13.3 C
Munich
Вторник, 14 октября, 2025

ҒАСЫРЛЫҚ БЕЛЕС

Оқылып жатыр

МЫРЗАШӨЛ ӨҢІРІНДЕГІ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫНА  – 100 ЖЫЛ ТОЛДЫ

1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін негізінен қазақтар тұрған Мырзашөлдегі  Иіржар болысы Ташкент уезінің он болысымен, Мырзашөл уезінің екі болысымен, Самарқан облысының алты болысының құрамына қаратылды. Түркістан өлкесінде  Кеңес өкіметі орнаған соң, бірнеше айлардан кейін 1918 жылдың бас кезінде  Халық шаруашылығы Жоғары Кеңесінің жанынан Мемлекеттік құрылыс комитеті құрылып, оған басқа міндеттермен бірге су шаруашылығы жүйелерін де салу тапсырылды.

 

Халық шаруашылығы Жоғары Кеңесі арнайы Декреттің жобасын әзірлеп, оны В.И.Лениннің төрағалық етуімен өткізілген осы Кеңестің төтенше комиссиясы мәжілісінің қарауына ұсынды. Мәжілісте Мырзашөл және Дальверзин алқаптарын, Шу және Зарафшан өзендерінің бойын игерудің бағдарламасы мақұлданып, оған қаржы табу, ирригациялық жұмыстар бас басқармасына жетекші мамандар іріктеу мәселелері егжей-тегжейлі қаралды. Соның нәтижесінде 1918 жылы 17 мамырда В.И.Ленин Түркістан өлкесін суландыруға 50 миллион сом қаражат бөлу және осы жұмыстарды ұйымдастыру туралы Декретке қол қойды.

Бұл кезде Мырзашөл уезіне Романов, Иіржар, Славян, Сырдария, Черняев (Қауас), Бекабат және Дальверзин болыстары қаратылып, 65 ауыл, село мен қыстақ бой көтерген болатын. 1918 жылдың соңында осы аймақтың барлық елді мекендерінде Кеңес өкіметі орнатылып, жергілікті кеңестерге сайлау өткізілді. Отырықшылыққа бейімделе  бастаған Сырдария облысындағы Иіржар болысының көшпелі малшы қазақтары көптеген қиыншылықтарды жеңе отырып Мырзашөл даласына орнығып, егіншілікпен айналысуға кірісті. Олардың күшімен қазіргі «Мақтаарал» шаруашылығы орналасқан жерде 1919 жылы ұзындығы 9,5 шақырым болатын канал қазылды.

Мемлекетте жүргізілген жаңа экономикалық саясатқа байланысты (НЭП) 1922 жылы Мырзашөл өңірінде игеріліп жатқан жаңа жерлерді жалға алуға рұқсат етілді. Түркістан мақта комитеті Мырзашөл жерлерін жалға алушыларға несие қаржы бөле бастады.

1922 жылы 23 желтоқсан Түркістан Республикасы Жер Халық Комиссариаты (Комиссар М.М.Бушев) мен Грузин КСР-нің экономикалық өкілдігінің арасында Сырдария облысына қарасты Мырзашөл уезінің Иіржар болысының аумағынан 11 918 гектар (10 мың десятина) жерді жалға беру туралы  келісім-шарт жасалды.  Грузин КСР-і бұл жерлерді суландырып, игеріп, мақта және басқа  да ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіріп, өндіруге міндеттеме алды. Он бес жылға жалға алған жерде жаңа шаруашылық «Грузинская аренда» немесе «Грузаренда» құрылды. Алайда, үлкен ауқымды жұмыстарды атқаруға «Грузаренданың» мүмкіндігі мен шама-шарқы жетпеді. Құрал-жабдықтардың тапшылығынан, жұмыстардың нашар ұйымдастырылуының салдарынан және де ауа-райының қаталдығынан (жазда аптап ыстық, ал қыста суық ауа-райынан таулы аймақтың адамдары жергілікті климатқа үйрене алмады) үлкен алқапты өз күшімен  игере алмайтын болғандықтан бұл мекеме шаруашылық жерлерінің көптеген бөліктерін мақта егіп, жинау үшін жергілікті халыққа жалға беруге мәжбүр болды. Осындай себептерден «Грузаренда» шаруашылығының  көрген пайдасынан гөрі шеккен шығыны көбейіп кетті. Екі жылдың ішінде  зиянға белшесінен батқан шаруашылық басшылары 1924 жылдың соңғы айларында жалға алынған жерлерінен бас тартып, Түркістан Мақта комитетіне кері қайтарып берді.

