Бүгін біз отанымыздың даму жолындағы жаңа саяси кезеңнің маңызды белесіне бірге қадам басып отырмыз. Түркістан – ел тағдырын айқындаған тарихи пайымдар жасалған, ұлттың болашағы сараланып, ынтымағы нығайған киелі де қасиетті өңір. Қазақ шежіресіндегі ауқымды бетбұрыстар мен іргелі істер қашанда ел болып ақылдасудан, алқалы кеңес құрудан басталған. Осы себептен де халқымыз үшін «Құрылтай» сөзінің қадірі де, салмағы да бөлек.
Бүгінгі таңда еліміздің жоғары заң шығарушы өкілетті органы – Парламенттің Құрылтай деп аталуы тегіннен-тегін емес. Бұл Ата Заңымызбен айшықталған шешім. Осы арқылы халқымыздың мемлекеттілік дәстүрі мен бүгінгі заманауи саясатты ұштастырған маңызды қадам жасалды. Өйткені Құрылтай – ел болашағы таразыға түскенде, бұқараның үніне құлақ асып, ортақ мәмілеге келетін киелі ұғым.
Демек, бұл жаңашылдық – мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа сипаттағы серіктестіктің айқын айғағы. Яғни, елдік мәселелер бойынша шешімдер бұқараның пікіріне сүйене отырып қабылдануы тиіс деген асыл ұстанымның заңды жалғасы.
Ал сол Құрылтай рухының тарихи ошақтарының бірі – төрт қақпалы Түркістан шаһары.
Қазақстан бүгінде дамудың жаңа бағытына бет бұрып, тарихи өрлеу кезеңін бастан өткеруде.
Соңғы жылдары елімізде ауқымды саяси жаңғырулар іске асты:
Жалпыұлттық референдумдар ұйымдастырылды;
Жаңа Конституция бекітілді;
Сайлау жүйесі қайта жасақталды;
Жергілікті өзін-өзі басқару тетіктері кеңейді;
Азаматтардың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндігі артты.
Бұл қадамдардың барлығы – бірін-бірі толықтыратын жүйелі реформалар тізбегі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан өзгерістердің басты ерекшелігі де осында. Бұл — мемлекетті кезең-кезеңімен жаңарту стратегиясының нақты көрінісі.
Осы өзгерістердің әрбір белесінде сіздер елдік бастамаларға тұрақты қолдау білдіріп келдіңіздер. Алқалы реформалардың сәтті жүзеге асуына ұйытқы болдыңыздар. Соның арқасында халыққа берілген көптеген уәделер қағаз жүзінде қалмай, нақты іске, көзге көрінетін нәтижеге айналуда.
Ел өміріндегі оң өзгерістер мен жетістіктер де аз емес. Өздеріңіз көріп отырғандай, Қазақстан заман талабына бейімделіп, жаңа цифрлық технологияларды меңгеріп, инфрақұрылымын жаңартып келеді. Экономикамыз бен қоғамдық институттарымыз заманауи бағытта даму жолына түсті.
Әрине, халықтың табысын еселеу, өңірлердің тең дамуын қамтамасыз ету, сапалы жұмыс орындарын көбейту, білім беру мен медицина қызметтерінің қолжетімділігін арттыру бағытында атқарылатын шаруалар әлі де жеткілікті.
Бірақ ең бастысы – бұл оң өзгерістер тоқырап қалған жоқ. Олар жүйелі түрде жалғасып, әрбір жаңа қадам бұрынғы реформаларды толықтырып отыр. Бағытымыз айқын, мақсатымыз бекем!
Ендігі негізгі міндет – қолға алынған бұл өзгерістердің игілігін әрбір азамат өзінің күнделікті тұрмысында сезінетін деңгейге жеткізу. Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанды құру жолындағы бастамаларына жаңа серпін беру.
Дәл осы маңызды сәтте «Әділет» партиясының тарихи жауапкершілігі басталады.
Біздің басты парзымыз – басталған реформаларды қолдау, олардың халықпен бірге іске асуына ықпал ету. Жұртшылықтың үнін мемлекеттік шешімдермен ұштастырып, әрбір бастаманың нақты нәтиже беруіне атсалысу. Өйткені кез келген реформа азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартқанда өзінің шынайы мәніне ие болады.
Әділдік – бұл құрғақ ұран емес, күнделікті өмірде көрініс табатын шынайы құндылық.
Әділдік – әрбір азаматқа берілетін тең мүмкіндік пен адал еңбектің лайықты бағалануы.
