Аудан әкімі Бақыт Асанов тиісті кесте бойынша аудан тұрғындарымен кездесіп талап-тілектерін тыңдады. Жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын және жауапкершілігі мен есептілігін арттыру мақсатында өткен жиында халыққа ашық микрафон ұсынылып, тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын, әлеуметтік мәселелер бойынша ой-пікір, ұсыныстарын айтты.
Көшпелі кездесуде Бақыт Насырханұлы жыл басынан бері атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасап, алдағы атқарылатын жұмыстар мен жобалар туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар, кездесуде халықты толғандырған әлеуметтік мәселелерге баса назар аударды.
Мырзакент кентінде өткен жиында кент тұрғындары Б.Байжанов Т.Тәжібаев көшесі бойында орналасқан балалар ойын алаңшасын толығымен ретке келтіруді сұраса, Б.Сералиев кент орталығынан Астана, Алматы қалаларына қатынайтын автобустар қоюды өтінді. Ал кент тұрғыны Д.Жолдыбаева орталық алаңда орналасқан су бұрқақтарды демалыс күндері кешкі уақыттарда да қосса екен деген тілегін жеткізді.
Жаңажол ауылдық округінде өткен кездесуде Ақжол елді мекенінің тұрғыны Б.Мырзалиев Ақжол және Арайлы елді мекендеріндегі тозығы жеткен ауыз су құбырларын күрделі жөндеуден өткізіп, елді мекен тұрғындарын сапалы таза ауыз сумен қамтамасыз етілсе деген тілегін жеткізді. Сонымен қатар Арай елді мекенінде бас жоспарға енбей қалған тұйық — Ырысты көшесінің қалып кеткен 200 метрлік жерін асфальттап беруді сұрады. Ал Нұрлыжол елді мекенінің тұрғыны А.Орманов осы елді мекендегі құрылыс жұмыстары басталған мектеп ғимараты мерзімінде аяқталса деген өтінішін жеткізді.
Еңбекші ауылдық округі, Шұғыла ауылының тұрғыны К.Утеулиев Т.Жайлыбаев елді мекені мен Мырзакент кентін байланыстыратын республикалық маңызы бар А15 тас жолын күрделі жөндеуден өткізсе деген тілегін жеткізсе, Т.Жайлыбаев ауылының тұрғыны А.Шамсутдинов Шұғыла елді мекеніне заманауи жаңадан ФАП салып беруін сұрады.
Иіржар ауылдық округінде өткен жиында Алаш елді мекенінің тұрғыны Б.Алибекова осы елді мекеніндегі құлаған ауыз су мұнарасын қайта қалпына келтіріп беруді сұрады. Азамат елді мекені тұрғыны Ү.Нұрмағанбетов Азамат елді мекеніндегі жаңадан салынып жатқан мектеп құрылысының жұмыстары тиісті мекемелер тарапынан қадағалауға алынып, құрылысы сапалы жүргізілсе деген өтінішін жеткізді. Сонымен қатар тұрғындар Иіржар ауылдық округі аумағындағы ИДЖЖ-2 жобасы аясында салынып жатқан каналдар мен арық-атыздардағы жіберілген кемшіліктерді жою туралы да өтініштерін айтты.
Аудан әкімінің тұрғындармен өткен көшпелі кездесуі Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінде де жалғасын тапты. Округтегі Қарақыр ауылының тұрғыны Қ.Мұратов Өнімкер, Ырысты, Қарақыр елді мекендеріне жаңадан дәрігерлік амбулатория салу керектігін айтты. Сонымен қатар Қарақыр елді мекеніндегі Нұрлыжол көшесінің енін кеңейтуді сұрады. Ырысты ауылы тұрғыны А.Сарыбаев осы елді мекендегі Алғабас көшесіне мектепке барар жолға жаяу жүруге арналған аяқ жол салуын өтінді. Ал Ынталы ауылының тұрғыны А.Сыдықов осы елді мекендегі Жошыбаев және Құрманбеков көшелерінің қиылысында орналасқан көпірді жөндеп, асфальт төсеп беруін сұраса, Өнімкер елді мекенінің тұрғыны А.Мусаев Өркен елді мекенінде орналасқан ауыз су мұнарасы қазіргі таңда тозығы жетіп тұрғандығын айтып, жаңа мұнара тұрғызып берсе деген өтінішін жеткізді.
Достық ауылдық округінде ауыз су тарифінің қымбаттауы туралы сөз еткен Хайдар ауылының ауыл биі Акажон Алимов осы елді мекеніннің кіре берісі мен ауылдың орталық көшелерін жарықтандыру қажеттігін де айтты. Достық ауылы тұрғыны Жұлдызай Егембердиева аталмыш ауылдағы Абай көшесіне жөндеу жүргізіп, асфальттап беруді сұрады.
А.Қалыбеков ауылдық округіндегі жиында Жаңажол елді мекені тұрғыны М.Сыдықов ИИДЖ-2 құрылыс жұмыстарындағы К 22-8 және К-24-2 каналдарындағы жіберілген кемшіліктерді жоюды өтінді. Тұран ауылының тұрғыны О.Оразов елді мекенге барар тас жолын және Төрткөл елді мекеніндегі Үйсінбаев, Арай көшелерін, Абат елді мекеніндегі Аманқұлов көшесін, Жамбыл елді мекеніндегі Жанысбаев көшелерін асфальттап беруді өтінді.
Атакент кентіндегі басқосуда Мақтаарал аудандық маслихатының депутаты Б.Шампиев кенттегі Желтоқсан көшесі орталық көше болғандықтан көше бойынан жаяу жүрушілерге арналған аяқ жол салу керектігін айтты.
Жамбыл ауылдық округі ақсақалы У.Айтөреев мемлекет тарапынан берілетін кәсіпкерлерге арналған несиені алу бойынша кепілге қойылатын құжаттарды рәсімдеуге кететін төлемдер жоғары екендігін және кәсіпкерлер үшін электр энергиясының тарифтері кәсіпкерлік ашуға қолайлы еместігі туралы сөз қозғады. Жамбыл ауылдық округінің тұрғыны А.Сабденов Көкпарсай ауылындағы К-18-68-1 каналын бетондауды өтінді.
Мақтарал ауылдық округінде өткен есепті жиында Мәдениет ауылының тұрғыны Р.Хамраева округтегі салынып жатқан жолдар бақылаушы мекемелер тарапынан жіті қадағаланса екен деді. Ал Береке ауылының тұрғыны М.Ахмедов ауылдағы ИДЖЖ-1, ИДЖЖ-2 жобалары бойынша құрылысы жүріп жатқан жұмыстардың қашан толық аяқталатындығын сұрады.
Тұрғындар тарапынан қойылған барлық өтініш-тілектер бойынша тиісті сала мамандарына тапсырма берілді.
«МАҚТААРАЛ»- ақпарат.