1924 жылы 1 қарашасында Түркістан Мақта комитетінің арнайы бұйрығымен бұрынғы «Грузаренданың» негізінде сол пайдаланып келген жерлердің есебінен «Мақтаарал» тұқымдық мақта шаруашылығын құру жөнінде  шешім қабылданды. Қазақ жерінде мақта өндіретін ірі шаруашылық болғандықтан «Мақтааралға» сол кездегі Республика басшылығы ерекше назар аударып отырды. Түркістан Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Т.Рысқұлов, Түркістан Республикасының Жер Халық Комиссарының орынбасары М.Рыкунов, Түркістан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің жауапты хатшысы А.Розенблюк Мырзашөл уезін  аралап «Мақтаарал» мақта шаруашылығының жағдайымен танысты. М.М.Бушуевтің (ғалым  әрі Түркістан  Республикасының Жер Халық Комиссары) бастамасымен «Мақтаарал» мақта шаруашылығында 1927 жылы Мырзашөл тәжірибе станциясы (Бұл станция 2000 жылдары ҚР Мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты болды) құрылды.

«Мақтаарал» кеңшарында 1925 жылы алғашқы бастауыш (ячейка) партия комитеті құрылды. Бастауыш партия ұйымында бес коммунист болды, оның ең бірінші хатшысы болып А.С.Добровольский сайланды. Кеңшарды құрушылардың қатарында даңқты «Варяг» крейсерінің матросы Федор Федорович Семенов та бар еді. Ол поселкада селолық кеңестің төрағасы болды. Ф.Ф.Семенов – Украинада, Қырымда, Кавказ бен Орта Азияда Кеңестік билікті құру үшін күрескен азамат еді.

Кеңшар құрылған кезден бастап жұмысшылар комитеті (кәсіподақ ұйымы) құрылып, оның ең алғашқы төрағасы болып Якуб Тазетдинов сайланды. Кәсіподақ ұйымы кеңшар коммунистерінің қолдауымен тың игерушілердің (жұмысшылардың) арасында тынбай көпшілік жұмыстарын жүргізді.  Сондай-ақ, кеңшар жұмысшылар комитеті заңды тұлға ретінде кеңшар басшылығымен ұжымдық шарт (коллективный договор) жасап отырды. Бұл ұжымдық шартта еңбек етудің (условия труда) жағдайлары, жұмысшылардың тұрмыс жағдайлары (условия быта) мәдени-көпшілік жұмыстары, еңбекті қорғау мен техника қауіпсіздіктері толық қамтылған.

«Правда» газетінің 1931 жылғы 15 сәуірдегі санында «Саяси жұмыстар атқаруда тәжірибе алмасайық» рубрикасында – «Мақтаарал» кеңшары 8 хуторды біріктіреді. Әр хуторда бастауыш (ячейка) партия ұйымы, жұмысшылар комитеті (рабочком) мен хутор меңгерушісі бар. Науқандық (сезонная) жұмыстар кезінде партия ұйымы мен жұмысшылар комитеті қызу саяси ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді» деген мәлімет бар.

Сол жылдары ерекше өзін көрсеткен коммунистер қатарында Дмитрий Сергеевич Корякин де бар еді. Ол 1915 жылдан Коммунистік партия мүшесі, Ұлы Қазан төңкерісінің қатысушысы. Ұлдары – Федор, Михаил, Николай және Павелмен 1924 жылы алғашқы күннен бастап кеңшар құрылысшылары арасында  болды. Барлығы құрылысшылар, барлығы кәсіподақ мүшелері болған. Дмитрий Сергеевич 1929 жылдан хутор меңгерушісі, 1935 жылдан тұқым шаруашылығы (семеноводства) меңгерушісі болды. Үлкен ұлы Федор Дмитриевич Корякин бригадир, кейін жұмысшылар комитетінің төрағасы, Ұлы Отан соғысына аттанып, ерлікпен қаза тапты. Әкесі Дмитрий Сергеевич 1938 жылы қайтыс болған еді.

