Жыл сайын ақпанның бірінші бейсенбісінде барлық елдер 2005 жылы Будапештте (Венгрия) сайлауды ұйымдастырушылардың Бас конференциясында сайлау органдарының кәсіби мерекесі ретінде бекітілген және Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Дүниежүзілік сайлау күнін атап өтеді. Биыл мереке 6 ақпанға сәйкес келді. Мақтаарал аудандық аумақтық сайлау комиссиясы атаулы мереке қарсаңында Қазақстан Республикасының сайлау жүйесі мен сайлау заңнамасын насихаттау мақсатында іс-шаралар жоспарын жасап бекітті.
Арнайы бекітілген іс-шаралар жоспары аясында Мақтаарал аудандық аумақтық сайлау комиссиясында «Ашық есік күндері» өтіп, сонымен қатар сайлау комиссиялары мүшелерінің қатысуымен білім беру мекемелерінде оқушылармен «Сайлау және сайлану Конституциялық құқық» тақырыбында кездесулер өткізіледі. Мұндай кездесулердің мақсаты – болашақ жас сайлаушыларға сайлау заңнамасының талаптарын, құқықтарын түсіндіру және жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыру болып табылады.
Дүниежүзілік сайлау күніне орай бекітілген іс-шаралар жоспарының шеңберінде саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер мен БАҚ-өкілдерінің, мәслихат депутаттары мен аудан жастарының қатысуымен “Дөңгелек үстелдер” ұйымдастырылып өткізіледі. “Дөңгелек үстелде” ауданымызда өткен сайлау науқандарының өту барыстары, алдағы уақыттағы өтетін сайлау науқандарына дайындықтар талқыланады. Сонымен қатар комиссия мүшелері ауданымыздың мүмкіндігі шектеулі азаматтарының сайлау учаскелеріне кедергісіз кіріп шығуына жасалған сайлау учаскелері орналасқан үй-жайлардағы қолайлы жағдайлармен таныстырып, саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың байқаушылары мен үміткерлерлердің сенім білдірген азаматтарының құқықтары мен міндеттерін түсіндіріп өтті.
Бұл күн азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз етуге және сайлау процестерін жетілдіру проблемасына жұртшылық назарын аударуға арналған. Сол сияқты әлемдік демократия процесін нығайтуға, сайлау туралы түсінікті кеңейтуге және сайлаушылардың дауыс беруге қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Бұл күннің мақсаты — тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихымен тығыз байланысты еліміздің сайлау жүйесінің қалыптасу және даму кезеңдері туралы жұртшылықты ақпараттандыру, сайлаушылардың электоралдық белсенділігін арттыру және жас сайлаушылар арасында демократиялық құндылықтарға деген ұстанымын қалыптастыру.
Мақтаарал аудандық аумақтық сайлау комиссиясы ауданымыздың барлық азаматтарын осы мерекемен құттықтай отырып, біздің қоғамның сайлауы – мықты азаматтық қоғамы бар демократиялық құқықтық мемлекеттің ажырамас бөлігі екенін түсіне отырып, әрқашан демократияландыру және демократиялық құндылықтар жолымен дамуын тілейді.
Дәулет ЕРІМБЕТОВ,
Мақтаарал аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы.