0.6 C
Munich
Пятница, 13 декабря, 2024

ЕҢБЕКШІ ХАЛҚЫНЫҢ БӘРІ ЕҢБЕКҚОР

Оқылып жатыр

Мақтаарал ауданындағы Еңбекші ауылдық округінде он ұлттың өкілдері бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Ауыл әкімінің міндеттеріне ұлтаралық татулықты сақтап, тұрғындарды ынтымаққа ұйыстыра білу, жастарды еңбекке баулу, елді мекеннің заманауи талаптарына сай дамуына үлес қосу да кіреді. Біздің «үлгі етерлік ауылдарыңыз бар ма?» деген сауалымызға орай аудан әкімдігіндегі қызметкерлердің Еңбекші ауылдық округіне қарай жөн сілтеулері де мұндағы атқарылып жатқан жұмыстардың жүйелі екенін аңғартса керек. Ал, Еңбекші ауылдық округін Берік Агенов деген азамат басқарады.

Жалпы, ауылдық округ құрамында бес елді мекен болса, оларда 4 орта мектеп, 7 балалар бақшасы, 1 дәрігерлік амбулатория, 2 ФАП, 1 медициналық пункт, 1 кітапхана, 1 пошта бөлімшесі, 9 сауда нүктесі, 2 жанар-жағар май құю бекеті, 1 газ құю бекеті, 12 кәсіпкерлік нысан, 1 пластикалық есік-терезе жасайтын цех жұмыс істейді. Бұдан тыс 856 шаруа қожалығы бар.
Алты мыңға жуық тұрғынның негізгі күнкөрісі – ауыл шаруашылығы. Ауылдық округтің жалпы егістік көлемі – 5328 гектар. Былтыр еңбекшіліктер 3433 гектар алқапқа мақта, 1241 гектар бақша дақылын, 158 гектар жүгері, 166 гектар күріш, 31 гектар көк­өніс, 300 гектар жерге көпжылдық шөп еккен. Ауыл тұрғындары былтыр лизингпен он техника алып, игілігін көріпті. Оның үстіне жеңілдетілген бағамен 966 тонна жанармай, 120 тонна тыңайтқыш алған. Осының есебінен мол өнім алуға қол жеткізген. Ал, биыл еңбекшіліктер 5230 гектар мақта, 1300 гектар қауын, 150 гектар жүгері, 366 гектар күріш, 10 гектар қырыққабат, 210 гектар жоңышқа егіпті. Уақытымыздың тығыздығына қарамай егін алқаптарын аралап шықтық. Егін шығымы көңіл қуантады.
Еңбекшіліктер 3185 сиыр, 763 жылқы, 3567 қой-ешкі, 68 түйе, 7743 құс ұстайды. Тұрғындардың меншігіндегі малды жұқпалы аурулардан сақтау, оның алдын алу мақсатында 4 мал дәрігері халыққа қызмет етуде. Олар аса қауіпті энзоотиялық ауруларға қарсы ұдайы профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, аусыл, күл, қарасан, бразот ауруларының алдын алу және жою мақсатында вакцинациялау, қораларды зарарсыздандыру жұмыстары толық аяқталған.
– Жергілікті тұрғындар өздерін өздері мал өнімдерімен қамтамасыз етеді. Ет, сүт, айран, құрт, қымыран, қымыз, сары май, ірімшік әр үйден табылады. Бірақ, малды ұстау бар да, оларды жұқпалы аурулардан сақтау бар. Жаз күндері түрлі аурулар өршіп кетеді. Сондықтан біз мал дәрігерлерімен бірлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Тұрғындарға малына екпе жасатып, қора-қопсыларын таза ұстау керектігін ескертіп отырамыз. Бұл халықтың амандығы үшін керек, – дейді Еңбекші ауылдық округінің әкімі Берік Ерсейітұлы.
«Ауылына қарап, азаматын таны». Бұл – қай азаматтың да басқа ауылға барғанда есіне алатын бірінші тәмсілі. Арнайы барып қалған соң біз бес елді мекенді де аралап шықпаққа ниеттендік. Сонда байқағанымыз, барлық елді мекенде де көгалдандыру, көріктендіру және санитарлық тазалыққа барынша көңіл аударылады екен. Бұл бағытта ауылдық округ әкімінің көркейту, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарының іс-шара жоспары бекітіліп, жауапты адамдары айқындалған. Жыл басынан бері 21 рет сенбілік ұйымдастырылып, оған 1647 адам тартылыпты. Әр сенбілік сайын қоқыстар арнайы полигондарға шығарылады. Автожол жиектері мен аяқжолдар тазаланады. Ағаштар бұталып, қоршаулар, бордюрлер, электр бағаналары әктеліп, сырланады. Қазір ауыл тұрғындары «Азиз» және «Мырзакент – 2020» серіктестіктерімен келісімшартқа отырған. Ауылдық округтегі елді мекендерді белгіленген кестемен аралап, күл-қоқысты полигондарға тасиды. Биыл ауыл тұрғындары 4 гектар жерге 850 түп (оның ішінде 300 түп қарағаш, 150 түп аморфа, 50 түп туя, 200 түп терек, 150 түп акация) көшет отырғызған. Жасыл желекке мал түспес үшін олардың айналасы қоршалған. Тал-теректерді уақтылы суарып отыру да ұмыт қалмапты.
Жол жақсы болса, ауылдың ажарына ажар қосады. Бұл ретте де бірқатар жұмыстар атқарылғанын байқадық. Мәселен, Шұғыла ауылында асфальт төсеу жұмыстары толығымен бітіпті. Сонымен қатар, Т.Жайлыбаев ауылындағы Ү.Жандаров көшесі толық асфальтталған. Жантақсай ауылындағы А.Қолдасов көшесіне асфальт төсеу үшін 24 миллион 945 мың теңге қаралып, жұмыс басталғалы тұр екен. Енді Т.Жайлыбаев ауылындағы Желтоқсан, Қызылкүншығыс, Шұғыла ауылындағы Төлебай ата, Жантақсай ауылындағы Мерей көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Т.Жайлыбаев ауылындағы Желтоқсан көшесіне күн сәулесінен қуат алатын жарықшам орнатылған. Алаш, Бәйтерек, Астана, Достық көшелерінің тұрғындары өздері қаржы шығарып, жарықтандыру мәселесін шешіп алыпты. Бес елді мекенді газдандыру жұмыстары жалғасуда. Барлық елді мекен тұрғындары ауыз сумен толық қамтамасыз етілген.
Қазір ауылдық округ аумағынан құны 476 миллион теңге тұратын Мәдениет үйін салу басталып та кетіпті. Бұдан тыс Нұрлы таң және Шұғыла ауылдарынан жаңа ФАП салынбақ. Ауылдық округте былтырдан бері ана мен бала өлімі тіркелмепті. Ауыл тұрғындары медициналық тексеруден уақтылы өтіп тұрады. Сонымен бірге ауыл спортына да лайықты көңіл бөлінуде. Шағын спорт алаңшалары барлық ауылдан табылады.
Иә, Еңбекші ауылдық округінде бірыңғай еңбекқор адамдар тұрады. Мұны елді мекендерді аралағанда көзіміз анық жетті. Мұнда бос жүрген адам таппайсыз. Әркім өз ісімен әуре. «Атыңды бекер Еңбекші қоймапты» деп аттандық.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.

- Advertisement -spot_img

Басқа жазбалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisement -spot_img

Соңғы жазбалар