8.3 C
Munich
Воскресенье, 6 октября, 2024

АЛҒЫСПЕН ЕР КӨГЕРЕР

Оқылып жатыр

1 Наурыз – Алғыс айту күнінде ұлтымыздың салт-санасында берік қалыптасқан достық, қайырымдылық және ынтымақ сынды мызғымас құндылықтар кеңінен дәріптеледі. Алғыс айту күні қиын-қыстау замандарда да мейірімділік пен жанашырлық таныта білген әрі бірлігін бекем еткен халқымыздың ізгі қасиеттерін жадымызда жаңғыртады.

Наурыз айы – алғыс пен тағзымның айы. Күн мен түннің теңелуі, жарықтың қараңғыны, жылудың аязды жеңуін иісі түркі баласы жаңа жылдың, жаңа өмірдің бастауы санайды. Ендеше, жыл басының алғыс айтумен, бір-біріне ризалық пейіл, жылы жүрекпен басталуы да заңдылық сияқты. Сондықтан көктемнің алғашқы күнімен қатар келетін Алғыс айту күні жылылық пен жанашырлықтың, достық пен ынтымақтың жарқын символы іспетті. Бұл мерекенің жыл өткен сайын мәні мен мазмұны тереңдеп, салмағы мен сипаты, құндылығы артып келеді.
Халқымыз «Жаңбырмен жер көгерер, алғыспен ер көгерер», «Алғыс түбі – ақ май, қарғыс түбі – қара қан» деген нақыл сөздердің мәні терең. Адам баласы осынау құсни ғұмырда аялы алақаны мен өмір сыйлағаны үшін – анаға, берік қорған болғаны үшін – әкеге алғыс айтып өтері хақ. Анығына бақсақ, алғыс айту – адамзат мәдениетінің биік шыңы.
«Көңіл көңілден су ішеді» дегенді айтқан халқымыз жылы сөз ғаламның тоңын жібітетінін, жібіген тоң көңілді ғана емес, өмірді де гүлге орайтынын білсе керек. Жазушы, ғұлама Әбіш Кекілбаевтың «Қуана білмегенге құт қонбайды, бағалай білмегенге бақ қонбайды» дейтін аталы сөзі де соны аңғартады.
Бала кезден үлкендердің атаның қолына су құйып батасын алуға, ананың қолғанаты болып алғысын алуға үйрететіні ұлттық тәрбиенің кісілікке толы қайнар бастауы екенін есейе келе білдік. Біз осы болмысымызды жоғалтпай, тұтас қоғамның ең асыл құндылықтарына айналдырсақ, көсегеміз көгеріп, түтініміз тік ұшары сөзсіз.
Осы тұрғыда, бұл күні қастерлі Отанымыз үшін аянбай еңбек етіп жүрген, өз ісіне адал маман иелері мен азаматтарға құрмет көрсету баршамыздың борышымыз болса керек. Ел Президентінің Алғыс айту күнін жаңа мазмұнда атап өту туралы тапсырмасы да осыған саяды.
Алғыс айту тек мемлекеттік деңгейде ғана емес, әрбір жеке отбасы деңгейінде де маңызды. Бұл күні балалар ата-аналарына, бауырлар ағайын-туғандарына, шәкірттер ұстаздарына, қызметкерлер әріптестеріне ақеділ көңілмен алғыс-ризашылығын білдіреді.
Қазіргі уақыттың ритмі адамдардың жүрегін қатайтып, пейілін суытып жатқандай. Айналаны еренсіз енжарлық, немкетті бойкүйездік билеп алған секілді. Елдегі көптеген жақсылық пен игі бастаманы кейде көрмей, тіпті, елемей жатамыз. Елім деген ерлерді ел болып бағалап, жұрт болып алқау да азаматтық қоғамды ұйыстырар басты құндылық екенін ұмытпаған абзал.
Біз кешегі Әл-Фараби мен Жүсіп Баласағұндар жасаған ізгі адам мен қайырымды қоғам құндылықтарының мирасқорымыз. Сондықтан жақсылық жасауға жарысу, кісілік махаббатты әспеттеу біздің кешеден бүгінге бүлінбей жеткен тамырлы дәстүріміз. Мұндай қасиеттер көптеген Шығыс халықтарының дүние танымының негізіне айналған. Атап айтсақ, жапон халқының қоғамдық мәдениеті мен бір-біріне иілген риясыз құрметі мен ізеті де олардың көз қарашығындай сақтаған ата салты екені белгілі.
Алғыс – жүректі толқытқан мейірім мен ризалықтың сыртқа сөзбен шыққан формасы. Сондықтан барымызды бағалап, жақын жандардан жақсы сөзімізді аямайық. Аяулы өмірде алғыс айтқанға һәм алғыс алғанға не жетсін!
Мадияр БАБАШЕВ,
аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.

 

- Advertisement -spot_img

Басқа жазбалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisement -spot_img

Соңғы жазбалар