Адамзаттың ең басты заңы, ең негізгі қағидасы – татулық. Татулық тұғырына айналған елдің көңілі тоқ, қадамы нық, сенімі зор. Данышпан Күлтегіннің «Тату елге – тыныштық пен тоқшылық нəсіп» деген сөзінің арада он төрт ғасыр өтсе де мәнін жоймай келе жатуыныңсыры осында.
Қазақстан бейбітшілік пен келісімнің туын тіккен мемлекеттің бірі. «Жақыныңды жау тұтпа» деп жат ойлы жандардың өзін жанына жақын тартып, досына айналдырған қазақтың мейірбан, кеңпейіл мінезін өнеге тұтып айтпайтындар кемде-кем. Қазақ жерінде болып, халықтың табиғатымен жақын танысқан өзге елдің саяхатшы, тарихшы, ғалымдарының қай-қайсының зерттеуін, пікірін оқысаңыз, қазаққа деген, қазақылыққа деген ризашылығын, таңданысын байқайсыз. Федор Достоевский, Григорий Потанин, Тарас Шевченколар жазбаларындақазақ ұлтының меймандос, ешкімге жамандық, қаскөйлік жасамайтын халық екенін, бейбітшілік сүйгіш ел екенін сүйсіне жазған. Қазақтың сол кең жүрегі, бекзат болмысы бүгін де өзгерген жоқ. Құшағына 130-дан аса ұлт пен ұлысты ұйыстырып, бейбітшілік пен татулықтың бесігіне айналдырған мемлекеттің сыралғы саясаты кім-кімге де үлгі.
Биыл Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстарды ұйытып, бір мақсат, бір мүддеге біріктіріп отырған Қазақстан халықтары Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы отыз жыл ішінде елдегі бейбіт келісімді сақтаумен бірге, өзге ұлттардың дамуына, тілдерін, салт-дәстүрін сақтап, өз тамырынан ажырамауына барлық жағдай жасалды. Мәселен, Түркістан өңіріндегі халықтың саны 2025 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша 2 миллионнан асты. Тірлігі қайнаған аймағымызда 50 түрлі ұлт өкілдері тұрады.Олардың басым бөлігін өзбектер, тәжіктер, орыстар, әзірбайжандар мен түріктер құрайды. Қазақстанды отаным деген осы ұлттардың ұл-қызы бүгінде өз ана тілінде білім алып, өз дәстүрін кедергісіз ұлықтап жүр. Қазақ мектептерінен бөлек, орыс, өзбек, тәжік мектептерін ашып, шәкірттердің терең білім алуына жағдай жасаған мемлекет өзге ұлттардың өзін еркін сезінуіне барлық жағдайды жасап-ақ жатыр.Осындай қамқорлық пен қолдауды көрген өрендер әлемдік додаларда көк туымызды желбіретіп, «Менің жаным қазақ, қаным қазақ!» деп жеңісін Қазақ еліне арнап, жүрекжарды лебіздерін жеткізгендемерейіміз тасып, көңіліміз марқаяды. Кешегі чемпион Головкиннің «Әкем – орыс, анам – кәріс, өзім – қазақпын!» деуі қалай жүрекке жылу сыйламайды?!
Әрине, мемлекет қамқорлықты қарымтасы болсын деп жасамайды. Азаматтардың жасына, ұлтына, діні мен тіліне, жынысына қарамастан теңдей жағдай жасау, құқығы мен мүддесін қорғау мемлекеттің етене міндеті. Сол міндетін мемлекет ұдайы сақтап, халықтың қамсыз тірлік етуіне тұрақты көңіл бөліп келеді.
