ЕРЖҮРЕК БАРЛАУШЫ
Түркістан облысының мақта шаруашылығы тарихы музейі әрдайым өңіріміздің тарихын, мәдениетін, батырларын дәріптеп, насихаттау жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл жолы Ұлы Отан соғысында ерлік көрсетіп, қаза тапқан Кеңес Одағының Батыры Федор Трофимович Нижурин жайлы болмақ.
Федор Трофимович 1913 жылы Ақмола облысының Ефремовка селосында туған. Соғысқа дейін Мақтаарал ауданының Политотдел ұжымшарында еңбек етті.
Ұлы Отан соғысы басталысымен Қызыл Әскерге шақырылды. Майданға 1941 жылдың қараша айында барады. Ленинград түбінде, Орталық және І-Украин майдандарында соғысады. Қызылтулы 214-Кременчуг Александрия атқыштар дивизиясына қарасты 309-дербес барлау ротасының взвод командирі, аға сержант Ф.Т. Нижурин 1945 жылғы қаңтарда болған кескілескен шайқаста айрықша көзге түсті. Висладан Одерге дейінгі бүкіл жол бойында Нижуриннің взводы жау қорғанысының аралық шептеріне барлау жасап, үнемі дивизияның алдында жүріп отырды. 17 қантар күні барлаушылар Братнишев-Нове-Цыкашев-Мыканув ауданында фашистермен айқасып, дивизия штабына он тұтқын-гитлершілерді әкелді. Олар жаудың тылынан маңызды мәліметтер берді. Келесі бір жолы дивизия Женяки-Коцин-Какава-Рыбно ауданына жақындағанда, аға сержант Нижуриннің взводына дивизия командирі жау артиллериясының атыс шептерін, сондай-ақ танкіге қарсы және жаяу әскерге қарсы құрған кедергілерін анықтап келуді бұйырды. Осы бір қиын тапсырманы да барлаушылар ойдағыдай орындады. Олар қолға түсірген «тіл» жау қорғанысының ішке қарай қанша жерді алып жатқаны жайлы бағалы мәлімет хабарлады. Барлаушылардың ерлігі мен тапқырлығы дивизияның жауынгерлік тапсырманы мүлтіксіз орындауына пайдасын тигізген. 25 қаңтарда Нижуриннің барлаушылары шегінген жауды өкшелей отырып, Ланге елді мекені ауданында Одерге бірінші болып кірді. Түнде Федор Нижурин бір топ барлаушымен жау жатағына өтіп, үш гитлершіні тұтқынға алды. Олардың көрсеткен дерегі Одерді кешіп өту ісін жеңілдетті.
Өзенді кешіп өту кезінде Нижуриннің взводы одан бірінші болып өтіп, 128,2-биіктікті басып алды. Фашистер бұл ержүрек жандарды биіктіктен тайдырмақ болып, олардың плацдарм құруына мүмкіндік бермеу үшін өршелене қайта-қайта шабуыл жасады. Гитлершілердің саны да, қару-жарақтары да барлаушылардан әлденеше есе басым еді. Қарша оқ боратқан артилерия мен минометтің куатты қолдауымен жау-Нижурин взводының жауынгерлеріне карсы он бір рет тап берді. Бірақ соның бәрінде де маңдайларына соққы тиіп, кейін шегінді.
1945 жылы 3 наурызда ержүрек барлаушы Ф.Т.Нижурин кезекті жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде қаза тапты. Шабуыл кезінде барлау жұмысын шебер жүргізгені үшін, жаумен шайқаста тапқырлық, ерлік пен батылдық көрсеткені үшін Федор Трофимович Нижуринге 1945 жылы 10 сәуірде Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен батырымыздың ерлігі ұмытылмақ емес.
С.САМЕТОВА,
Түркістан облысының мақта шаруашылығы тарихы музейінің кіші ғылыми қызметкері.