1925 жылдан 1933 жылға дейін «рабочком» төрағасы болған Якуб Тазитдинов кәсіподақ ұйымының толыққанды өз дәрежесіне көтерді. 1932 жылы кәсіподақтың 150 мүшесі болды. Кәсіподақ (рабочком) комитетінің төрағалары болып, А.Шельджанов, С.Н.Сажнов, Г.А.Трофименко, Ш.Абдуровтар болды. Бұл төрағалар: социалистік жарысты ұйымдастыру мен еңбек тәртібін сақтау, мәдени-тұрмыстық жағдайларын жақсарту және мәдени-ағарту – кітапханалар, клубтар, спорт алаңдарының, сауда мекемелерінің жағдайларын жақсартумен ұдайы үлкен жауапкершілікпен айналысты.

Уақыт өте кеңшар кәсіподақ ұйымының мүшелерінің саны артып 14 бастауыш  ұйымдарында 2 700 кәсіподақ мүшесі болды. Кәсіподақ ұйымының басшылығында, қатысуында кеңшар жұмысшыларының белсенділігін арттыруда коммунистік сенбіліктер (субботниктер) үлкен роль ойнады.

Екіншіден, «Екпінділердің» (Ударников) 1930 жылдардағы қозғалысына белсенді қатыстыруды ұйымдастырды. Осы аталған жұмыстардың арқасында кеңшар жұмысшыларының 70 пайызының қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуына қол жеткізілді,

Үшіншіден (үшінші этап) Стахановшылардың қозғалысына атсалысу. Ұлы Отан соғысы кезінде «Барлығы да майдан  үшін!», «Майдандардағыдай еңбек етейік!» деген ұрандарға кәсіподақ ұйымдары ұдайы ұйытқы болып отырды.

Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары кәсіподақ ұйымы «Коммунистік еңбек екпіндісі» (Ударник коммунистического округа) жарысына кеңшарда 1532 кәсіподақ мүшесі, 40 бригада, 4 ферма, 6 гараж қатысып, 821 «Коммунистік еңбек екпіндісі», 9 бригада, 2 ферма, 4 гараж жеңімпаз атанды.

Кеңшар жұмысшылар комитеті өзінің бір отырысында социалистік жарыстың шартына өзгерістер енгізіп, бұдан кейінгі жеңімпаздарды анықтауда атқарылған жұмыстардың көлеміне және оның  сапасына және жұмсалған шығындар мен өзіндік құнының төмендеулерін басшылыққа алатын болды.

Кәсіподақ комитеті кеңшар басшылығы, партия және комсомол комитеттерімен бірге ұдайы кеңшардағы клубтардың, кітапханалардың, көркем-өнерпаздар үйірмелерінің, физкультура-спорт коллективтерінің, қабырға газеттерінің, бейнелеу (сурет салу) мектепке дейінгі тәрбие-балалар бақшаларының коллективтерінің арасында конкурстар мен жарыстар ұйымдастырып отырды.  Кәсіподақ ұйымының бастамасымен кеңшарда «Үздік шофер», «Үздік сауыншы», «Үздік шошқашы» т.б. атақтар беріліп тұрды. Мұндай атақтар 75 жұмысшыға беріліп, «Құрмет тақтасына» суреттері ілінді. 1974 жылға дейіін кеңшарда 400 жұмысшының әрқайсысы осы кеңшарда 30 жылдан артық еңбек еткен еді.

