Жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Ата Заң биылғы 1-ші шілдеден күшіне енді. Бұған дейін елдің құқықтық негізі болып келген ҚР Конституциясы күшін жояды. Бұл өзгеріс мемлекеттік басқару жүйесін қайта құрып қана қоймай, билік тармақтарының арақатынасын жаңа деңгейде айқындамақ. Сарапшылар жаңа Конституцияны тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ауқымды саяси реформалардың бірі деп бағалады. Құжатта билік институттары ғана емес, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты нормалар да қайта қаралды. Осы орайда жұрт назарын аударған үш өзгеріске тоқтала кеткеніміз жөн шығар. Біріншісі, қос палатаның орнына бір палаталы Құрылтайдың өмірге келуі. Бір палаталы Парламент мәселесі бұрын да көтерілген.
Құрылтай құрамына 145 депутат енеді. Олар жалпыұлттық бір сайлау округі бойынша пропорционалды жүйемен сайланады. Мұндай модель заң шығару процесін жылдамдатуы мүмкін. Алайда, бұрынғыдай Мәжіліс пен Сенат арасындағы тежемелік тетіктердің жойылуы заңдарды қайта қарау мүмкіндігін шектеуі ықтимал. Екіншісі, вице-президент институтының енуі. Жаңа жүйеде алғаш рет вице-президент лауазымы пайда болды. Бұл қызмет бұрынғы мемлекеттік кеңесші институтының орнын басады. Вице-президент мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіріп, Президент тапсырмаларын орындайды. Қажет жағдайда Мемлекет басшысының міндетін уақытша атқарады. Бұл қадам билік сабақтастығын қамтамасыз ету құралы ретінде қарастырылып отыр. Үшіншісі, конституциялық мәртебеге ие жаңа орган – Қазақстан Халық кеңесі құрылып, оның құрамына 126 адам кірмек. Аталған құрылым заң жобаларын ұсына алады, референдум бастамасын көтереді, ұлттық бірлік мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлейді. Бұл орган азаматтық қоғам мен мемлекеттік билік арасындағы диалогты күшейтуге бағытталған консультативтік алаң ретінде бағалануда.
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде Құрылтай мен Халық Кеңесі туралы былай деді: «Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде Құрылтайға ұлттық заңнаманы тез өзгеріп жатқан цифрлық матрица жағдайына шұғыл бейімдеу үшін қарқынды жұмыс істеуге тура келеді. Бұл – өте маңызды. Қазақстанның жаһандық бәсекеге қаншалықты дайын екені осыдан көрінеді. Құрылтай технологиялық прогрестің жетекші факторы болады деп үміттенемін. Жаңадан сайланған депутаттар заң шығару ісінде болжамды сараптамаға, Үлкен дерекқорды басқару арқылы кез келген шешімнің экономикалық салдары мен әлеуметтік тәуекелдерін модельдеуге баса мән беруі керек. Маңызды заң жобаларын сарапшылармен және жауапты қоғам белсенділерімен бірге талқылаған жөн. Цифрлық құралдарды пайдалану қажет. Бұл пікірталасқа қатысушылар санын көбейтіп, мәселені нағыз қоғамдық талқыға салуға мүмкіндік береді. Құрылтай жалпыұлттық деңгейдегі ашық диалог алаңы ретінде қызмет етіп, қоғамды толғандырған өзекті мәселелерге дер кезінде назар аударуы қажет. Бұл – азаматтардың дәйекті өтініштері міндетті түрде ескеріліп, нақты нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау арқылы мемлекеттік мекемелерге тиісті тапсырмалар берілуі керек деген сөз.
