1.1 C
Munich
Четверг, 21 ноября, 2024

ТІЛ МӘРТЕБЕСІ – ЕЛ МЕРЕЙІ

Оқылып жатыр

Тіл – қастерлі де қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға анасындай қымбат. «Тіл – тіршіліктің бастауы» деп те бекер айтылмаған. Себебі, адам баласы ес білген кезінен бастап айналадағы жаңа ұғымдарды ана тілі арқылы қабылдап, үйрене бастайды. Есейе келе кітаптан, қоғамнан, халықтан үйреніп, меңгереді. Осылай ана тіліміз ананың ақ сүтіндей бойымызға сіңе береді.

Адам баласы ана тілі арқылы ғана маңайындағыны саралап ой түйе отырып, еліне деген сүйіспеншілігін арттыра түседі. Қазақтың ұлы тұлғалары Абай, Мағжан, Мұхтар, Сәбит, Жұбандар ана тілінің қасиетін жүрекпен толғап, қазақ халқымен бірге абыройлы да асқақ, сынақты да сындарлы тағдырды басынан кешірді.

Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем танитын ел болу үшін тіліміздің мәртебесін биіктетуіміз қажет. Ата-бабаларымыздың тарихы мен шежіресі, түрлі әдеби мұралары бүгінгі ұрпаққа өзіміздің ана тіліміз арқылы жетіп отыр. Тіл тарихы халық тарихына ұқсас, әрі бірегей ұғым. Қоғамның жылжып өзгеруіне байланысты тіл де дамып өзгеріп отырады. Қазақ тілі мәселесін мемлекеттік деңгейге көтерілгеннен кейінгі жылдары бұқара жұртшылықтың да, жастардың да ана тілі үшін көптеген маңызды жұмыстар атқарғаны белгілі.

Ел тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Дүниедегі барлық халық аңсаған тәуелсіздігін, ата-баба дәстүрін, ана тілін сақтау үшін ұмтылады. Сондықтан кез-келген мемлекеттің өзінің аумақтық салт-дәстүрін, ана тілін ерекше құрметтейді, қорғайды.

Ана тілін дамыту үшін әркім өз ана тілінде таза сөйлеуі тиіс. Себебі, жүйелі тіл жүйелі ойды құрайды. Тіл — қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлім-тәрбиесінің негізі.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйіп, жүйелі сөзбен алқалы топты еңсерген ойшыл, шешендерді, халық жүрегінде жатталған дала данышпандары, қара қылды қақ жарған әділетті би-шешендер тілге деген құрметін асқақтатып, ұлылық пен ұлағат, өнеге мен тағылымның мектебі, аталы ойдың алтын қазығы бола білді.

Бүгінде әлемдік өркениетке қадам басу үшін қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгеру заман талабы болып отыр. Әрине, мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілі — әлемдегі барлық мемлекеттік тіл сияқты өзінің егемендігін алған тіл. Қазақстанда тұратын әрбір азамат мемлекеттік тілді білуге міндетті.

Әркім өзінің ана тіліне деген құрметін ешқашан жоғалтпауға тиіс.

Сержан ОСПАНОВ,

Мақтаарал аудандық ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары.

 

Алдыңғы мақалаҚҰРЫЛЫС САПАСЫ – БАСТЫ НАЗАРДА
Келесі мақалада
- Advertisement -spot_img

Басқа жазбалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisement -spot_img

Соңғы жазбалар