды.
Ботагөз Жетісай қаласындағы ұлттық аспаптар «Алтынай» фольклорлық ансамблінде күй шертіп, өнерін дамыта бастады. Қандай адам болмасын өнермен беріле айналысқанда ғана биік белестерді бағындыратыны сөзсіз. Ол дәулескер күйші Бөрі ағаның «Мереке», «Жиделі Байсын», «Желтоқсан», «Наурыз тойы», «Аңсау», «Әлқисса – Нұрғиса» т.б. күйлерін үйреніп, игеруге ұмтылды. Ән айтуға келгенде жерлесі, қазақ эстрадасының жұлдызы, күміскөмей әнші Бақыт Шадаева әпкесін үлгі тұтып, еліктеп өсті. Сахнада көбіне бала кезінен Қазақстаннның Халық әртісі Роза Рымбаеваның репертуарындағы кең диапозонда шырқалатын әндерді жүрексінбей айтып жүрді. Мақтаарал ауданындағы Жамбыл ауылдық округіне келін болып түскен соң біраз жыл балабақшада музыкант болып істеді. 2021 жылы сәуір айынан бері Мақтаарал ауданы, Жамбыл ауылдық округіндегі Кеңесшіл Мәдениет үйінде көркемсөз үйірмесінің жетекшісі болып істейді. Әрбір мәдени іс-шараны өткізу көп ізденісті, тер төге жұмыс істеуді талап етеді. Былтыр Ботагөз дайындап, әбден шыңдаған өнерлі балалар жүлделі бірінші орынды иеленді. Ауыл балаларын өнерге баулудан жалыққан емес. Өткен жылы «Баталы ер арымас» байқауын өткізу кезінде де күн-түні ізденді. Сондай-ақ, жергілікті талантты ақын Тұрды Әлсейіттің шығармашылық кешін өткізуге де көп уақытын жұмсады. Нәтижесінде, Кеңесшіл Мәдениет үйінде өткен әдеби-сазды кеш жоғары деңгейде өтті. Жамбыл елді мекеніндегі балабақшада өткен іс-шараны және осы ауылдағы ауқымды концертті де өте мазмұнды, әсерлі ұйымдастыра білді.
Ботагөздің өнерге талпынған талабын әкесі Жақсылық көке мен анасы, «Алтын алқа» иегері Асылай апа қолдап, бетін қақпай өнерге баули түсті. Жақсылық Тастеміров жұбайы Асылай Бейсенбайқызы екеуі 3 ұл, 5 қызды аман-есен өсіріп, жетілдірді. Жақсылық көке бұрынғы Ленин атындағы кеңшарда (Жетісай ауданы) 30 жылдан астам уақыт мақта шаруашылығында аянбай еңбек етті. «Еңбек ардагері» медалімен марапатталып, көптеген Мақтау грамотасы мен Алғыс хаттарды иеленді. Баққоныс ауылында ширек ғасыр бойы ауыл биі болып, тек қазақтардың ғана емес, орыс, тәжік т.б. ұлттардың шешімін таппаған мәселелерін әділ шешіп бергенін ауылдастары әлі күнге айтып отырады.
1972 жылы бөлімшедегі Ушинский атындағы мектеп ғимаратының жаңадан салынуына, онжылдық мектепке айналуына жүгіріп жүріп атсалысты. Жақсылық көке 13 жасынан бастап өмірінің соңына дейін намазхана болған, үнемі имандылық жолында жүрді. Анасы Асылай қолөнер шебері, ісмер кісі еді. Қыздарын киіз басып, түскиіз жасауға, кілем тоқуға баулыды. Әке-шешесі қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрлерін жетік біліп қана қоймай, оны ұл-қыздарына ерінбей үйрете білді. Ал, әкесі Жақсылық ұлдарын төрт түлікті өсіріп, баптауға баулыды. Соның арқасында балалары атбегі, жылқы өсірудің маманы болып жетілді.
Бізбен әңгімесінде Ботагөз Тастемірова былай деді: «Өнер – ауылға, қалаға деп бөлінбейді. Себебі, өнерде шекара жоқ. Маңыздысы – сахнаға, өнерге деген адалдықты сақтап, еліңе, жұртыңа мінсіз мәдени қызмет еткенге не жетсін!».
Ауылда жүріп өнерді дамытып, өркендетуге талмай өзінің мол үлесін қосып келе жатқан өнер иесі Ботагөз Жақсылыққызына кәсіби шеберлігіңді шыңдап, биікке өрлеп, самғай бер!-деген тілек айтамыз.

С.ДҮЙСЕНБЕКҰЛЫ.

- Advertisement -spot_img

Басқа жазбалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisement -spot_img

Соңғы жазбалар