Өткен жылы облыста өткен «Алтын күз» мерекесінде біздің Мақтаарал ауданы «Бақша дақылдарын өндіруден озат аудан» және «Жеке қосалқы үй шаруашылығын дамытудан озат аудан» номинацияларын иеленіп, мерейі үстем болды.
Облыс көлемінде бақша, көкөніс өсіріп, одан мол өнім алуға қол жеткізген аудан диқандарының абырой биігінен көрініп, мол табысқа кенелуі қуанышты жағдай. Бұл орайда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде жоғары нәтиже көрсеткен А.Қалыбеков, Жамбыл, Достық ауылдық округтерінің диқандары көш бастады. Ал, бір алқаптан жылына 2-3 өнім алып, табысын еселеген озат агроқұрылымдың бақша, көкөніс өсіруде қол жеткізген жетістіктерін ауыз толтырып, мақтан етсек болады. Мәселен, Ербол Тұрғанбаев басшылық ететін Мақтаарал ауылдық округінде 89 шаруа қожалығы 250 гектардан астам егістік алқапқа бір жыл ішінде 2-3 өнім еккен. Нәтижесінде, 1-ші өнім ретінде қырыққабат дақылын егіп, 7841 тонна өнім жинаған. Екінші өнім ретінде 52,3 гектарға жүгері егіп, 6935 тонна өнім алған. Осы округтегі «Сабыр» шаруа қожалығының төрағасы 12 гектар егістігіне өткен жылы қырыққабат, бақша, жүгері өсіріп, мол өнім жинады. Ал, Еңбекші ауылдық округінің тәжірибелі диқаны «Сманов» шаруа шаруашылығының басшысы Юсуфжон Сманов 15 гектар жерге алғашқы айналымда пленка астына қауын, екінші айналымда мақта егіп үлгерді. Нәтижеде, 450 тонна бақша, 52 тонна мақта жинап, мол табысқа ие болды.
Жыл қорытындысында, «Озат көкөніс өндіруші агроқұрылым» номинациясын жеңіп алған еңбек озаттарының бірі – Жамбыл ауылдық округіндегі «Байымбет» шаруа қожалығы (төрағасы Бақытбек Тастемірұлы) 8 гектар алқапқа қырыққабат егіп, одан 320 тонна өнім алды. Орташа өнімділік 400 центнерді құрады. Сондай-ақ, Иіржар ауылдық округіндегі «Қыдыр ата» шаруа қожалығы (төрағасы Қадыр Тиляев) 9 гектар алқапқа қарыққабат өсіріп, гектарына орташа 420 центнерден өнім жинап, жарыс көшін бастады. «Озат бақша өндіруші агроқұрылым» номинациясына ие болған «Сәбит» шаруа қожалығының төрағасы Сәбит Биболаев (Бірлік ауылдық округі) пен «Шымыр-Ата» шаруа қожалығының басшысы Арман Айменовтер (А.Қалыбеков ауылдық округі) қауын егіп, гекар өнімділігін орташа 300 центнерден асырды.
«Жеке қосалқы үй шаруашылығын дамытудан озат агроқұрылым» номинациясын жеңіп алған Байбосын Төлебаев (А.Қалыбеков ауылдық округі) 0,5 гектар үйіргелік ауласына қызылша дақылын егіп, 14,5 тонна өнім өндірді. Орташа өнімділік гектарына 290 центнерді құрады.
Бақша дқылын өсіру мен жеке қосалқы үй шаруашылығын дамытудан ауданның облыс бойынша жоғары нәтижеге жетуіне мол үлесін қосқан озат агроқұрылымдарға әрдайым жеңіс биігінен көріне беріңіздер дейміз. Жаңа жыл құт-берекесімен келсін!
Сәбит ДҮЙСЕНБЕКҰЛЫ.