1.2 C
Munich
Суббота, 23 ноября, 2024

САЯСИ ЖҮЙЕНІ ЖАҢҒЫРТУ – МАҢЫЗДЫ ШЕШІМ

Оқылып жатыр

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында еліміз Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынды. Бұл саяси шешімді жұртшылық қуана қолдап жатыр.

«Әзірленген түзетулердің тарихи маңызы бар. Біз мемлекеттігіміздің даму жолындағы жаңа кезеңге қадам басқалы тұрмыз. Осы реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едім. Бұл – қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда, алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын» деді ҚР Президенті.
Осы жылы 16 наурыздағы Жолдауында Мемлекет басшысы саяси реформалардың жаңа пакетін ұсынған болатын. Соның нәтижесінде Конституцияға 33 өзгерту енгізу туралы бастама айтылды. Бұл өзгерістер негізінен Қазақстанның әрбір азаматының мемлекеттік басқаруға қатысу үлесін арттыру үшін жасалуда. Сондықтан да аталмыш өзгерістерді референдум арқылы енгізу көзделіп отыр.
Референдум соңғы рет 1995 жылы қазіргі Конституцияны қабылдау кезінде қолданылған. Сонымен қатар оған енгізілген барлық төрт түзету тек Парламентте дауыс беру арқылы жүзеге асқан. Алдағы конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы қарым-қатынас теңгерімін оңтайландырады, халықтың елді басқаруға қатысуын кеңейтеді, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтеді деп күтілуде. Референдум ескі модельден түпкілікті кету және саяси жүйені қайта бастау үшін қажет. Яғни саясаттанушылардың пікірінше, референдум саяси жүйені жүйелі түрде қайта құру үшін өте маңызды. Өйткені, аталмыш өзгерістер еліміздегі сайлау жүйесі, Президент өкілеттілігін шектеу, жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайтуға, сонымен қатар, адам құқықтарын сақтау мәселелеріне бағытталған. Соның ішінде адам құқықтарын қорғаудың жаңа жүйесі енгізіледі. «Конституцияға жаңадан екі бап қосылады. Олар: Конституциялық сот туралы және Адам құқықтары бойынша өкіл туралы. Ендігі таңда конституциялық сотқа кез келген Қазақстан азаматы конституциялық құқығы бұзылған жағдайда өтініш бере алады» дейді Қазбек Майгельдинов. Саясаттанушы мұндай референдумды өткізу – Қазақстан үшін суперпрезиденттік басқарудан ықпалды парламенті бар республикаға өтудің басты қадамы деп есептейді. «Бұл саяси реформалар Жаңа Қазақстан – Екінші республика ұғымының негізін құрайды деуге болады. Өйткені, суперпрезиденттіктен президенттік республикаға өту – бұл Бірінші республикадан Екінші республикаға өту деп қабылдануы қажет» деді саясаттанушы.
Республикалық референдум өткізу азаматтарымыздың конституциялық құқығы, ол бүкіл халыққа ел болашағы үшін ортақ жауапкершілік жүктейді. Осылайша ортақ мүддеге жұмылу арқылы нағыз демократиялы және әділетті «Жаңа Қазақстанды» қалыптастыруға болады. Реформа аясында Ата Заңымыздың 33 бабына түзету енгізілмек. Яғни еліміздің ең басты Құжатының үштен бірі өзгереді деген сөз. Сол себепті, осындай тарихи бетбұрысты халықтың тікелей қатысуымен жүзеге асыру аса маңызды. Президент ұсынысы халықтың талап-тілегі мен сұранысынан туындап отыр. Сондықтан бұл бастаманы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының тағы бір нақты нәтижесі деп қабылдаған жөн. Елімізде жүргізіліп жатқан саяси өзгерістер Мемлекет басшысының қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру мақсатында жасалуда.

С.ҚАЛДЫБАЕВ.

Алдыңғы мақала«Мақтаарал №21»
Келесі мақаладаPDF нұсқа №22
- Advertisement -spot_img

Басқа жазбалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisement -spot_img

Соңғы жазбалар