Қазақ халқы қашаннан «Қариясы бар ел – қазыналы ел» деп, ақылын айтар абызын, батасын берер данасын ардақтаған. Ұлттық тәрбиенің темірқазығы саналатын үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – халқымыздың қастерлі ұстанымдарының бірі. Осы орайда, мектебімізде адамгершілік пен рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында 1 қазан – Қарттар күніне орай «Қария – елдің тірегі, ұрпақтың жүрегі» атты тағылымды ашық сабақ өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушыларды ұлттық тәрбиеге баулу, үлкендерді сыйлауға, ақсақалдардың өмірлік тәжірибесінен өнеге алуға үйрету. Сабақ барысында оқушылар «Қариялар – қазынамыз» атты бейнесюжетті тамашалады. Бұл бейнежазбада ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты аналардың өмірден түйген тағылымды кеңестері, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарымыздың маңыздылығы кеңінен баяндалды. Оқушылар өздерінің жүрекжарды лебіздерін, ата-әжелеріне арналған арнау өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Сабақ барысында мұғалімдер мен оқушылар арасында пікір алмасу да ұйымдастырылды. Қариялардың ел ішіндегі беделі, ел бірлігін сақтаудағы рөлі, ұлттық салт-дәстүрдің сақталуына қосқан үлесі туралы терең талдау жасалды. Әсіресе, әр оқушы өз отбасындағы үлкен кісілер жайлы әңгімелеп, олардың өмір жолынан үлгі алып отырғанын айтты. Бұл тағылымы мол ашық сабақ – жастардың бойына ізгілік пен инабаттылық, үлкенге құрмет, тәлім мен тәрбие сіңірудің жарқын үлгісі болды.
Гүлнұр ҚАДЫРҚҰЛОВА,
Я.Есенбеков атындағы №59 ЖББМ бастауыш сынып мұғалімі.