“ҰЯДА НЕ КӨРСЕҢ, ҰШҚАНДА СОНЫ ІЛЕРСІҢ”…
Бүгінгі таңда аудандық әжелер алқасы қоғам өміріне белсене араласып, өскелең ұрпаққа әже өнегесін беру, ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды қайта жаңғыртып, жастардың санасына сің
іру мақсатында көптеген тағылымды шаралардың өтуіне ұйытқы болып келеді. Осы орайда аудандық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған “Әжелер алқасының” төрайымы ҚҰРБАНБАЕВА Шахзада Оразбекқызымен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Шахзада апай, бәрімізге белгілі, әлеуметтік желі қарқынды дамыған кезеңде қазіргі балалардың көпшілігі ұялы телефонға тәуелді. Бұл жағдай әже мен немеренің арасын алшақтатып жіберген жоқ па? Бүгінгі бала тәрбиесіне көңіліңіз тола ма?
– Бүгінгі таңда рухани құндылықтардың мәнін, маңызы мен ұлттық ерекшеліктерін, ұлттық сана сезіміміздің бағдар бағыттылығын өскелең ұрпаққа – немере-шөбересіне жеткізуші, дамытушы, әрине, әйел-ана. «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса-ас көп» деген ұлағатты сөз осыдан туса керек. Кең байтақ ұлы даланы мекендеген халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүр, тәлім мен тәрбие сабақтастығы бұрынғы өткен қасиетті Домалақ ана, Айша бибі, Нұрбике ханым, Айғаным, Ұлпан, Зере, Ұлжан сынды дана аналарымыздан қалған үлгі.
Қазіргі өскелең ұрпақтың ғаламторға тәуелділігінің артуы баршамызды алаңдатады. Әрине, заман ағымына қарай шектеуге де болмайды, өйткені, жаңа технологияны меңгергені дұрыс. Алайда, біз балаларымызды ғаламтордан келетін қауіптен қорғауымыз керек. Әлеуметтік желіні дұрыс пайдалануға үйретуіміз керек. Ал әже мен немере арасындағы қарым-қатынас балаға берілетін тәрбие дұрыс болса алшақтамайды. Үнемі пікір алмасып, көрген ертегілерін бірге талқылап, жақсы жағын көрсетуге тырысып, баламен жұмыс жасап отырса, жақсы нәтиже болады.
Біздің әжелеріміз аудандық ішкі саясат бөлімімен бірлесіп барлық мектептерде арнайы түзілген жоспарға сәйкес түрлі шаралар ұйымдастырып келеміз. Жас шыбықты қалай исең, солай өседі ғой. Иә, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, ата-ана тәрбиесі бала өмірінде үлкен із қалдырады.
– Өмірдің гүлі, өмірдің жыры – қыз бала тәрбиесі туралы не айтасыз?
– Халқымыз қыздарына төрден орын беріп, қонақ деп еркелеткен, парасаттылыққа баулып, еркін өсірген. Ерке қыз, иманды әйел, қасиетті ана солардан шыққан. Қазақтың батыл қыздары, ақын қыздары, ақылды қыздары ұлтты тәрбиеледі. Пәрәнжі кимеген, сөйте тұра еркіндік пен есерліктің ара жігін — ажырата білген. «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» деген мақалға қаншама философиялық ой сыйғызған. Яғни, қыз бала тәрбиесіне тек қана анасы ғана жауапты емес, бүкіл ауыл, ру жауапты болған. Дұрыс тәрбие алған қыз келін болғанда да үлкенді сыйлай біледі. Жалпы, бұл жағдайды бір жақты қарауға болмайды. Отырса опақ, тұрса сопақ қылатын енелер де жоқ емес. Жас келіннің білмегеннін үйретіп отыру керек деп есептеймін. Қазақ – басынан қандай нәубет өтсе де, қиын заман болса да ұрпағына ұлағатты тәрбие бере алған халық. Ұлтжанды ұл, қылықты қыз тәрбиелеген.
– Бүгінде жас аналар нәрестені бесікке салғаннан памперс кигізе салғанды оңай көреді. Әңгімемізді қазақтың қасиетті тал бесігіне қарай ойыстырсақ.
– Қазақтың бесігі баланың өміріне өте лайықты ойластырылып, шебер жасалынған дүние. Қазақ халқы «Бесіксіз үйде береке жоқ» деп өмірге келер сәбиді асыға күткен. Бесікке бөлеу рәсімін ауылдың қадірменді анасы іске асырған. Бесікке салушы бесіктің барлық жабдықтарын орын-орнына қойғаннан кейін, шашуға әкелген құрт, май, бауырсақты уыстап алып бесіктің түбек тесігінен төмен өткізіп, бесік астынан қолын тосқандарға үлестіріледі. Бұл дәстүр тыштырма деп аталады. Бесікті отпен аластап, әдемі, сұлу болсын деп, басына айна мен тарақ, көзден сақтасын деп тұмар, қайшыдай өткір болсын деп жастығының астына қайшы қояды. Бұл дәстүрдің мәні мен маңызы ерекше.
Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы бір сөзінде: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…» деген екен. Сәбидің таза, сымбатты болып өсуіне бесіктің тигізер пайдасы көп. Халық «Тәрбие тал бесіктен», «Төрде бесік тұрса төре де басын иеді» деген ұлағатты сөздерді бекер айтпаса керек.
– Қазіргі қоғамда жас отбасылардың ортақ тіл табыса алмай ажырасу жағдайлары жиі кездеседі. Бұл тіршіліктің қиындығына төзе алмаушылық па әлде рухани құндылықтардың жеткіліксіздігінен бе? Ардагер ұстаз ретінде сіздің ойыңыз қандай?
– Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз – ата-ана. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер балаға тек сөзбен дарымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. Ең бастысы, жастарға жақсылық пен жамандықты, ақиқат пен адасуды, әсемдік пен сиықсыздықты, әділеттілік пен әділетсіздікті, рұқсаттылық пен тыйым салушылықты, мәнді мен мәнсіздікті ажыратуға тәрбиелеу керек. Мысалы, кейбір қыздарымыз ашық-шашық киініп жүреді, немесе дөрекі, жаргон сөздерді айтқанда өзіне жарасымсыз екендігін сезінбейді де. Ер балаларымыздың да екі сөйлеп, жеңіл өсек-аяңға жақын болуынан қорқуымыз керек. Сол үшін жастарымыздың рухын көтеріп, еліміздің ертеңгі тізгінін қолдарына ұстатуға сенетіндей етіп тәрбиелеуіміз керек. Жастарды адалдықтың, ақиқаттың жолынан адастырмау, отбасы жауапкершілігін сезіндіру – бұл үлкендерге сын.
Осы орайда, Мақтаарал аудандық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған аудандық «Әжелер алқасының» атқарып келе жаткан жұмыстары жетерлік. Жастардың санасына ізгілік пен инабаттылықтың дәнін сеуіп, ибалы келін, көреген ана болуларына ықпал ету біздің парызымыз. Дегенмен, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін дәстүріміз жаңғырып, имандылыққа бет бұрған жастардың қатары артып жатқандығы көңіл қуантады. Кіріп келе жатқан Жаңа жыл әр отбасына қуаныш, бақ-береке әкелсін!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Ұлжанат Исмаилова.