Бірақ, бір Отанға топтасып, бір тудың астына біріккен 20 миллион халықты қалыпқа салғандай қып ұстау мүмкін емес. Бір мемлекеттің халқы тұрмақ, алақандай бір отбасының мүшелерінің де пікірі үйлеспейтін, ойы қабыспайтын кездері болады. «Бір анадан ала да, құла да туатыны» сияқты, бір елде өмір сүріп жатқан халықтың да білім деңгейі мен ойлау өресі әртүрлі. Оның ішінде тәртіпке бағынатыны да, теріс жолға үйірі де баршылық. Бірақ, бір адамның ұстанымы мен әрекетіне қарап бүкіл ұлттың болмысы мен бітіміне баға беру қате. Себебі «Жаман адам болғанымен, жаман ұлт болмайды».Мемлекеттегі татулық пен тыныштықтың ғұмыры ұзақ, тіреуі мықты болсын десек, біз осы азаматтар арасындағы сыйластыққа, тәрбие мен тағылымға, ауызбіршілік пен тұтастыққа мән беруіміз керек. Елдегі береке- бірліктің басты формуласы – түсіністік.
«Қазақстан – көп ұлттарды бір шаңырақтың астына жинаған, тату ел» дегенді жиі айтамыз. Алайда, «Тату ел» деп ауыз толтырып айтылатын сөздің арғы жағында қаншама тілек, қаншама еңбек жатыр. «Тату ел» болудың күретамырында мемлекеттің мүддесі, қолдауы, насихаты, күш-қайраты жатқанын көпшілігіміз біле бермейміз. «Тату ел» деген жай ғана лозунг емес, ол – тірі организм, ол – бір-бірімен біте қайнасқан 20 миллионнан аса халық. Ал осы «Жүзі басқа болғанмен – жүрегі бір, тілі басқа болғанмен – тілегі бір» халықты айрандай ұйытып, асықтай иіріп отыру үшін салиқалы саясат, сарабдал жоспар, сыпайы қарым-қатынас керек.
Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан қазақ пен өзбектің, тәжік пен түріктің, қырғыз бен орыстың достығы бүгінде ешкімнің күмәнін тудырмайды. Бірақ, айнымас дос, ажырамас көрші ғана емес, құйрық бауыр асатып, құда болып үлгерген осы ұлттардың аяқ астынан бүлініп, ұлтараздық дауының өршитін кездері де ара-тұра болып тұратыны ешкімге жасырын емес. «Ауыр істің салмағы білекке түсер. Ащы сөздің салмағы жүрекке түсер» демекші, кейде ойсыз айтылған бір сөздің, орынсыз жасалған бір қадамның түсініспеушілік тудырып, аймақты алатайдай бүлдіретіні рас. Бірге туған бауырлардың да кейде бет көріспестей керісетін кезі болады. Ендеше, бір Отан біріктіргенмен, болмысы мен бітімі, дәстүрі мен тәрбиесі бөлек ұлт өкілінің теріс әрекетін жасырып, кем-кетікті тыныш шешеміз деу қисынға келмейді. Оның үстіне, қазіргідей әлеуметтік желілердің әлеуеті күшті кезде қылаудай дүниені қалтарыста ұстау мүмкін емес. Сондықтан кемшілікті жасырып, жапқаннан гөрі, мәселені жариялы шешіп, түйткілдің себебімен бірге, салдарын зерттеуге көбірек ден қойған дұрыс.Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама.Осы ретте мынандай ұсыныстар айтқым келеді.
Біріншіден, бізде Ассамблеяның жүйелі жұмыс істеуіне толық жағдай жасалған. Достық үйлері салынып, қолданысқа берілген. Осы орталықтар тек тіл үйретіп, өзге ұлттардың салт-дәстүрін дәріптеп қоймай, тарихты да түгендеуге маңыз бергені абзал. Әсіресе, әр халықты Қазақстанмен байланыстыратын деректер ұрпақтан-ұрпаққа айтылуы керек. Сонымен бірге, Қазақстанды мекендеген өзге ұлттар қазақтың тарихы мен тілін, дәстүрін үйренсе құба-құп.
