1.1 C
Munich
Четверг, 21 ноября, 2024

СӘБИЛЕРДІҢ САУЛЫҒЫ ҮШІН КҮРЕСТІ

Оқылып жатыр

Бүкіл саналы ғұмырын денсаулық саласына арнаған

Уәсила Момбекова жайлы сыр

Бүгінде шырайлы Шымкент қаласында тұратын Уәсила Хамзақызы Момбекова бүкіл саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған еңбек ардагері. Жиырма жыл бойы Отырар, Жетісай аудандық орталық ауруханаларында балалар дәрігері, ширек ғасырдай Жетісай медицина колледжінде оқытушы болып істеді. Қазіргі кезде бейнетінің зейнетін көріп отыр.
Уәсила апай жас кезінен-ақ дәрігер болуды армандады. Әлі есінде, көршінің кішкене сәбилеріне «екпе жасап, дәрі беріп» ойнайтын. Бойжете келе балалық қиялмен әлемдегі бүкіл сырқат балаларды емдеймін деп мақсат қойғаны да бар. Білімге құштар жас 1966 жылы өзі туып-өскен Солтүстік Қазақстан облысы, Сергеев (қазіргі Шал ақын) ауданы, Мерген ауылындағы орта мектепті үздік бітіріп, Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын ойдағыдай бітірген соң бір жыл Шымкент облыстық балалар ауруханасында интернатурадан өтіп, алғашқы еңбек жолын Отырар аудандық орталық ауруханасында балалар дәрігері болып бастайды. Мейірімі мол, жібек мінезді жас дәрігер аз ғана уақыт ішінде елдің ықыласы мен құрметіне бөленді. Ол ауырып келген әрбір балаға ерекше көңіл бөліп, мейірлене құшақтап, еркелетіп ем-домын жасай білді. Отбасылық жағдайына байланысты 1978 жылы Жетісай қаласына қоныс аударған соң аудандық аурухананың «Перзентхана бөлімінде» неонатолог болып істеді. Ауырған жерін тілмен айтып түсіндіре алмайтын сәбиің ауырса жаныңды қоярға жер таппайсың ғой. Бар үмітіңмен балалар дәрігерінен көмек сұрайсың. Осы жылдар ішінде Уәсила апай қаншама қиын сәттермен бетпе-бет келді. Сәбиі шетінеп, зар еңіреген ананы, туа бітті ауыр сырқатқа шалдыққан сәбиді де көрді. Солармен бірге жаны ауырды, жұбатарға сөз таппай бірге езіле жылады. Түнгі ауысымда істеген кезде таң атқанша көз ілмейтін. Жұбайы Базарбай Момбеков ағамыз Алғабас ауданындағы (қазіргі Бәйдібек) «Алғабас» кеңшарында бес жылдай партия комитетінің хатшысы болып істеген кезде Уәсила апай учаскелік ауруханада дәрігерлік қызмет атқарды. Сарышұнақ аязда, дауылды боранда жедел шақыру бойынша шалғайдағы шопандардың үйлеріне барып, дәрігерлік көмек берді.
– Бірде рация арқылы түн ішінде елу шақырым жерде шопанның әйелі босана алмай қиналып жатыр деген шұғыл хабар келді. Учаскелік аурухананың ескі көлігімен жолға шықтық. Қар борап жауып тұр, табан жолымыз әрең көрінеді. Ілдебайлап әрең жеттік. Толғақ қысқан әйел шаршап, әлсізденіп қалған екен. Қалайда үйінде босандырып алуға кірістім. Қан қысымын өлшеп, дәрі-дәрмегімді беріп, қолдан келгенше әрекет еттім. Екі сағаттай уақыт күресіп жүріп, келіншекті аман-есен босандырып алдым. Жас ана сәбиін бауырына басқан кезде «уһ» деп дем алдым. Тұла бойым терлеп, өзімнің де әбден шаршағанымды сонда бірақ білдім»,-дейді Уәсила апай өткен күндерді еске алып.
Жетісай аудандық орталық ауруханасында істеген кезінде де Уәсила апай бір тыным таппайтын. Қандай қиындық болса да ешбір қабақ шытпай, түн ішінде шақырту келсе де асығыс ауруханаға қарай жүгіретін. Бір жолы «Жедел жәрдем» көлігі кешігіп кеткен соң шыдай алмай Базарбай ағаға перзентханаға тезірек жеткізуді өтінеді. Сөйтсе мұнда жаңа туылған нәресте қатты ауырып жатыр екен. Базарбай аға есік алдында жарты сағаттай күтеді. Болмаған соң ағамыз перзентхана терезесінен үңіліп қараса Уәсила апай сырқат нәрестенің аузынан үріп, қосымша дем беріп жатқанын көреді. Не керек, парзентханадан екі сағаттан соң шыққан Урсила апай ажал аузында жатқан сәбиді құтқарып қалғандарын айтқанда бұған Базарбай аға да қосыла қуанады. Кезекші акушер-гинеколог Камаш Шалабекова екеуін құттықтап, беттерінен сүйеді.
