5 АҚПАН – ДҮНИЕЖҮЗІЛІК САЙЛАУ КҮНІ
Әлемнің барлық елдерінде жыл сайын ақпанның бірінші бейсенбісінде Дүниежүзілік сайлау күні аталып өтеді. 2005 жылы Венгрия мемлекетінің Будапешт қаласында өткен сайлауды ұйымдастырушылардың жалпы конференциясында сайлау органдарының кәсіби мерекесі ретінде бекітілген бұл күн Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен белгіленген. Биыл мереке 5 ақпанға сәйкес келіп отыр.
Мақтаарал аудандық аумақтық сайлау комиссиясы аталмыш мерекеге орай Қазақстан Республикасының сайлау жүйесі мен заңнамасын насихаттау мақсатында іс-шаралар жоспарын бекітті. Бұл жоспар аясында Мақтаарал аудандық аумақтық сайлау комиссиясында «Ашық есік күндері» ұйымдастырылады. Сонымен қатар, білім беру мекемелерінде студенттермен, оқушылармен «Сайлау және сайланудың Конституциялық құқығы» тақырыбында кездесулер өткізіледі. Мұндай кездесулердің негізгі мақсаты – жас сайлаушыларға сайлау заңнамасының талаптарын түсіндіру және жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыру.
Дүниежүзілік сайлау күніне орай өткізілетін іс-шаралар барысында саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер мен БАҚ өкілдерінің, мәслихат депутаттары мен аудан жастарының қатысуымен “Дөңгелек үстелдер” ұйымдастырылып өткізіледі. “Дөңгелек үстелдерде” ауданымызда өткен сайлау науқандарының барысы, алдағы сайлау науқандарына дайындық мәселелері талқыланады. Сондай-ақ, комиссия мүшелері ауданымыздың мүмкіндігі шектеулі азаматтарының сайлау учаскелеріне кедергісіз кіріп шығуына жасалған қолайлы жағдайлармен таныстырады. Бұл күн азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз етуге және сайлау процестерін жетілдіру мәселесіне жұртшылық назарын аударуға бағытталған. Әлемдік демократия процесін нығайтуға, сайлау туралы түсінікті кеңейтуге және сайлаушылардың дауыс беруге қызығушылығын арттыруға да ықпал етеді.
Дүниежүзілік сайлау күнінің мақсаты – тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихымен тығыз байланысты еліміздің сайлау жүйесінің қалыптасуы мен дамуын жұртшылыққа таныстыру, сайлаушылардың электоралдық белсенділігін арттыру және жас сайлаушылар арасында демократиялық құндылықтарға деген ұстанымды қалыптастыру.
Мақтаарал аудандық аумақтық сайлау комиссиясы аудан тұрғындарын осы мерекемен құттықтап, біздің қоғамның сайлауы – мықты азаматтық қоғамы бар демократиялық құқықтық мемлекеттің ажырамас бөлігі екенін атап айтқымыз келеді.
Шыңғыс САТЫБАЛДИЕВ,
Мақтаарал аудандық аумақтық сайлау
комиссиясының төраға орынбасары.



