Міне, егемендік жылнамасының тағы бір парағы Барыс жылымен қоштасып, Жаңа жылға қадам басып отырмыз. Бұл – әрбір адам ерекше көңіл күймен қарсы алатын маңызды сәт. Жаңа жылда өткенді саралап, жаңа жоспарлар түзіп, айқын межелер белгілейміз. Осы бір сындарлы сәтте Мақтаарал аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Нұрлан Нұрғалиұлы ТҰРАШЕВПЕН сұхбаттасқан едік. Төменде оқырман назарына осы сұхбатты ұсынып отырмыз.
— Нұрлан Нұрғалиұлы, өткен жылы ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық даму бағытында қандай ауқымды жұмыстар атқарылды?
– Өткен жылы аудан экономикасы ілгерілеп, 11 айда жергілікті бюджеттің кірістері мен шығысының жоспары 99,8 пайызға орындалды. Сөйтіп, 28,2 млрд. теңгенің қаржысы игерілді. 2022 жылдың 11 айында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 73 млрд. 438 миллион теңгеге жетті. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 60,3 млрд. теңге, мал шаруашылығы 13,1 млрд. теңге болып, нақты көлем индексі 100,6 пайызды құрады.
Мақтааралдық дихандар ағымдағы жылы 60,8 мың гектар жерге егістік ексе, оның 40,4 гектарына мақта өсірді. Қырманға 105 мың 717 тонна өнім жиналып, әр гектардың өнімділігі 26,3 центнерді құрады. Сондай-ақ 19,2 мың тонна бақша, 398,2 мың тонна көкөніс өнімі жиналды. Оның 80 пайызы шетелге экспорталды.
Егін шаруашылығында өнімділік көлемін екі-үш есеге ұлғайту мақсатында әр ауылдық округтерде жаңа технологияларды ендіре отырып, бір жыл ішінде 2-3 өнім алу әдісі 900 гектардан астам алқапқа енгізілді. Алдымен ерте пісетін көкөніс дақылдары егілді, бұдан соң осы алқапқа бақша және жүгері, жоңышқа өсірілді. Одан біршама жоғары өнім алынды.
– Шағын және орта бизнес – мол табыс көзі. Бұл салада қандай істер атқарылды?
– 2022 жылдың 11 айында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 12,6 млрд.теңге өнім өндіріп, өнеркәсіп өнімінің көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 81,4 пайызға, өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 74,2 пайызға, өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі 120,9 пайызға орындалды. Жалпы ауданда шағын кәсіпкерлік субъектілері саны 11734, оның ішінде: 574 заңды тұлға, 3183 жеке дара кәсіпкер, 7977 шаруа қожалық тіркелген.
Инвестиция көлемі 2,7 млрд.теңгені құрайтын 2 жоба қолға алында. «ZHANASSYL» ЖШС-і құны 2,5 млрд. теңгелік мақта өңдеу зауыты іске қосылды. «EL-KZ 2020» ЖШС бетон өнімдерін өндіру зауыты ел игілігіне берілді. Бұл кәсіпорындарда 267 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылмақ.
–Ауданда құрылыс жұмыстарының қарқыны қалай? Жаңа жылда қандай нысандар іске қосылады?
– Мырзакент кентінде Мақтаарал ауданының дербес бөлімдері үшін әкімшілік ғимаратының құрылысы салынып жатыр. Бұл нысан биыл пайдалануға беріледі. Бірлік ауылдық округі, Пернебаев елді мекеніне жасалынған егжей-тегжейлі жоспар бойынша инфрақұрылым жүргізу құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, іске қосылды. Мырзакент кентіндегі №2 әкімшілік ғимараты және аудан орталығындағы орталық саябақты қайта құру құрылыстары 2023 жылы аяқталып, ел игілігіне беріледі.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Мырзакент кентіндегі спорт кешенінің құрылысы және Еңбекші ауылдық округі, Т.Жайлыбаев ауылы мен Жамбыл ауылдық округі, Жалын елді мекенінде салынып жатқан 200 орындық мәдениет үйі мен кітапхана құрылыстары да биылғы жылы толық аяқталатын болады.
Мырзакент кентін ұлғайтуға арналған 80 гектар жер теліміне инженерлік инфрақұрылым құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сондай-ақ, Мақтаарал ауылдық округі мен Атакент кентіндегі 2 спорт кешеніне және Ж.Қалшораев, Ынталы елді мекендеріндегі 200 орындық мәдениет ошағына жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Мырзакент кентінде төрт қабатты көп пәтерлі тұрғын үй мен сол үйлердің инженерлік инфрақұрылымына 2 млрд. теңгеге жобалық-сметалық құжаттары, сондай-ақ, Азаттық және Жаңа жол елді мекендерінің ауыз суының қайта құрылыс жұмыстарына 982 миллион теңгеге, 8 елді мекенді газдандыруға 1,4 млрд.теңгеге жобалық-сметалық құжаттары әзірленді.
– Елді мекендерді таза ауыз сумен қамту, табиғи газ жеткізу, жарықтандыру жұмыстары қалай жүргізілуде?