Жұмысшылардың жанқиярлық еңбектерінің арқасында «Мақтаарал» кеңшар-техникумы (Өзбек КСР-нің Азық-түлікпен қамтамасыз ету министрінің 1964 жылғы 15 қыркүйектегі  бұйрығымен 1965 жылдың 21 қаңтарынан бастап «Мақтаарал» кеңшар-техникумы болып аталған болатын) 1967 жылы Ленин орденімен марапатталды. Кеңшарға Ленин орденін тапсыру үшін Өзбек КСР-і Жоғары Кеңесінің Президум Төрағасы Ядгар Садыковна Насрединова арнайы келіп, кеңшардың Туына тағып кетті. Марапатты тапсыру салтанатында сол кездегі Сырдария облыстық партия комитетінің І-ші хатшысы Насыр Махмудов қатысқан. Бұл шараға сондай-ақ, аудан басшыларымен және аудандағы Социалистік Еңбек Ері Ұлтай Ділдәбековамен бірге Социалистік Еңбек Ері Ленник Клавдия Прохоровналарда қатысқан. Бұл жетістіктер бойынша мақала «Правда» газетіне де шыққан.

1974 жылға дейін кеңшар бойынша 9 қызметкерге Социалистік Еңбек Ері атағы берілсе, Қыстаубай Аманов ағамызға 1981 жылдың 19 ақпанында Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, барлығы 10 адам Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Кеңшардың басшы мамандарынан бірнешеуі ауыл шаруашыығы  ғылымдарының кандидаты атағын алды, олардың бірнешеуі докторлығын да қорғады. Кеңшардың бас инженері Тикменов, техника ғылымдарының кандидаты атағын «Мақта теретін комбайндардың мақта теретін аппаратурасы бойынша және пневмоподворщик аппаратурасымен бір мезгілде мақта  қауашақтарының жерге түсіп қалған қалдықтарын жинайтын қондырғыны» ойлап тапқаны үшін алды. Оның бұл жаңалығын Орта Азия бойынша мақта теретін комбайндарды шығаратын  «Ташсельмаш» зауыты іске асырды.

«Мақтаарал» кеңшарының Ұлы Отан соғысындағы ерлік көрсеткен азаматтарының төртеуі Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Кеңшардың бұрынғы мақта бригадирі Төлеген Әбдібеков соғыста Панфилов атындағы №8 гвардиялық атқыштар дивизиясының мергені (снайпері) болып, 325 фашистің көзін жойса, тракторшы Василий Гусев Днепр өзенін жүзіп өтіп қарсы беттегі  неміс бекіністерін басып алғаны үшін, кеңшардың ауыл шаруашылығы мамандарын  дайындайтын (СПТУ) училищесінің қос түлегі – Игорь Воробенко мен Михайл Егоровтар ұшқыштар дайындайтын училищені аяқтап, екеуі де ұшқыштар қатарында неміс-фашистердің 35 ұшағын жойғаны үшін Кеңес Одағы Батыры атақтарын алды.

Соғыс аяқталып, 1945 жылдың қара күзінде «Мақтаарал» кеңшарының 6 бөлімшесінің аумағында Жапониямен болған соғыста тұтқынға түскен жапон солдаттарына арналған тұтқындар лагерлері болды. Алғашқы қыста лагерь ғимараттары болмай, тұтқындар қозапаялар орып, жоба-жоба кепелер салып қыстап шыққан деуші еді қариялар. Жергілікті халық Жапонияның елімізге келтірген залалдарының аз екендігін түсініп, жапон тұтқындарының көбінің жағдайлары ауыр екендігін естіп, өмірден өтіп жатқандарын көре отырып адами тұрғыдан аяушылықтар танытқаны да белгілі.  Өздерінен артылған айраннан жасалған құрттарын оларға лақтырған. Алғашында оларбұл қылықты өздерін ұрып жатыр деп түсінген. Лагерь ішіндегі шаруашылық жұмысында істейтін жергілікті азаматтардың ымдап түсіндіруімен ұғып, сол құрттармен жүрек жалғаған. Оларда өздеріне берілген нандарын үнемдеп, лагерь сыртына лақтыратын болған екен. Шаруашылық қызметіндегі тұрғындар арқылы олар мүмкіндігі болса құрбақаларды лақтыруды сұраған. Құрбақа олардың тағамдарының құрамында болса керек. Ол кезде «сбростар», арықтар, көлшіктерде  құрбақа есепсіз болған, жас балалар ұстап келіп, лақтырып тұрған екен.

