1.2 C
Munich
Суббота, 23 ноября, 2024

ӨМІРІ ӨНЕГЕ

Оқылып жатыр

БОЛМЫСЫ БӨЛЕК

ТӘРБИЕШІ

Бала жанының бағбанына айналған Жұмабаева Раушан Әбдрахманқызы қазіргі таңда Атакент кентіндегі «Бибіхан» балабақшасында жұмыс істейді.

Өмірін бала тәрбиелеу ісімен ұштастырған Раушан апай ұзақ жылдар бойы талай баланы балабақшадан ұшырып, тәлім-тәрбие беруде. Өз жұмысының қыр-сырын терең меңгерген тәжірибелі маманның адамгершілік болмысына балалар да, ата-аналар да риза. Өйткені, үнемі балалармен, ата-аналармен жүйелі жұмыстар атқарып келеді.
Жұмабаева Раушан Әбдрахманқызы 1958 жылы Атакент кентінде дүниеге келген. Свердлов атындағы жалпы орта мектебін бітіріп, Гүлістан педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Сырттай оқи жүріп, 1975 жылы еңбек жолын Свердлов совхозы, «Мақтажан» бөлімшесінде тәрбиеші болып бастайды. 2005 жылдан бастап «Мақтаарал» жалпы орта мектебінде мектепалды даярлық сыныбына мұғалім болып еңбек етеді. 2016 жылы еңбек демалысына шығады. Зейнет демалысында жүрсе де бала тәрбиелеу ісінен қол үзген жоқ. Ұрпақ тәрбиелеу ісін өмірімен байланыстырған мейірімді жанды балалар жақсы көреді.
– Балаға үнемі қолдау көрсету – менің ізгі ұстанымым. Бүлдіршінді күлімдеп қарсы алып, бар өнеріңді үйретіп бақытты етсең, өз ұлтыңды бақытты ету жолында тер төккенің. Бүлдіршіндермен өткізген әрбір сәтің қызықты. Бала жылулықты, көңіл бөлгенді жақсы көреді. Олармен жұмыс жасағанда да эмоцияны өзгертіп, түрлі әдістерді қолдану керек. Олай болмаса бала жалығады. Тәрбиеші баланы жан тәнімен сүюі керек. Алдымен рухани қуат беруі қажет. Мейірімділік, шыдамдылық, кешіре білу, баламен тең жағдайда сырласу, оның мүмкіндіктеріне сену, ойын әрқашан құлақ қоя тыңдау тәрізді қасиеттер әр тәрбиешінің бойынан табылу керек. Баланың балабақшадан жақсы тәлім-тәрбие алғанын қалаймын, сол үшін де аянбай еңбек етемін, – дейді тәжірибелі тәрбиеші Раушан Әбдрахманқызы.
Ал еңбек ардагері, Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы Аза Лазерева Раушан апай жайында былай дейді:
– Раушан Әбдрахманқызы елу жылға жуық балабақшада қажырлы еңбек етіп келеді. Мен оны жас кезінен бері жақсы танимын. Іріленген Мақтаарал ауданы кезінде де баспа беттеріне ол туралы мақалалар жарияланған. Раушан өз жұмысына тиянақты, жауапкершілігі жоғары, ізденімпаз, білікті маман. Адами жағынан болсын, қызметкер жағынан болсын, қарапайым әрі адал жан. Ол баламен балаша ойнап, баланың, ата-ананың көңілін тауып, жұмыс жасай алады. Кез келген істі уақтылы орындап отырады. Өзіндік пікірі бар, жайдары, нағыз өз ісінің маманы. Балаға қуаныш сыйлау үшін еш аянбайды. Баланы өзіне үйіріп алып, баламен балаша тілдеседі. Сабақ уақтысында түрлі әдістерді қолданып, баланың танымын кеңейтіп, ой-өрісін дамытады. Оның өткізген шаралары жоғары дәрежеде өтеді. Тың идеялар айтып, үнемі іздесте жүреді, – дейді.
Иә, бала тәрбиелеу жолында уақытпен санаспай еңбек етіп, бүлдіршін бойына барлық ізгі асыл қасиеттерді дарытып, білімді ұрпақ болып шығуына елеулі үлесін қосып келе жатқан жанды қалай дәріптесек те жарасады.
Раушан апай өзгелердің баласына білім мен тәрбие бере жүріп екі ұл, бір қызды дүниеге әкелген. Үшеуі де қорғаныс саласында абыройлы еңбек етіп жүрген азаматтар. Раушан апай ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немерелеріне тағылымды тәрбие беріп жүрген аяулы әже.
Раушан Әбдрахманқызының ұрпақ тәрбиелеу жолындағы еңбегіне толағай табыстар тілейміз.

Ұлжанат АСЫҚБАЙҚЫЗЫ.

- Advertisement -spot_img

Басқа жазбалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisement -spot_img

Соңғы жазбалар