1.1 C
Munich
Четверг, 21 ноября, 2024

ТӘУЕЛСІЗДІК – БАҒАЛАЙ БІЛГЕНГЕ ҮЛКЕН БАҚЫТ

Оқылып жатыр

ТӘУЕЛСІЗДІК – БАҒАЛАЙ БІЛГЕНГЕ ҮЛКЕН БАҚЫТ

           Қазақ даласы үшін сан ғасырлар бойы арман еткен және сол жолда құрбандықтарға душар болып, мақсатына айқын жеткен Тәуелсіздікке биыл 31 жыл толып отыр.
Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін тәуелсіздік ас­пан­нан түскен сый емес. Халқымыз бостандықты аңсап, Тәуелсіздікке зарығып жетті. Тәуелсіздік жо­лын­да еліміз аз қиыншылық көрген жоқ. Халқымыздың бостандыққа ұмтылысының және өшпес қайсар рухының арқасында тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл күнге дейін жет­кен ұмытылмас оқиғалар – ел бостандығын қорғау соғыстары мен ұлт-азаттық көтерілістердің та­ри­хы­мыз­да өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталатыны рас. Елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтауға хан-сұлтандар, ба­тыр­лар, қарапайым халықтың өзі де жанда­рын пи­да ет­кен.
Қазақ халқы үшін ежелден «Азаттық», «Бостандық» ұғымдарының маңызы тіптен бөлек. Талай соғыс, зұлмат, нәубет кезеңдер болды. Жүз жылға созылған Жоңғар шапқыншылығы кезінде Жәңгір, Тәуке, Абылай хандардың басшылығымен ат үстінде ұйықтауға мәжбүр болған қазақ батыр­лары соңғы демі қалғанша жаумен жұлқысты. Халқымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұла­ма» заманында да мойымады, болашаққа деген үмі­тін жоғалтпады. Азаттық қазақтың ежелгі арманы еді. Түлкі бұлаң тарихтың нешеме бұрылысында ел азаттығы үшін талай тарланның тақымының тері кеппеді. Бертін келе атасы Абылайдан қалған Ақ туды қолына алған қазақтың соңғы ханы Кенесары халқын бодандық қамытынан құтқару үшін атқа қонды. Бостан күндер бастан ауып, бодан күндер басқа түскен кер заманда да еркіндік пен елдіктен ешуақытта үмітін үзбеді. Кенесары азаттық үшін күресте айрықша қылыш сермеді. Ондаған жылдар бойы жау қолынан қаза тапқанша рухы асқақ есіл ер арыстандай арпалысты. «Ер қонысынан айырылса, ел ырысынан айры­лады» дейді дана халқымыз.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қазақтың ержүрек батырлары жауынгер бабаларымыздың даңқты жолын лайықты жалғастыра білді. Олар қазақтың қайсар мінезді, рухы биік батыр халық екенін дүние жүзіне дәлелдеп берді. Арын – байрақ, намысын — найза еткен Нүркен, Талғат, Бауыржан сынды батырлар қазақ елінің қаһармандығын аңызға айнал­дырды. Қазақ оғландары Ұлы Жеңіске зор үлес қосты.
Бабалардың бостандық аң­сап атқа қонған ұлы ерлігін Алматыда Алаштың өр мінезді ұл-қыздары Желтоқсан көтері­лісінде жаңғыртып, жаңа са­ты­ға көтерді. Желтоқсан көте­рі­лісі кеңестік империяның ша­ңырағын шайқалтып, керегесін күйретті. Ғылымда «Дәстүрлер са­бақ­тастығы» деген ұғым қа­лыптасқан. Сексен алтыншы жылғы көтеріліс кезінде көк түрктің қара шаңырағы бол­ған қазақ жерінде Алаш жас­тарының бойынан буырқанып шыққан бұла күш, бодандыққа қарсы жойқын бұлқыныс ең алдымен, ер жігіттің бойына ананың ақ сүтімен таралған ерлік дәстүрінің арқасында жүзе­ге асты.
Жүсіп Баласағұн бабамыздың: «Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла. Өз пайдаң соның ішінде», деген сөзін басшылыққа алған Алаш жастары кеңестік санаға төңкеріс жасады. Желтоқсанның зары санамызға өкініш, көңілі­мізге қаяу ұялатқанмен, бастысы – ТӘУЕЛСІЗДІК, ЕЛДІК мұратын мәңгі мұра етіп қалдырған, бодан­дықтың өзегіне шабылған соңғы соққы болды. Ерлік пен Елдік қасиетіміздің өзара тығыз бірлігі ұрпаққа – ұран, ұлтымызға ұйытқы бола берері анық. Бізді бұл күнге дейін жеткізген ұмытылмас оқиғалар – ел мен жер үшін соғыстар, ұлт-азаттық көтерілістер, ерлеріміздің қандай да болмасын ауыртпашылықты көтере білген, жасымайтын асқақ жігерлі рухы, қайтпайтын табандылығы – бүгінгі ұрпақ үшін өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталуға тиіс. Елдің тұтастығы мен тыныштығы – өмірін сарп еткен ерлер мен батырлардың өлшеусіз ерлігінің, асқақ рухының арқасында келді. Бұл қасиетті ерлік шежіресі – бүгінгі буын арқылы келер ұрпақтың бойына жастайынан сіңірілетін баға жетпес игілік. Осы өнегені, елжандылық, отансүйгіштік дәстүрді жастардың бойына дарыту, патриоттық рухта тәрбиелеу – бүгінгі таңда әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады. Өзінің жеке мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын жан жүрегімен сезінген адам нағыз бақытқа кенеледі» -деді.
Демек, Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс.
Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Біз бүгінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы.
Тәуелсіздігіміздің 31 жылдық мерейтойы тұғырлы, баянды болсын!

Үсенбай ТАҒАЕВ,
С.Мұқанов атындағы №40 жалпы орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

- Advertisement -spot_img

Басқа жазбалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisement -spot_img

Соңғы жазбалар