Ұлы Отан соғысында ерлік  көрсеткен батырлардың Социалистік Еңбек Ерлерін және барлық кеңшар азаматтарын еңбек сүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеуде, яғни үгіттеуде кеңшардағы партия, комсомол комитеттерімен бірге кәсіподақ ұйымдарының еңбегі көрініп-ақ тұр. Кеңшардың кәсіподақ (рабочком) комитетіне үлкен саяси жүктеме болған: біріншіден кеңшарға мақта шаруашылығын дамытуға үлес қосамыз деп 1950 жылдардан кейін Болгарияның Дмитрев атындағы Жастар одағының (олардың комсомолдары) келіп бірнеше жыл қоян-қолтық еңбек етеді. Оларға тұрмыстық-коммуналдық, мәдени-көпшілік, медициналық, спорттық іс-шаралардың барлығын ұйымдастыру негізінен  кәсіподақ комитетіне жүктеледі. Бұған қосымша Мәскеудегі Патриус Лумумба атындағы Халықтар достығы университетінің – Азия, Африка, Латын Америкасының мақта өндіретін аймақтарынан келген студенттер өндірістік практикаларын «Мақтаарал» кеңшарының мақталық даласында өткізетін. Оларға арналып кеңшардың «Коминтерн» бөлімшесінде екі қабатты үлкен ғимарат салынып, барлық қолайлы жағдайлар жасалған еді. Бұл жұмыстар да негізінен кәсіподақ  комитетінің мойнында болды ғой.

Осы кезеңде  кеңшарға ерлі-зайыпты маман гидротехниктер келеді. Өзінің ұйымдастыру-көпшілік саяси жұмыстарымен көзге түскен Каменова Елена Яковлевна «рабочком» (кәсіподақ комитеті) төрағасы болып сайланады. Сондай-ақ, Елена Яковлевна кеңшардың комсомол комитетінің хатшысы да болған еді. Ең саяси жауапты кезеңде Елена Яковлевна ұзақ жылдар кәсіподақ ұйымын басқарды.

Мақтаарал кеңшарының жетістіктерін көріп, кеңшар жұмысшыларымен кездесуге КСРО басшысы Н.С.Хрущев 1962 жылдың 21 қазанында  келді. Сонымен қатар, шетелдік делегацияларда ұдайы келіп тұрды. Египет мемлекетінің  басшысы Абдель Насер және кубалық мақташылар т.б. елдерден делегациялар келетін. Әлемдік деңгейдегі ұлы ақын-жазушылар –   Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов пен Олжас Сүлейменовтер арнайы келген. О.Сүлеймеов – «Это не голодная степ, Это наоборот госпожа степь!» деп атап кеткен. Өзбек КСР-нің құрамында болған жылдары Шараф Рашидов пен басқа да республика басшылары осы аймаққа келіп тұрған  екен.  Ал өңір Қазақ КСР-нің құрамына қайтарылған соң Республика басшысы Дінмұхамед Қонаев бірнеше рет келді. Бұл басшылардың келуі қоғамдық ұйымдарға үлкен жауапкершіліктер жүктеді. Осындай саяси-қоғамдық жұмыстарды кеңшардың кәсіподақ комитеті ұдайы жоғары деңгейде атқарып отырды.

