2,5 пайыздық несие беру басталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бұл орайда биыл елімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады.
Осы ретте Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие беру басталды. «Ауыл аманаты» жобасына облыстағы 16 ауданның 32 ауылдық округінің тұрғындары қатыса алады. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 20 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді. Жалпы, өңірімізден орташа есеппен алғанда 2500-ден аса азамат бағдарламаға қатыса алады деп жоспарланып отыр. Аталған жоба ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құс санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылады: өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және тұрғындардың өз кәсібін ашуына мүмкіндік беру.
Бұл бағдарлама негізінен ауыл шаруашылығын өркендетуге басымдық береді. Несие алу үшін ауыл тұрғындары ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіруі қажет. Ауыл әкімдіктері тұрғындар несие алғанша толық сүйемелдеу жүргізеді. Несие алуға жасы зейнет жасына жетпеген кез келген ауыл тұрғыны өтінім бере алады. Кәсіп ашуға оқыту тегін жүргізіледі. Несиесін толық жауып, кәсібін дамытқысы келетіндер жеңілдетілген несиеге қайта қол жеткізе алады.
Жоба аясында жеке қосалқы шаруашылық пен жеке кәсіпкерлерге 8625000 теңгеге дейін, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне 27600000 теңгеге дейін несие беріледі. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез келген мүліктің 70 пайызы бағаланады. Несиені өтеуге берілетін жеңілдік кезеңі – 12 айға дейін.
Айта кетсек, «Ауыл аманаты» жобасы 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады.
Түркістан облыстық
өңірлік коммуникациялар қызметі.