8.3 C
Munich
Вторник, 17 сентября, 2024

МЕРЕЙ

Оқылып жатыр

МЕЙІРІМ ЖҮРЕКТІ СӘУЛЕШ

ардақты ана, ұлағатты ұстаз, білікті ұйымдастырушы Сәулеш Сламбекқызы ЕРМАНОВА жайлы сыр

Ұстазға деген ізет, мектепке деген құрмет толассыз атқарылған еңбекпен ғана тереңдей түсері анық. Міне, осындай тынымсыз еңбектің арқасында жылдар бойы көптеген жетістіктерге қол жеткізіп, бүгінде еңбектің зейнетін көріп, өскелең ұрпаққа үлгі болып жүрген аяулы жанның бірі – Бірлік ауылдық әжелер алқасының төрайымы, «Болашағы келіскен жарқын ел» қоғамдық бірлестігінің басшысы, ардагер ұстаз Сәулеш Сламбекқызы Ерманова.

Сәулеш Сламбекқызы 1958 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Киров ауданындағы “Большевик” кеңшарында дүниеге келген. 1975 жылы Макаренко атындағы жалпы орта мектебін үздік аяқтап, еңбек жолын осы мектепте аға тәлімгер болып бастайды. 1976-1981 жылдары Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында жоғары оқу орнын орыс тілі және әдебиеті мамандығы бойынша қызыл дипломмен аяқтайды. Ұстаздықтың ұлы жолын таңдаған Сәулеш Сламбекқызы 1983-1993 жылдары мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек етеді. Кейіннен 1994 жылдан бастап ширек ғасырдан астам уақыт Бірлік ауылдық округі, Қоңырат елді мекеніндегі Б.Момышұлы атындағы орта мектепте директор болып қызмет етеді. Еліміздің егемендік алған алғашқы қиын жылдарында мектеп тізгінін қолына алған ол біліктілігі мен іскерлігінің арқасында білім көрсеткішін алдыңғы қатарға шығарады. Шәкірттерге сапалы білім беруде жемісті еңбек ете жүріп, білім берудің озық іс-тәжірибелерін өз практикасында толыққанды пайдаланып отырды. Басшылық пен бақылауды тиімді ұйымдастырудың нәтижесінде оқыту мен тәрбиелеудің өзіндік қолтаңбасын қалыптастыра отырып, «Білім туралы», «Тіл туралы», «Еңбек Кодексі» Заңдары негізінде жұмыс жүргізді. Қоғамдық іс-шаралардың да басы-қасында жүрді. Өмірден түйгені мол, парасатты жан мектептегі мұғалімдерге рухани демеу беріп, әлеуметтік жағдайын назардан тыс қалдырған емес. Мектептің материалдық базасын нығайту жолында да айрықша еңбегімен бағаланды. Сондықтан да ынтымағы жарасқан ұжым Сәулеш апайды ерекше құрметтейді, оның адамгершілік қасиетін үлгі етеді.
Жемісті еңбегі бағаланып, шәкірт тәрбиелеу ісіне қосқан сүбелі үлесі үшін ҚР білім беру ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін», «Ел құрметі» төсбелгісімен және облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталады. Бұл ұлағатты ұстаздың өмірде ұстанған, жаңалыққа ұмтылған еңбектерінің көрсеткіші.
2017 жылы Сәулеш Ерманова зейнет демалысына шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстан қол үзген жоқ. Бүгінде «Бірлік» ауылдық әжелер алқасының және «Болашағы келіскен жарқын ел» үкіметтік емес ұйымның төрайымы. Ауыл жастарына ұлттық құндылықтарды насихаттап, тағылымды тәрбие беру жолында түрлі іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болып жүр. Сонымен қатар, Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Мақтаарал мүгедек балаларды оңалту орталығында» ата-аналар комитетінің төрайымы болып сайланған Саулеш апай оңалту орталығындағы мамандарға қолдау білдіріп, біргелікті жұмыс жасап келеді.
Өмірлік серігі Маханбетов Әшірбай аға ауылшаруашылық саласының кәсіби маманы. Аудандағы ауылшаруашылық механизациясы өндірістік комбинатында сервис орталығының бас маманы болып еңбек етеді. Әшірбай аға мен Сәулеш әпке түйдей құрдас, екеуі де биыл 65 жастың биігіне шықты, ал шаңырақ көтергендеріне 40 жыл толып отыр.
Ата-ананың ізгілікті тәрбиесімен сусындап өскен ұл-қыздары да бір-бір мамандықты жетік меңгеріп, елдің өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген абыройлы, білімді азаматтар. Әшірбай аға мен Сәуле әпке бүгінде немере сүйген ардақты әке, аяулы әже.
Іскер, еңбексүйгіш мінезімен ел құрметіне бөленіп жүрген ардагер ұстаз Сәуле Сламбекқызы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жастардың өмірде тура жол табуына ықпал етуді парызым деп санайды.
Бұл біз білетін Сәуле Сламбекқызының бір қыры ғана. Еліне елеулі еңбегі сіңген жанның әрқашан шоқтығы биіктей беретіні сөзсіз.

Ұлжанат ИСМАИЛОВА.

 

- Advertisement -spot_img

Басқа жазбалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisement -spot_img

Соңғы жазбалар