1991 жылы Жетісайда медицина колледжі ашылған соң тәжірибелі балалар дәрігер Уәсила Хамзақызын студенттерге дәріс беруге шақырады. Өзінің сүйікті ісін қимай, біраз жүреді. Бірақ кейін ойлана келе «Болашақ мейірбике, акушерлерге білгенімді үйретіп, олардың жақсы маман болуына үлесімді қоссам, елге пайдам тиеді ғой» деген шешімге келеді. Медицина колледжінің кабинеттік жүйеге көшуіне, әрбір кабинеттің көрнекі оқу құралдарымен сапалы жабдықталуына үлкен үлесін қосты. Көп жыл әдістемелік кабинетінің меңгерушісі болып істеді. Көрнекі оқу құралдарына арналған таблица, плакаттарды түнімен отырып, өзі сызып дайындайтын. Колледжде медициналық оқу құралдары тапшы, жоқтың қасы еді. Бұл жас оқытушыларға да, студенттерге де көп қиындық туғызды. Осы мәселе жанына аяздай батқан Уәсила апай күні-түні ізденіп қазақ тілінде «Балалар аурулары» деген оқулық жазды. Уақыт өте келе оны толықтырып, медицинаның соңғы жаңалықтарын енгізе отырып, екі томдық үлкен оқулықты қайтадан жазып, баспадан шығарды. Кітаптың қағазы өте сапалы, берік, мықты етіп түптелген. Бұл оқулықтар облыс көлеміндегі өзге де медициналық колледждерге таратылып, студенттер қолдан тастамай оқитын оқу құралына айналды.
Уәсила апай өзі сонау теріскей Солтүстік Қазақстанда дүниеге келіп, орыс мектебінде оқыса да, оңтүстікке келін болып түскен соң қазақтың салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптарын жетік меңгеріп алды. Қайнаға, қайны, қайынсіңлілерінің аттарын атамай, өздеріне жарасымды ат қойды. Үлкендерге иіліп, сәлемін салып, келген қонаққа дастарханын жайып күтіп алады. Жетісайға көшіп келгенде бір бөлмелі пәтерде тұрса да, шаңырақтарынан қонақ арылған емес. Бұрын өздері тұрып кеткен Отырардан мақта теруге келген жәрдемші ағайын-туыстары топ-топ болып келіп, дастарханнан дәм татқанына да куә болған едік.
Енесін өз анасынан кем көрген емес. «Бірде Шәуілдірге енемді 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтауға баратын болдық деді де Уәсила Жетісайдағы универмагқа барып келейін деп жүгіріп кетті. Көп ұзамай қуанып келді.»Апама ең соңғы кезде шыққан әдемі мата сатып алдым. Сатушы апайға «Енеме қымбат әрі ең әдемі көйлектік мата беріңізші» деп едім, ол кісі таңданып «Алла разы болсын айналайын, осы кезге дейін жақсы матаны енеме алайыншы деген келінді бірінші рет көріп тұрмын. Бәрекелді, енеңнің алғысын алсаң жаман болмайсың»,-деп айтты деді. Бұл да болса кейінгі жас келіндер үлгі аларлық қасиет қой,-деді бізбен әңгімесінде көршісі Ұлдана апай.
– Біз Уәсила екеуміз үйленген соң қарашаңырақта тұрдық. Әкем өмірден ерте өтіп кетті. Бізді бағып-қағып өсірген анам үйдің берекесін кіргізіп, ынтымағын ұйыта білді. Бір шаңырақ астында үш бірдей келінді ұстап, бәріне өзінің өнегелі тәлім-тәрбиесін берді. Сол үрдіс әлі де жалғасын тауып келеді,-деп сөзге араласқан Базарбай аға, «Бүгінде әулетіміздің ақылгөй анасы Уәсила ғой»,-деді. Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы Базарбай Момбеков ағамыз партия, кеңес қызметінде көп жыл абыройлы еңбек етті. Еліміз Тәуелсіздік алған соң аудан әкімдігінде аппарат басшысы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып істеді. Зейнет демалысын шыққан соң аудан өміріндегі қоғамдық істерге белсене қатысты.
Өзінің адал еңбегімен ҚР «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанған Уәсила апай мен Базарбай аға екеуі немере-шөберенің қызығын көріп, бақыт құшағында тербеліп отыр. Өмір бойы сәбилердің саулығы үшін күрескен Уәсила Хамзақызын ел сыйлайды, құрметтейді.
Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ.

- Advertisement -spot_img

Басқа жазбалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisement -spot_img

Соңғы жазбалар