1.1 C
Munich
Четверг, 21 ноября, 2024

ОБЛЫС ӘКІМІ МАҚТАШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Оқылып жатыр

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Мақтаарал ауданындағы мақта алқаптары мен мақта зауыттарында болды. Мақта өсірушілермен кездесіп, осы саладағы мәселелерді талқылады. Шаруалар талап-тілектерін ортаға салып, мемлекеттік субсидия мен жеңілдетілген несие беру, мақта өсіріп, оны терең өңдеуге мемлекет тарапынан қолдау көрсету, ауыл шаруашылығын саласын дамытуға нақты қадамдар жасау мәселелерін ортаға салды.
Түркістан өңірінде 70 мыңға жуық фермер жұмыс істейді. 2022 жылы 362 мың тонна мақта жиналды, биыл 300 мың тоннаға жуық мақта жиналады деп күтілуде. Өңірде жаппай егін жинау науқаны басталды. Бұл сала соңғы жылдары жағымсыз сыртқы факторлардың қысымына ұшырауда. Экспортқа мақта жеткізудің бұрынғы логистикалық тізбегі бұзылды, мақта сапасының төмендігінен шетелдік трейдерлер тарапынан қазақстандық шикізатқа сұраныс азайған. Биржадағы шикізаттың бағасы төмен.
Кездесуде өңірде тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан мақта талшығының бағасы халықаралық Ливерпуль мақта биржа индексіне тікелей тәуелді екендігі, мақта кластерін дамыту үшін Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарында тоқыма тігін фабрикаларын ашу керектігі айтылды. Осыған орай облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен мақта-тоқыма кластерін салу жобасы әзірленді. Ол толық іске асырылған жағдайда өңірде 75 зауыт, кәсіпорын және фабрика салу есебінен 9 мақта тоқыма кластері құрылады. Нәтижесінде 40 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке жыл сайынғы түсімдердің көлемі 26,2 млрд. теңгеден аспақ. Жобаны толық іске асыру үшін инвестициялық субсидиялар қажет. Осы орайда Өзбекстанмен екіжақты ынтымақтастықты дамыту шеңберінде «Global Textile» компаниясымен тоқыма кластерін құру жөніндегі бірлескен жоба іске асырылуда. Компания облыста тоқыма бұйымдарын өндіруді жолға қоюға ниетті.
Мақта саласын тоқыма және тігін өнеркәсібімен толыққанды дамыту үшін жергілікті тұқым шаруашылығын дамытуға күш салынған. Жергілікті тұқым шаруашылықтары мақта өсірушілердің қажеттіліктерінің тек 55 пайызын қамтамасыз етеді. Тауар өндірушілерді жергілікті өндірістің тұқымымен толық қамтамасыз ету үшін облыс аумағында орналасқан аграрлық саланың ғылыми мекемелерін әкімдіктің басқаруына беру ұсынылады.
Мақта шаруашылығы саласының проблемалық мәселелері барлық мүдделі тараптардың қатысуымен түрлі диалог алаңдарында бірнеше рет талқыланды. Негізгі субсидиялардан басқа (минералды тыңайтқыштар, гербицидтер, тұқымдар, жеңілдетілген несиелік ресурстар және т.б.) саланы қолдау үшін шаралар қабылдануда. Түркияның мақта тұқымын өндіруші ірі компанияларымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 1 мың тонна элиталық тұқым жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. «Наманган – 77» тұқымдық шиті сынама ретінде егілді. Алайда фермерлер жаңа тұқымын ауыстыруға асықпай отыр.
Шаруалармен кездесуге келген Global Textile компаниясының өкілі зертхана нәтиежесімен бөлісті. «Наманган» мақтасы еуропалық сынамалардан өткен және барлық талаптарға сай. Сапа артпай, сұраныс өспейді. Сондықтан болашақта мемлекет қызметі белгіленген стандарттарға сәйкес келетін фермерлік шаруашылықтарға ғана қолдау көрсетеді.
– Мақта өсіретін жалғыз өңір болғандықтан Түркістан облысында мақта кластерін дамытуға күш салынып отыр. Біз үшін бұл бағытты барынша дамыту, халықаралық нарыққа шығу маңызды. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына мүмкіндік беру үлкен маңызға ие, – деді Дархан Сатыбалды.
Іссапар барысында облыс әкімі мақта өңдеу зауыттарында болды. Мақтаарал ауылдық округінде орналасқан «Cotton мақта» зауыты жылына 60 мың тонна мақта өңдеп шығарады. Жоба құны – 3 млрд. теңге. Биыл іске қосылған кәсіпорын 20 адамды жұмыспен қамтып отыр. Одан кейін Дархан Сатыбалды мақта өңдеу ісімен айналысатын кәсіпорындарда болып, жұмыс барымен танысты. Мақта талшығын қайта өңдеумен айналысатын «Мырзакент»МӨЗ» ЖШС жылына 65 мың тонна мақта өңдеп шығарады. Мұнда 450 адам жұмыс істейді. 17 гектар жерде орналасқан зауыт 2014 жылы іске қосылған. Іссапар барысында облыс әкіміне «Мадина» кәсіпорнының жұмысы таныстырылды. Онда киіз үй, ұлттық киімдер және қолөнер бұйымдары шығарылады. Жылына 25 киіз үй тігетін өндіріс орны 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өнімдерін Қазақстанның барлық өңірлеріне жібереді. Өңір басшысы Достық ауылдық округінде орналасқан «Светлана» шаруа қожалығында да болды. Қожалық 60,5 гектар жерге мақтаның 4 сортын, 3 гектарға бақша өнімдері және 7 гектар жерге жоңышқа екен. Қажетті техникалармен қамтамасыз етілген.

Түркістан облысы әкімінің
баспасөз қызметі.

- Advertisement -spot_img

Басқа жазбалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisement -spot_img

Соңғы жазбалар