8.3 C
Munich
Воскресенье, 6 октября, 2024

РЕФЕРЕНДУМ ӨТКІЗУДІҢ ТӘРТІБІ

Оқылып жатыр

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2024 жылы 2 қыркүйекте «Республикалық референдум өткізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Референдум – мемлекеттік маңызы бар мәселені халықтық дауысқа салу дегенді білдіреді. Тәуелсіздік жылдары елімізде үш рет өткен. 1995 жылы осындай тәсілмен Ата заңымыз қабылданған.

Алдағы 6 қазанға тағайындалған референдумға «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сауал қойылып, республикалық референдумға шығарылып отыр.
Республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізуді Президент- референдумдық комиссияның міндеттерін атқаратын тиісті сайлау комиссияларына жүктеп отыр. Осыған орай аудандық, учаскелік сайлау комиссиялары аудандық, учаскелік референдум комиссиялары деп аталатын болды. Дауыс беру дәстүрлі, офлайн, жеке өзі жасырын дауыс беру арқылы өтеді. Ашық әрі жариялы өтуіне барлық жағдайлар жасалған, жеке басын куәландыратын құжатты көрсетсе болды. Шет елден, отандық байқаушылар, бақ өкілдері қатыса алады. Бақ өкілдері хабар тарата алады.
Алдымен, “Референдум дегеніміз не?” — деген сауалға тоқталсам. Ол мемлекеттік маңызы бар мәселені халықтық дауысқа салу. Яғни, еліміздің Ата заңының, Конституциялық заңдарының, заңдарының және мемлекеттік өмірінің өзге де неғұрлым маңызды мәселелеріне арналған шешімдерінің жобалары бойынша бүкілхалықтық дауыс беру. «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңда референдумның талқысына қандай мәселелерді қоюға болатындығы, қандай мәселелерді қоюға болмайтыны айтылған. Қандай мәселелерді қоюға болатындығы жоғарыда айтылды. Ал мыналар:
– адамның және азаматтың конституциялық құқығы мен бостандығының бұзылуына әкелiп соғатын;
– мемлекеттің тәуелсіздігін, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, Республика қызметінің түбегейлі қағидаттарын өзгерту;
– елдің әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы мен шекараларының;
– сот әдiлдiгi, қорғаныс, ұлттық қауiпсiздiк және қоғамдық тәртiптi қорғау;
– бюджет пен салық саясаты;
– рақымшылық пен кешiрiм жасау;
– Президент, Парламент, Үкiметiнiң қарауына жататын адамдарды лауазымға тағайындау және сайлау, лауазымынан босату;
– мемлекеттің халықаралық шарттарынан туындайтын мiндеттемелерiн орындау мәселелерi референдум талқысына қойылатын мәселелер бола алмайды.
Дауыс беруге арналған бюллетеньде қойылған әрбiр мәселенiң тұжырымдамасы және дауыс берушiнiң жауаптарының нұсқалары келтiрiледi. Дауыс беруге арналған бюллетеньдер қазақ және орыс тілдерінде дайындалып, басып шығарылады. Азаматтар дауыс берген кезде өзі дауыс беретін жауап нұсқасының оң жағындағы бос шаршыға кез келген белгіні қоя алады.
Референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбi дауыс беруге қатысса, референдум өткiзiлген деп саналады. Дауыс берудiң нәтижесiнде референдумға қойылған мәселе бойынша оның оң шешiмiн жақтап дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан көбi дауыс берсе, ол жөнiнде шешiм қабылданды деп саналады. Дауыс берудiң қорытындыларын Орталық референдум комиссиясының мәжiлiсiнде шығарылады, хаттамамен ресiмделедi. Референдумның қорытындылары туралы Орталық референдум комиссиясының ресми хабары дауыс беру өткiзiлген күннен бастап жетi күн мерзiмнен кешiктiрiлмей бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Референдумда қабылданған Конституция, конституциялық заңдар, заңдар, олардағы өзгертулер мен толықтырулар, референдумға қойылған өзге де шешiмдер, егер Конституцияның өзiнде, конституциялық заңда, заңда, олардағы өзгертулер мен толықтыруларда, референдумда қабылданған өзге де шешiмде басқа мерзiм белгiленбесе, референдумның қорытындылары туралы ресми хабар жарияланған күннен бастап күшiне енедi.
Дәулет ЕРІМБЕТОВ,
Мақтаарал аудандық аумақтық референдум
комиссиясының төрағасы.

- Advertisement -spot_img

Басқа жазбалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisement -spot_img

Соңғы жазбалар