Әділдік – ауыл мен қала тұрғындарының тұрмыс дәрежесі арасындағы алшақтықтың азаюы.
Әділдік – жастардың өз Отанында жарқын келешекке сеніммен қарауы.
Әділдік – әрбір тұрғынның мемлекетке деген нығайған сенімі!
Біздің сайлауалды бағдарлама еліміздің түкпір-түкпіріндегі азаматтардың ұсынысынан туған, халықтың шынайы сұранысы мен ортақ көзқарасын біріктірген бағдарлама.
Себебі, біз еліміздің барлық сарапшыларымен, түрлі сала өкілдерімен, ынта білдірген белсенділермен талқыладық.
Онымен қоса, арнайы QR-код арқылы цифрлық платформада ұсыныстар жинақтадық.
Экономистер, заңгерлер, дәрігерлер, мұғалімдер, инженерлер, ғалымдар, кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы мамандары, қоғам белсенділері мен жастардан тартып бәрі де өз ұсыныстарын берді.
Әр бөлім нақты есепке, терең талдауға және оны жүзеге асыру мүмкіндігіне сүйеніп дайындалды.
Сондықтан бұл – бір партияның ғана емес, елдің ортақ мүддесіне негізделген бағдарлама.
Біздің сайлауалды бағдарламамызда 2031 жылға дейінгі жеті флагмандық мақсатты айқындадық. Құжат ел дамуының өлшенетін жеті стратегиялық индикаторын белгілейді:
Әрбір отбасы үшін жайлы баспана: Тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткішін жан басына шаққанда 25-тен 30 шаршы метрге дейін жеткізу. Апатты және тозығы жеткен баспанадан 30 мыңға жуық меншік иесін көшіру, сондай-ақ 3 мыңнан астам отбасы үшін үлестік құрылыстың барлық 37 проблемалық нысанын аяқтау.
Өмір сүру ұзақтығын арттыру: Орташа өмір сүру ұзақтығының 77 жас межесінен асуы. Денсаулық сақтау жүйесін превентивті (алдын алу) режимге көшіру және қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімді кемінде 5%-ға төмендету.
Сапалы жұмыспен қамту: Официалды еңбек шарты бар, қауіпсіз еңбек жағдайлары жасалған және жалақысы өңірдегі медианалық деңгейден төмен емес 1 миллион сапалы жұмыс орнын құру.
Орта тапқа бәс тігу: Ел экономикасындағы орта бизнестің үлесін 20%-ға дейін жеткізу (ағымдағы деңгейден шамамен үш есе өсу).
Ауылдағы табыстың өсуі: Жылына 2,5%-бен берілетін «Ауыл аманаты» жеңілдетілген микрокредиттеу бағдарламасын кеңейту арқылы 1 миллион ауыл тұрғынының табысын сапалы түрде арттыру.
Ресурсқа қатысты және азық-түлік қауіпсіздігі: 100% азық-түлік және энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізу. Агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) өнімдерін өңдеуді 70%-ға дейін арттыру, мұнай өндіруді 100 миллион тоннадан төмендетпей тұрақты деңгейде ұстап тұру, ЖЭК (жаңартылатын энергия көздері) үлесін өсіру және жаңа атом энергетикасының негізін қалау қарастырылған.
Жаңа экономикаға бейімделу: Кемінде 5 миллион қазақстандықты жасанды интеллектпен жұмыс істеуге үйрету, ЖИ-ді мектеп бағдарламасына енгізу және барлық жоғары оқу орны студенттерін AI-Sana жобасымен қамту.
Біз – жаңа буын партиясымыз.
Бірақ жаңару деген – бұрынғының бәрін жоққа шығаруды білдірмейді.
Нағыз жаңару – елде басталған оң өзгерістердің сабақтастығын сақтап, оны жаңа мазмұнмен толықтырып, әр азаматтың игілігіне айналдыру.
Сондықтан біздің саясатымыздың өзегі – жауапкершілік.
Өйткені жауапкершілік мемлекетке де керек, партияға да керек, әрбір азаматқа да керек.
Себебі әділетті қоғам жауапкершілігі жоғары адамдардың қолымен құрылады.
Біз сіздердің сенімдеріңізді ақтауға, елмен бірге жауапкершілік жүгін арқалауға келдік.
Біз әділ ережелер орныққан, еңбегі бағаланатын, заң мен тәртіп салтанат құрған, әрбір азамат өз болашағына сеніммен қарайтын Қазақстанды бірге құруға шақырамыз.



