МАҚТААРАЛДА АУДАН ӘКІМІНІҢ ДӘСТҮРЛІ ШЫРШАСЫ БОЛЫП ӨТТІ
Мақтаарал ауданының білім беру ұйымдарындағы оқушылар арасында аудан әкімінің 2022 жаңа жыл мерекесіне арналған салтанатты іс-шарасы «Жиделі-Байсын» салтанат сарайында болып өтті.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Балалар жылы» аясын қорытындылау мақсатында өткен іс-шараға жартылай және тұл жетім оқушылар, мүмкіндігі шектеулі оқушылар және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар қатысты.
Аудан әкімінің дәстүрлі шыршасы балалардың қуаныштарын еселей отырып, оларға ерекше көңіл-күй, шаттық сыйлады. Салтанатты шарада аудан әкімі м.у.а. Бейсенбай Төребеков мерекені ашып беріп, кіріп келе жатқан жаңа жылға арналған игі тілектерін білдіре отырып, мерекеге жиналған балаларға арнайы сыйлықтарын тапсырды.
«Қымбатты балалар! Жыл сайын жаңа жылды асыға күтетіндеріңізді мен жақсы білемін. Бүкіл әлемді жырға бөлеп, қуаныш, шаттығымен келетін ғажайып мерекемен баршаларыңды құттықтаймын! Бүгін сендер аудан әкімінің жаңа жылдық шыршасына қатысуға келдіңіздер. Баршаңа мерекелік көтеріңкі көңіл-күй, шаттыққа толы қуаныш тілеймін. Сендер Тәуелсіз Қазақстанның болашағысыңдар. Сондықтан, мектепте жақсы оқып, тәлімді, өнегелі тәрбие алу — сендердің басты міндеттерің. Келешекте кім білімді болса сол ұтады. Осы төменгі сыныптан бастап білімге негіз қалануы керек» — деді Бейсенбай Тасболатұлы.
Аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің ұйымдастырумен өткен шыршада бөлім басшысы Мұратбек Серікбаев, аудандық мәслихаттың депутаты әрі аудандық кәсіподақ төрағасы Алданияз Жолдасов, «Техас балы» ЖШС-нің директоры Б.Дүйсенбиев өз тілектерін білдіре отырып, оқушыларды жаңа жылдық сыйлықтарымен қуантты.
Ауданымыздағы халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпаздары болып жүрген өнерлі оқушылар өз өнерлерімен мерекенің сәнін келтірсе, аяз ата мен ақшақар балаларды шаттыққа бөледі.