Екіншіден,бізде ақсақалдардың беделін көтеріп, қариялар институтын жандандырубағытында жұмыс жүргізу маңызды. Үлкендердің сөзі өтімді, пәрмені мықты болса, жастар бетімен кетпейді. Аймақ ішінде орын алған болмашы даулардың кейде шекарамыздан шығып, жалпыұлттың талқысына айналуына ақсақалдардың жағдайға дер кезінде араласып, үлкендік сөзін айтпауы себеп болып жатады.
Үшіншіден, ұлттарды сайыстыратын емес, табыстыратын жобалар, шаралар жиі ұйымдастырылғаны дұрыс. Наурыз мейрамын тойлау барысында қазір барлық ұлттардың дәстүрін ұлықтауға қадам жасалуда. Сонымен бірге, ассамблея мүшелері жыл сайын қаланы тазалауға, ағаш егу шарасына белсене қатысып жүр. Алдағы уақытта халықта етене жақын етіп, туыс, бауырға айналдыратын шаралар ауқымын кеңейткен дұрыс.
Төртіншіден, кезінде бәріміз халықтар достығын суреттеген шығармаларды оқып, мейірім мен қамқорлықтың не екенін ұғынып өстік. Өкінішке қарай, қазір осы тақырыпқа көп мән берілмейді. Сондықтан, арнайы шығармашылық байқаулар ұйымдастырып, халықтар достығын, ұлттар арасындағы шынайы бауырластықты суреттейтін жаңа шығармалардың дүниеге келуіне мүмкіндік берген пайдалы. Және достыққа, татулыққа үндейтін шығармаларды кең насихаттап, кітаптардың таралып, оқылуына жағдай жасау керек.
Бесіншіден, қазіргі бұқаралық ақпарат құралдары өміріміздің көлеңкелі, жағымсыз жағын жарнамалауға тым әуес. Журналистің жазғаны елдің арасын ірітетін емес, халықтың арасын біріктіретін тақырыптарға арналғаны жөн. Бізде қазақтың кең пейілін, дархандығын, жақсылығын айтқысы келетін өзге ұлттың ақсақалдары жетерлік. Тарихтың тірі куәсі болып отырған сол қарияларды сөйлетіп, тағылымды сөздерін жастардың санасына жеткізе алса, қазақ журналистикасының ұтқаны.
Алтыншыдан, бізде Алғыс айту күнінің атап өтілгенінетоғыз жыл болыпты. 2016 жылы 1 наурыз – Алғыс айту күні болып бекітіліп, барлық ұлттың бір-біріне және осы адамдарды қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні деп белгіленген еді. Бірақ соңғы жылдары бұл мерекенің форматы да, мазмұны да өзгеріп, азаматтардың бір-біріне алғыс айту дәстүріне айналды. Шындығында, дәл осы мереке ұлттар арасындағы достыққа алтын көпір болуға, тарихты түгендеуге қызмет етуі керек еді. Әр мерекенің өзіндік орны, негізгі мақсат-мүддесі бар. Сондықтан, біз де Алғыс айту күнінің миссиясын өз мәнінде қолдануға тиіспіз.Заманның қиын-қыстау шағында туы жығылып, тауы шағылған басқа халықтар үшін жылы мекен, ыстық ұя болған қазақтардың қамқор пейілі мен оларға әрдайым алғыс білдірген өзге ұлт өкілдері адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналғаны абзал.
Қазақтың Герағасына айналған Герольд Бельгер: «Мен қаншалықты неміс болсам, соншалықты қазақпын!» дейтін. Қазақты сүйгендіктен елдің мәселесіне шекеден қарамады, қазақтың жетістігіне қуанды, қасіретіне мұңайды. Қазақстанды мықты еткен осындай азаматтар! Ендеше, тел өскен ұландарымыз дәл Герағаңдай елдің ертеңіне қызмет ете бергей!
М.ТЛЕУБЕРДИЕВ,
Түркістан облысының прокуроры.