9.3 C
Munich
Вторник, 14 октября, 2025

ЖАС ҰРПАҚҚА ҚОЛАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРУ – БАСТЫ НАЗАРДА

Оқылып жатыр

Мектеп – білім мен тәрбиенің ордасы ғана емес, сонымен қатар әрбір бала үшін қауіпсіз, жайлы әрі ыңғайлы орта болуы тиіс. Осы талаптардың орындалуы тек білім мазмұнымен ғана емес, сонымен қатар мектептің материалдық-техникалық жабдықталуына, тазалық пен тәртіптің сақталуына, күнделікті шаруашылық істердің жүйелі жүруіне тікелей байланысты. Мектебімізде осы бағыттағы жұмыстар үнемі назарда. Мектеп директорының шаруашылық жөніндегі меңгерушісі ретінде, менің басты міндетім – білім беру үдерісінің үздіксіз әрі сапалы жүруіне қажетті барлық жағдайды қамтамасыз ету. Бұл — жылыту, жарықтандыру, ауыз су мен санитарлық тазалық, сыныптардың жарақтандырылуы, өрт қауіпсіздігі, жөндеу жұмыстары мен аула күтімі сынды көп салалы жұмысты қамтиды. Оқу жылы басталар алдында мектеп аумағында ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді. Қабырғалар мен едендер жөнделіп, сыныптар толық тазартылып, терезелер жуылып, парта мен орындықтар ретке келтірілді. Қауіпсіздік талаптарына сай бейнебақылау жүйелері, өрт сөндіру құрылғылары мен дабыл жүйелері тексерістен өтті.

Мектеп ауласының көркейтілуі де басты назарда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» ауқымды республикалық экологиялық акциясы аясында қоршаған орта мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған іс-шараларға мектептің шаруашылық қызметкерлері ұйымшылдықпен белсене қатысуда. Оқушылардың үзіліс кезінде тынығып, таза ауада серуендеуі үшін гүлзарлар мен көгалдар күтімге алынған. Спорт алаңының тазалығы да басты назарда. Мұның бәрі – оқушыларға жайлы жағдай жасауға бағытталған еңбектің бір бөлігі ғана. Сонымен қатар, мемлекеттік стандарттар мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай, мектеп асханасы мен санитарлық тораптардың жағдайы үнемі бақылауда. Қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету, техникалық қызметкерлердің жұмысын ұйымдастыру барысы жолға қойылған. Бұл жұмыстардың барлығы мектеп әкімшілігі мен ұжымының ортақ үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде жүзеге асып келеді. Әр қызметкер өз ісіне жауапкершілікпен қарап, балалардың амандығы мен жайлы жағдайы үшін аянбай еңбек етуде.

Алдағы уақытта да мектептің материалдық базасын нығайту, жас ұрпаққа қолайлы орта қалыптастыру – біздің басты міндетіміз болып қала береді. Тек сапалы білім ғана емес, қауіпсіз және таза ортада білім алу – әрбір оқушының құқығы. Біз осы мақсат жолында қызмет етуді жалғастырамыз.

Қасымхан ҒАНИЕВ,

Я.Есенбеков атындағы №59 жалпы білім беретін мектеп директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары.

Жетісай ауданы.

 

- Advertisement -spot_img

Басқа жазбалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisement -spot_img

Соңғы жазбалар