Мақтаарал ауданы бойынша 10 шаруашылықта  (4 ұжымшар, 6 кеңшар) кәсіподақ коомитеттері 1977-1978 жылдары түгелдей  штаттық негізде төрағаларын сайлап алды. Мақтаарал аудандық  партия комитеті (І-ші хатшысы Уәлихан Сүлейменов) кәсіподақ комитеттерінің  штаттық кадрларын іріктеу мен  тағайындауға үлкен жауапкершілікпен қарады. Мақтаарал аудандық  ауыл шаруашылығы кәсіподақ  комитетінің төрағаларына – ұзақ жылдар партия органдарында тәжірибе жинақтаған аудандық партия комитетінің жалпы бөлімін басқарған Шарипов Қадыр Темирболатұлын, Чужков Николай Арсенович, аудандық  партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің   меңгерушісі болған  Темірхан Иманбердиев, аудандық партия комитетінің партиялық-ағарту кабинетінің меңгерушісі, одан кейін ұзақ жылдар  кеңшарларда партия комитетінің хатшысы болған Жамалбек Ақылбековтерді жіберіп отырды. «Мақтаарал» кеңшар-техникумының жұмысшылар комитетінің төрайымы Каменова Елена Яковлевна, «Свердлов»  атындағы кеңшарда Каченова Лидия Петровна, «Славянка» кеңшарында  Егізбай Исмайлов, «Новый путь»  кеңшарында Гулин Борис Григорьевич, «Коммунизм» кеңшарында  Құрбанбай Сейітов, Жеңіс кеңшарында  Әлиакбар Ерімбетов, Жамбыл ұжымшарында Алтынбек Ботабаев, «Ленин жолы» ұжымшарында Мықтыбек Жолдасбеков, «Алғабас» ұжымшарында Алдыбаев, Абай ұжымшарына Қасымбек Хаметовтарды аудандық партия комитетінің бюросында  талқылап, ұсынған.  Аудандық білім саласының кәсіподақ комитетіне Кнышов Игорь Антоновичті, мемлекеттік  қызметкерлердің аудандық комитетіне Тұрдыкүл Нусипованы ұсынған еді. Жоғарыда аталған кәсіподақ  комитеттері төрағаларының барлығы  белгілі бір кезеңдерден кейін  партия қызметтеріне көтерілсе, баршамасы ұжымшар және де  үлкен  мекемелерге  басшылық жұмыстарға  көтерілді. Н.А.Чужиков – «Мақтаарал» кеңшар-техникумы партия комитетінің хатшысы, Темірхан Иманбердиев «Славян» кеңшары  партия комитетінің хатшысы, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, Качанова Лидия Петровна аудандық атқару комитетінің бөлім басшысы, Құрбанбай Сейітов Жамбыл ұжымшарының төрағасы, Алиакбар Ерімбетов «Жеңіс» кеңшары партия комитетінің хатшысы, Алтынбек Ботабаев «Свердлов» атындағы кеңшар партия комитетінің хатшысы, Мықтыбек Жолдасбеков «Ленин жолы» ұжымшарының төрағасы, Қасымбек Хаметов Абай атындағы   ұжымшар төрағасы, әкімшілік басқару жүйесі өзгерген кезінде Жетісай, Мақтаарал аудандарының экономика, өнеркәсіп және байланыс-тұрмыстық коммуналдық қызметтер бойынша аудан әкімінің орынбасары, іріленген Мақтаарал ауданы Мәслихатыныңң хатшысы, іріленген Мақтаарал ауданының әкімі қызметтерін атқарды.

Жоғарыда аты аталған кәсіподақ ұйымдарында тәжірибе жинақтаған азаматтардың аудан экономикасына, саяси-мәдени өмірлеріне белсене араласқанын көріп отырсыздар.

1967-1977 жылдары Мақтаарал ауданы жас, іскер, таза, жоғары саналы азаматтардың  басқаруында  «Аудандық партия комитетінің І-ші хатшысы Уәлихан Сүлейменов, аудандық  атқару комитетінің төрағасы, өте тәжірибелі басшы Төретай Үкібаев, ауыл шаруашылығы кәсіподағы комитетінің төрағасы Қадыр Шарипов, аудандық комсомол комитетінің І-ші хатшысы Кенжебек Бөриевтер болды.

