1.5 C
Munich
Среда, 29 января, 2025

АУДАНОВАНЫҢ АЛУАН ҚЫРЫ

Оқылып жатыр

Әдебиет атты әдемі де сырлы әлемде өзіндік өрнегімен танылып үлгерген талантты жазушы, жерлесіміз Бақтыгүл Ауданова (Суретте сол жақтан екінші) алуан қырымен де ерекшеленеді. Мұны А.С.Пушкин атындағы Шымкент қалалық әмбебап кітапханасында жазушының шығармашылық кеші әрі «Адамның қадірі» атты аударма кітабының тұсаукесерінде тағы да тани түстік. Бақтыгүл қазіргі Мақтаарал ауданы, Достық ауылдық округіндегі М.Ғабдуллин атындағы орта мектепті бітірген. Біраз жыл Шардара ауданында “Шартарап-Шарайна” газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып істеді. Екі прозалық кітаптың авторы. Жақында Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне өтті.

Жалпы, әдебиет атты мұхитқа әркім-ақ кемесін, қайығын салады. Сол аппақ айдында талайлардың ішінен бір кеменің желкені жарқырап көрініп тұрады. Бақтыгүлдің шығармасына талдау жасағанда осы көрініс көз алдымызға келеді. Оны жазушы-драматург Захардин Қыстаубаевтың мына сөзімен де дәлелдеуге болады.
— Бұл осыдан жиырма жыл бұрын болатын. Мен ол кезде «Жас Алаш» газетінде қызмет етіп жүргенмін. Бір күні оқушы дәптеріне жазылған әңгіме келіп түсті. Әңгіме авторының оқушы екенін біле қойдым. Әңгімені оқып отырсам, тілі жатық, айтайын деп отырған ойы айқын, оқиғасы ойландырады екен. Дереу газетке ұсындым. Көп кешікпей газетте жарияланды. Бұл — Бақтыгүл еді. Оның талантты жазушы боларына сол кезде-ақ сенгенмін, — дейді Захардин ағасы.
Ал, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, қазақтың көрнекті ақыны Ханбибі Есенқарақызы сіңлісінің «Ай толғатып жатқанда» атты кітабын оқып-ақ бір талантты тапқанын айтып өтті. «Осы кітапты оқып шыққан соң Бақтыгүлге Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне өтуі үшін кепілдеме жазып бердім» деп түйіндеді Ханбибі апа сөзін.
«Адамның ішкі сырын білгің келсе, онымен сыйлас, сырлас» дейді қазақ. Сол сияқты таланттарды терең білгің келсе, оның кітаптарын оқып, шығармашылық кешіне қатысуың керек-ақ. Талантты сазгер Арайлым Саттарова кеш иесі Бақтыгүл Ауданованың «Арнау» деген өлеңіне ән жазыпты. Негізінен бұл арнау қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевқа арналған. Гитарамен орындалған сазды әуен көпшілікті тебірентті. Мұнан соң Ж.Тәшенов атындағы университет студенттері мен әл-Фараби атындағы жалпы орта мектебінің оқушылары Б.Ауданованың жырларын мәнерлеп оқып, келушілерге жақсы көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар кеш иесінің «Сіз мені сағындыңыз ба?» атты әңгімесінен сахналық қойылым қойды. Жазушының шығармаларын сүйіп оқитын оқырмандар республикамыздың түкпір-түкпірінде көп екен. Мұны Астанадан «Егемен Қазақстан» газетінің заңгері Абдулмахмуд Пошатаевтың, Алматыдан халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, танымал ақын Бақытжан Алдиярдың, тағы да басқа ақын, жазушылардың көптеп келгенімен дәлелдеуге болады.
Бақтыгүлдің өзі әңгімелегендей, оны әдебиет айдынына әкелген өзбек жазушыларының шығармалары екен. Көп ойлана келе ол өзі құрметтейтін өзбек жазушыларының әңгімелерін неге қазақ тіліне аудармасқа деген шешімге келеді. Сонымен, Асхад Мұхтор, Азим Обидов, Шахло Ахророваның әңгімелерін тәржімалайды. Мәселен, Асхад Мұхтор шығармаларын жазу үшін алып үш құрлықтың жиырма шақты елінде болып, Швеция аралдары мен Фудзияма таулары баурайын, Париж алаңдары мен Неаполь шығанақтарын, Шанхай көшелерін, Сомали жағалауын, Ыстамбұл базарларын, Яваның сұлу бақтарын, Цейлондағы шай плантацияларын, ежелгі Юнон қирандыларын, Ганг өзені мен Мысыр пирамидаларын аралап, балалармен дос болып, олардың өміріндегі қызықты да қиын оқиғаларды шығармаларына арқау етеді. Олардың өмір сүру салты мен тағдыры жас оқырмандарды ойландырмай қоймайды. Кітапта әлем балаларының тіршілік пен тыныштық үшін күресі, Отанына деген сүйіспеншілігі жан-жақты баяндалады. Демек, жасөспірімдердің ойлау көкжиегі кеңи түседі.
Міне, Ауданованың аудармашылық қыры осылай ашылды. Кешті жазушы-журналист, шежіреші Момбек Әбдәкім жүргізіп отырды. Кеш сыршыл әндермен өріліп, әдемі де әсерлі өтті.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
жазушы.

- Advertisement -spot_img

Басқа жазбалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisement -spot_img

Соңғы жазбалар