Қазіргі таңда қылмыстық саясаттың тиімділігі мен жазалау шараларының маңыздылығы арта түсуде. Құқық қорғау органдары қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, қылмыстың алдын алу үшін түрлі шараларды іске асырады. Солардың бірі – бас бостандығын шектеу жазасы. Бұл жаза түрі сотталған адамды қоғамнан толық оқшауламай, оған түзелуге мүмкіндік береді. Алайда, жүктелген міндеттерді орындамау – сот шешімімен бас бостандығын шектеу жазасының бас бостандығынан айыруға ауыстырылуына әкелуі мүмкін.
Бас бостандығын шектеу – сотталған адамның тұрғылықты жерінде жазасын өтеуін қарастыратын жаза түрі. Оны қылмыстық-атқару инспекциясы (пробация қызметі) қадағалайды. Мұндай жаза түрмелердің жүктемесін азайтып қана қоймай, сотталғандардың қоғамға қайта бейімделуіне мүмкіндік береді. Алайда, сотталған адам сот белгілеген міндеттерді мүлтіксіз орындауға тиіс. Оларға тұрақты тұрғылықты жерін, жұмысын немесе оқу орнын рұқсатсыз өзгертпеу, белгілі бір орындарға бармау, пробация қызметінің шақыртуына уақытында келу, сот жүктеген қосымша міндеттерді орындау (мысалы, мәжбүрлі еңбекке қатысу, алкоголизм немесе нашақорлықтан емделу) жатады. Егер сотталған адам бұл талаптарды орындамаса, жаза түрі бас бостандығынан айырумен ауыстырылады.
ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 67-бабына сәйкес, бас бостандығын шектеу жазасын өтеу тәртібін өрескел бұзу келесі жағдайларда тіркеледі: жыл ішінде бірнеше рет пробация ережелерін бұзу, Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығу, қайта қылмыс жасау, пробация қызметінің заңды талаптарын орындаудан бас тарту, пробациялық бақылаудан жасырыну, мәжбүрлі еңбектен бас тарту. Осындай құқық бұзушылықтар сотталған адамның бас бостандығын шектеу жазасын қатаңдатуға себеп болады. Мысалы, Мақтаарал аудандық сотында пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған С.-ға қатысты іс қаралды. Пробация қызметі оған 100 сағат мәжбүрлі еңбек ету міндетін түсіндіріп, ескерту жасаған. Алайда, сотталған азамат қоғамдық тәртіпке қарсы екі әкімшілік құқық бұзушылық жасап, пробация талаптарын орындамаған. Осыған байланысты пробация қызметі сотқа оның жазасын қатаңдату туралы ұсыныс енгізді. Сот бұл ұсынысты қарап, сотталған адамның бас бостандығын шектеу жазасын 2 жыл 4 ай 19 күнге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырды.
Мақтаарал ауданы прокуратурасы Бас прокуратураның тапсырмасымен уәкілетті органдармен бірлесе отырып, пробациялық бақылаудағы сотталғандарға тұрақты рейдтер жүргізуде. Мысалы, рейдтің алғашқы күндерінде-ақ мобильді топ екі сотталған адамның пробация ережелерін өрескел бұзғанын анықтады. Олар түнгі 22:00-ден кейін тұрғылықты мекенжайында болмаған. Пробация қызметі бұл фактілерді тіркеп, олардың жазасын бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы сотқа ұсыныс енгізді. Өткен жылы Мақтаарал аудандық пробация қызметі сотқа осындай 11 ұсыныс енгізіп, олардың 7-і қанағаттандырылды. Жазаны ізгілендіру – сотталғандарға түзелуге және қоғамға қайта бейімделуге мүмкіндік береді. Бірақ берілген мүмкіндікті дұрыс пайдаланбағандар заң алдында жауап беруге міндетті.
Бас бостандығын шектеу – сотталған адамға қоғамнан оқшауланбай өмірін өзгертуге мүмкіндік береді. Алайда, пробация ережелерін бұзу және сот жүктеген міндеттерді орындамау бұл мүмкіндіктен айырып, жазаны қатаңдатуға алып келеді. Сотталған адамға қойылатын талаптар – оның түзеліп, жұмысқа орналасып, болашақта қайта қылмыс жасамауына бағытталған. Сондықтан, пробациялық бақылауда жүрген азаматтар жүктелген міндеттерге аса жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Багдат АННАСОВ,
Мақтаарал ауданы прокуратурасының прокуроры.
ЖАЗАНЫ ОРЫНДАМАУ – ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН ҚҰТЫЛУ ЕМЕС