Аудандық партия комитетінің І-ші хатшысы У.Сүлейменов «Социалистік Еңбек Ері» атағына екі рет ұсынылды, бірақ Мәскеудің шешімімен (мүмкін жасы жас қой деген шығар, Ленин орденімен шектелді) аудандық Атқару комитетінің төрағасы «Еңбек Қызыл Ту» орденін алды. Аудандық комсомол комитетінің І-ші хатшысы КСРО бойынша аудандық комсомол комитеттерінің арасында бірінші болып «Құрмет белгісі» орденімен, аудандық ауыл шаруашылығы кәсіподақ  комитетінің төрағасы Қадыр Шарипов «Ерен еңбегі» медалімен 1967 жылы («Ұлы Қазан төңкерісінің  50 жылдығы» тойланған жылы)  Мақтаарал ауданы КСРО бойынша мақта өсіретін, дайындайтын аудандардың ішінде алғаш рет 15-16 күнде мақта жинаудың жылдық жоспарын орындап, ең жоғарғы көрсеткіш – 90 мың тонна шитті мақта тапсырып, гектар өнімділігін әр гектарынан 31,0 центнерден өнім жинаған еді.

Мақтаарал ауданының 100 жылға жуық тарихында, бүгінге дейін қайталанбаған еңбек  жеңісі еді. Бұл кезең Мақтаарал ауданының «Алтын ғасыр» дәуірі еді. Осы «Алтын ғасырды» жасаған азамат ағаларымыздың саны санаулы-ақ қалды. Алтын дәуірді жасаған жасаған ел ардақтыларының бірі – ұзақ жылдар «Мақтаарал» кеңшарының партия комитетінің хатшысы, 15 жыл аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болған, кейін 9 жылға жуық «Новый путь» кеңшарының директоры болған ағамыз Жамалбек Сыздықов бұл күндерде жасы 90-ды алқымдаса да әлі белсенді, Шымкент қаласында тұрады. Баспада дайындалып, шығып жатқан  «Ақиқаттан аттауға болмайды» деген мемуарлық деректі еңбегінде Мақтаарал ауданының 1964 жылдан бүгінге дейінгі 60 жылдан астам саяси-әлеуметтік, экономикалық өмірі мен кезеңдері қамтылған деп естідік. Жамалбек ағамыз агроном, Ташкент республикалық Жоғары Партия  мектебінің түлегі, өмірінің (институттың жолдамасымен 1964 жылы келгеннен бері бүгінге дейінгі  кезеңдерін) Мақтааралдағы кезеңі қамтылған дейді. Бір қызығы бір кезеңде «Новый      путь» кеңшарының  «рабочком» (кәсіподақ комитеті) төрағасы да болған. Бұл еңбек Мақтаарал ауданы тарихына қосылатын туынды болады деп сенеміз.

Мақтаарал ауданының бүгінгі  өмірінде де кәсіподақтардың атқарып жатқан саяси-көпшілік, ұйымдастыру, экономикалық, медиациялық бағыттары өз жетістіктерін беріп жатыр. Ауданымызда ең үлкен кәсіподақ ұйымы: аудандық білім беру мекемелерінің, аудандық салалық «Қызмет» кәсіподақ комитеті, аудандық  медицина қызметкерлерінің  кәсіподақ комитеттерінің  және ауыл шаруашылығы  қызметкерлерінің  кәсіподақ комитеттерін атауға болады.

Кешегі мен бүгінгі кәсіподақтар жұмысының негізгі бағыты – жұмыс адамы, оның қолайлы еңбек орны, еңбегіне сай еңбек ақысы, демалысы, отбасының қолайлы жағдайы, денсаулығы, мәдени демалысы. Бір сөзбен айтқанда бұрын кәсіподақтар коммунизм мектебі болса, бүгінде кәсіподақтар жаңа дәуір мектебі. Девизі: Президентіміздің тұжырымдамасы – «АДАЛ АДАМ – АДАЛ ЕҢБЕК – АДАЛ ТАБЫС». Заман қанша құбылса да – кәсіподақтар еңбекші азаматтардың және халықтың жағында, орны солардың ортасында.

Қ.ХАМЕТОВ,

Мақтаарал аудандық «Қызмет» салалық кәсіподақ комитетінің төрағасы,  «Құрмет» орденінің иегері,

ҚР Құрметті жерге орналастырушысы.

 

 

- Advertisement -spot_img

Басқа жазбалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisement -spot_img

Соңғы жазбалар