0.5 C
Munich
Четверг, 21 ноября, 2024

БАҚ ҚОНҒАН ҚҰТ МЕКЕН

Оқылып жатыр

Құрметті аудан тұрғындары!
Ғасырлар бойы игерусіз жатқан Мырзашөл аймағына қан жүгіртіп, оны жасыл желекке бөлеп, гүлдендірген ата-бабаларымыздың ғажайып ерлігі біз үшін үлгі-өнеге, үлкен тарихи оқиға десек болады. Оның ішінде атақ-даңқымен бүкіл әлемге танылған қазақ мақтасының қарлығашы – «Мақтаарал» кеңшарының алар орны ерекше. Міне, биыл мырза далада алғаш отау тігіп, шаңырақ көтерген шаруашылықтың құрылғанына 100 жыл толып отыр. Осы қуанышты мерейтоймен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын.
Бетпақдала бойынан канал қазып, су әкелу, күн сүйген шуақты өлкеде аса бағалы дақыл – мақта өсіру, шөлді шүлен етіп, өңірді жазиралы аймаққа айналдыру оңайға соққан жоқ. Бұл игілікті істе аға-апаларымыздың ерлік күресі, қайтпас қайсарлығы мен мұқалмас жігері жатыр. Тарих тереңіне үңілсек, «Мақтаарал» кеңшарының өмірге келген сәті 1924 жылдың бірінші қарашасы екен. Алғашында Түркістан мақта комитетінің құрамында мақта тұқымы шаруашылығы ретінде құрылған. Осы жылы күзде бұл шаруашылық жұмысы тоқырап, тарауға мәжбүр болған «Грузаренданың» өнімін жинайды да, келесі жылдан бастап мақта өсіру үшін бөлінген 11 918 гектар алқапты жедел қарқынмен игеруге кіріседі. «Мақтаарал» кеңшарын құруға алғашқылардың қатарында қатысқан Иван Степанович Гостинин өз естелігінде былай дейді: «Сол бір жылдары қиын жағдайларды бастан кешірдік. Барак маңында жылан, шаян т.б. жәндіктер шұбырып жүрді. Жел соқса барак іші құм мен шаңға толып кетеді. Негізгі еңбек құралымыз – күрек, кетпен, қоларба мен зембіл болды. Арықтағы су бөгетін жақсылап бекіту үшін басқа жердің топырағын қазып алып, ағаш баспалдақ арқылы жоғарыға қоларбамен тасушы едік. Кейде суды тоқтату үшін қолдасып, тас қамал болып қасқайып тұрамыз. Осы кезде екінші бір тобымыз құм толы қаптармен ағынның алдын тоспалайды. Мұндай сынға төтеп беру оңай емес еді. Әлсіздер жұмысты тастап кетіп қалатын…». Иә, бұл сол кезеңдегі ауыр жұмыстың айқын бір көрінісі десек болады.
Кеңшардың қаз басып, қалыптасу, қарыштап алға басу тарихында алғашқы директор Александар Семенович Орловтың еңбегі ерен. Александр Семенович бүкіл дерлік жұмыс күнін тек егістік басында, бригаларда өткізді. Кейде қолына кетпен мен күректі ала салып қауырт қимылдап кететін кездері де аз кездеспейтін. Ол өзін тамаша іскер ұйымдастырушы, өнегелі директор ретінде көрсетті. Айналасы үш-төрт жылдың ішінде кеңшардың техникасы молайып, ирригациялық жүйелері қалыптасты. 12 мың гектар алқап игеріліп, мақта өндіру жоспары асыра орындалды. Жылдар жылжып өте келе кеңшардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы қарқынды түрде дамыды. Кеңшар мақта өсіруші Орта Азия мен Кавказ республикаларын таза сұрыпты, жоғары сапалы тұқыммен қамтамасыз етті. 1927 жылдан бастап кеңшар аумағында мақта тәжірибе станциясы құрылды. 1939 жылы ұжымға одақтық дәрежедегі үлгілі оқу-тәжірибелік кеңшар атағы берілді. Оның жанынан бүкілодақтық мақт өңдеу машиналар станциясының филалы ашылды. Мақта өсірудің шеберіне айналған кеңшардан тоғыз Еңбек Ері шықты. 1958 жылы Шымкент ауылшаруашылық техникумы кеңшардың Дзержинский атындағы бөлімшесіне көшірілді. Әуелгіде дербес оқу орны болған техникум 1965 жылы кеңшармен біріктірілді. Бұл кеңшар ғажайып өндіріс құрылымына айналып, қилы-қилы шежірелі жолдардан өтіп, одақ көлемінде мақта өсірудің көшбасшысы атанды. Шаруашылықтың еңбексүйгіш, ізденімпаз халқы кеңшарды дүниежүзіне әйгілі етті.
Қадірлі жерлестер!
Біздер өткен тарихымызды еске алу арқылы ерлік пен еңбекке толы ата-бабаларымыздың күрес жолын жас ұрпақ жадында мәңгілік қалдыру – азаматтық парызымыз екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан да қазақ мақтасының тұңғышы «Мақтаарал» кеңшарының ғасырлық мерейтойын атап өтудің тәрбиелік мәні мен маңызы зор деп ойлаймыз.
Киелі қарашаңырағымыздың дүбірлі 100 жылдық мерейтойы құтты болсын! Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ өмір, отбасына амандық, құт-береке, жақсылық тілейміз.
Бақыт АСАНОВ,
аудан әкімі.

Қадыр СӘРСЕКБАЕВ,
аудандық мәслихаттың төрағасы.

- Advertisement -spot_img

Басқа жазбалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisement -spot_img

Соңғы жазбалар