Шын мәнінде, тиімді жұмыс істейтін қоғамдық институттары болса ғана, Озық және Әділетті мемлекет қалыптасады. Сол себепті, мен жаңа конституциялық орган – Қазақстан Халық Кеңесін құруды ұсындым. Қазақстан Халық Кеңесі мәслихаттардың, қоғамдық кеңестердің, сарапшылар алаңы мен азаматтық қоғам ұйымдары өкілдерінің басын біріктіреді. Бұрын Қазақстан халқы ассамблеясына тиесілі болған қызметтік міндеттер енді Халық Кеңесіне өтеді. Осылайша, құрылым форматы өзгергенімен, жалпыұлттық бірлігіміздің мәні ішкі саясатымыздың маңызды бағыты ретінде сақталады. Халық Кеңесі – тарихымызда алғаш рет конституциялық деңгейде құрылған диалог алаңы. Көпұлтты және әралуан Қазақстанымыздың символы. Бұрын шашыраңқы болған құрылымдар заң шығару бастамасын көтеру құқығына ие болатын Жоғары консультативтік органның аясына бірігеді. Демек халықтың үніне құлақ асу мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналады».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажеттігін сөз еткен-ді. Президент жуырда ғалымдарды марапаттау рәсімінде қоғамда заң үстемдігі қағидатын, яғни, заңға бағыну мәдениетін түбегейлі орнықтыруымыз қажет екеніне тағы тоқталды.
– Заң мен тәртіп идеологиясы күнделікті өмірдің барлық саласында қатаң сақталуға тиіс: қоғамдық орындағы жүріс-тұрыс мәдениетінен, оның ішінде жиын-тойлардан, тұрмыстық мәдениеттен бастап, жолда көлік жүргізу мәдениетіне дейін осы мызғымас қағидатқа бағынуы керек, – деді Президент.
Мемлекет басшысы бұған дейін де жол қауіпсіздігі мәселесіне арнайы тоқталғанын білеміз. Қазақстанда жыл сайын көлік апатының кесірінен, соның ішінде көп жағдайда жол қозғалысы ережесін өрескел бұзудың салдарынан мыңдаған адам көз жұмады.
«Бұрын елімізде көлік апатының көптігіне жолдың нашарлығын желеу қылатын. Соңғы бірнеше жылда барлық өңірдегі жол инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңғыртуды қолға алдық. Бірақ, қайғылы оқиға азаймай тұр. Демек, бұл жағдайға Үкімет пен қоғам жіті назар аударуы керек»,- деді Президент. Сондай-ақ, Президент елімізде көлік-логистика саласына баса назар аударуымыз керек. Бұл сала стратегиялық маңызға ие. Біздің аймақтағы барлық елдер де осы бағытқа ден қойып жатыр, сондықтан, бәсеке күшеюде,-деді.
«Теміржол саласының жүк тасымалындағы рөлін ескере отырып, мемлекет жаңа магистральдар мен вокзалдар салуға және оларды жаңғыртуға баса мән беріп отыр. Былтыр Достық – Мойынты бағытының екінші желісі және Алматы қаласын айналып өтетін теміржол іске қосылды. Биыл Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал, келесі жылы Бақты – Аягөз теміржолдарының құрылысы аяқталады. Еліміздегі автокөлік жолдарының сапасын жақсарту міндетін де орындауымыз керек. Былтыр 13 мың шақырым автокөлік жолын жөндеу жұмысы басталды. Оның 6 мың шақырымы қолданысқа берілді. Мұндай ауқымды жұмыс ел тарихында бірінші рет жасалды. Келесі жылы автокөліктерді өткізу бекеттерін жаңғырту ісі аяқталуы керек. Соңғы бес жылда ел аумағы арқылы автокөлікпен тасымалданатын жүк көлемі екі есе артып, 6 миллион тоннаға жетті. Былтыр автокөлікпен жүк тасымалдаушылардың табысы 1,5 триллион теңге болды. Бұл – теміржол саласындағы кіріспен шамалас көрсеткіш. Осының өзі отандық автокөлік тасымалы саласының әлеуеті зор екенін көрсетеді. Демек, мұндай кәсіпкерлерді барынша қолдау керек»-деп атап айтты.
Басты мақсат – Президентіміздің бастамасымен қолға алынған реформаларды сапалы жүргізу, жаңа Ата Заң нормаларының орындалуын қамтамасыз ету және тиісті заңдар қабылдау арқылы Әділетті Қазақстанды қалыптастыру идеясын іске асыру бола бермек. Өйткені, біз жаңа дәуірге қадам бастық.
Әсілім ЕРКІНОВ,
Бірлік ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы.