– Аудандағы жалпы 69 елді мекеннің 67 елді мекені, яғни 97,1 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Екі елді мекені (Достық, Найман Бұхарбай) қамтылмаған. Су құбыры бар 67 елді мекеннің 47 елді мекеніне тәулік бойына, 20 елді мекеніне кестемен берілуде.
Аудандағы ауыз су жүйелерінің тозығы жеткен 13 елді мекендерде – Атакент, Береке, Иіржар, Жаңажол, Азаттық, Ақжол, Арайлы, Нұрлы жол, С.Рахимов, Өркениет, Игілік, Шаттық, Ақ алтынға қайта құру жұмыстарын жүргізу және ауыз су құбыры жоқ екі елді мекенге (Достық, Найман Бұқарбай) ауыз су құбырын салу қажет. Осы мақсатта 2022 жылға бюджеттен 113,9 млн теңге бөлініп, Атакент кентіндегі 12 көше, Береке және Иіржар елді мекенінде жалпы 3 нысанның ауыз су жүйелерінің қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Екі нысанның (Атакент кенті мен Береке елді мекені) құрылыстарын аяқтауға 29,7 миллион теңге қаржы қажет. Ал, бір нысанның су жүйесінің құрылысы (Иіржар елді мекені) ағымдағы жылы аяқталып, пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар, аудандық бюджеттен 35,2 млн. теңге қаралып, Азат, Дихан, Атамұра, Бахыт ауылдарының ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Аудандағы жалпы 69 елді мекеннің 36 елді мекені табиғи газбен қамтылған, бұл аудандағы елді мекендердің жалпы санының 52,1 пайызын құрайды. Қалған газдандырылмаған 32 елді мекенді табиғи газбен қамту мақсатында Иіржар ауылдық округіне қарасты 9 елді мекеніндегі (Алаш, Наурыз, Азамат, Диқан, С.Рахимов, Шапағат, Азат, Иіржар, Мақтажан) ішкі газ жүйелерінің құрылыс жұмыстарына 2022 жылға бюджеттен 809,3 миллион теңге қаржысы қаралып, 2021 жылдан бастап құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жаңа жол және Ж.Нұрлыбаев ауылдық округтеріндегі жалпы 12 елді мекендеріне дейінгі жеткізуші газ құбырының құрылысына 2022 жылға бюджеттен 1 427,5 млн. теңге қаржы қаралып, 2021 жылдан бастап құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, қуаттылығы 50 мың текше метр-сағатты құрайтын «Мақтаарал» АГТС салу жұмыстарына 2022 жылға 919,6 миллион теңге қаржысы қаралып, 2021 жылдан бастап құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2022 жылға аудандық бюджеттен 37,0 миллион теңге қаралып, Мырзакент кентіндегі Жоба 1,2 көшелеріне және Пернебаев елді мекеніндегі 16 үйлерге газ жүйелерін салу жұмыстары жүргізілуде. 2022 жылға республикалық бюджеттен 379,8 млн. теңге қаржы қаралып, Ж.Нұрлыбаев және Жамбыл ауылдық округі елді мекендерінің жаңадан түскен көшелеріне электр желілерін жүргізу және КТП орнату жұмыстары қолға алынды. Аудандық бюджеттен 36,3 млн. теңге қаралып, Мырзакент кентіндегі Жақаев көшесіне, Атакент кентіндегі Жібек жолы, Замана, Би көшелеріне және А.Қалыбеков ауылдық округі, Жамбыл ауылындағы Т.Жанысбайұлы көшесіне электр желілерін жүргізу және КТП орнату жұмыстары жүргізілді.
– Аудандық маңызы бар және ауылдардағы ішкі көшелерді жөндеу және абаттандыру ісі қалай атқарылуда?
– 2022 жылы түрлі бюджеттерден бөлінген қаржыларға сәйкес жалпы 52,26 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендердің ішкі көшелері орташа және ағымдағы жөндеуден өткізілді.
Атап айтқанда, «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында Жамбыл, Береке, Қоңырат елді мекендерінде 316,8 миллон теңгеге ұзындығы 15,4 шақырымды құрайтын елді мекендердің 22 ішкі көшелеріне орташа жөндеу (асфальт төсеу) жұмыстары жүргізілді. Облыстық бюджеттен 74 млн. теңгеге ұзындығы 4,16 шақырымды құрайтын 4 ішкі көшенің орташа жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілді. Жергілікті бюджеттен құны 283 миллон теңгеге ұзындығы 20,74 шақырымды құрайтын елді мекендердің 21 ішкі көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жергілікті бюджеттен 15 миллион теңгеге ұзындығы 4,01 шақырымды құрайтын 6 ішкі көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді
– Жаңа жылға деген ізгі тілегіңізді айтсаңыз.
–Жаңа жылға айтар жақсы тілегіміз де, арман-мақсаттарымыз да көп. Алдағы жыл еліміз үшін жоғары қарқынмен дамитын берекелі, ырысты, несібелі жыл болсын. Халқымыздың әл-ауқаты жақсарып, әлеуметтік-экономикалық салада жоғары нәтижелерге қол жеткізейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Баршаңызға амандық, бақыт тілеймін. Егемен еліміз өсіп-өркендей берсін!
Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ.