1.2 C
Munich
Суббота, 23 ноября, 2024

КӨКТЕМГІ ЕГІСКЕ ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?

Оқылып жатыр

Көктем шуағы еніп, жер дегдісімен дихандар көктемгі дала жұмыстарына қызу кірісіп кетті. Осы орайда аудан аумағындағы агроқұрылымдардың көктемгі дала жұмыстарына дайындығы туралы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Баязит ӘЛІМҚҰЛ мырзаны әңгімеге тартқан едік.

– Өзіңізге белгілі, көктемгі дала жұмыстары қазір қызу қарқын алып отыр. Осы жауапты науқанға дайындық барысы туралы айтып берсеңіз.
– Аудан аумағында 60,8 мың гектар егістік алқап болса, биылғы жылы айдалуы тиіс жер көлемі 59,1 мың гектарды құрап отыр. Үстіміздегі жылы ауа райы күрт өзгеруіне байланысты шаруаларымыз көктемгі дала жұмыстарын былтырғы жылмен салыстырғанда 10-15 күнге кеш жүргізуде. Бүгінгі күнге аудан бойынша 58,7 мың гектар жер айдалып, 46,9 мың гектар жердің палы алынды. Қазіргі таңда 50 мың гектар алқап қысқы сор шаюдан өтті.
– Егіс жұмыстарын ойдағыдай жүргізу үшін дихандарды жеңілдетілген бағадағы жанар-жағармаймен қамтамасыз ету басты міндеттің бірі. Осы орайда қандай жұмыстар қолға алынды?
– Жылдағыдай көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан ауданымызға 5655 тонна жеңілдетілген бағада жанар-жағармай бөлінген. Мақтарал, Бірлік, Жамбыл және Еңбекші (39,04 га.) ауылдық округтеріне оператор «ТұлпарОйл» ЖШС; Еңбекші, Иіржар, Жаңажол және Ж.Нұрлыбаев (160,73 га.) ауылдық округтеріне «TS нефть» ЖШС; Нұрлыбаев, Достық және А.Қалыбеков ауылдық округтеріне «ХалықОйл» ЖШС операторлары тағайындалған.
Бүгінгі күнге ақпан айына 1755 тонна жанар-жағармай бөлінген болса, оның 1404 тоннасы босатылған; Наурыз айына 1560 тонна бөлінген болса, 870 тоннасы шаруаларға жеткізілді. Сонымен-қатар операторлармен келісу нәтижесінде бір айға бекітілген жанар-жағармай көлемін келер айдың 20-шы жұлдызына дейін босатылатын болады.
– Бүгінгі күні қанша тонна тұқымдық шит дайындалды?
– Ауданымыздағы суармалы жердің негізгі бөлігіне мақта дақылы егілуіне байланысты, тұқымдық шит дайындауға баса мән беріліп отыр. Бүгінгі күні аудан аумағында 4 тұқым шаруашылығы бар. Олар: Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы, «Қайнар» шаруа қожалығы, «Хамро-ата» ӨК және «Иіржар-Агро» шаруа қожалығы. Биылғы жылы аталған тұқым шаруашылықтары 1068 тонна отандық шит өндірді. Сондай-ақ, Өзбекстаннан 374 тонна (Сұлтан) шитін алып келуді жоспарлап отыр.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Қ.ДӘУЛЕТБАЕВ.

 

 

- Advertisement -spot_img

Басқа жазбалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisement -spot_img

Соңғы жазбалар