3.5 C
Munich
Вторник, 3 декабря, 2024

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (көкала) ауруынан сақтанайық

Оқылып жатыр

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) немесе халық аузында айтылатын «көкала» ауруы – бұл вирус қоздырғышынан туындайтын адамдардың аса қауіпті жұқпалы  ауруы. Адамдарға бұл ауру денесінде ауру қоздырғышы бар кене шаққанда, науқас адамдармен қарым-қатынаста жұғады. Аурудың негізгі тасымалдаушысы иксод кенелері. Күн жылысымен кенелердің белсенділігі артып, жан-жануарларға және адамдарға шабуыл жасайды. Адамдар арасында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы кенелердің белсенділігі артқан кезде жиі кездеседі, яғни көктемде наурыз-маусым айлары мен күзде қыркүйек-қазан айларында.

Табиғи ортада ҚКГҚ вирусы кенелердің және әртүрлі жабайы жануарлар мен үй жануарларының ағзасында болады. Географиялық ерекшеліктеріне байланысты Қазақстанның 4 аймағы осы аурудың табиғи ошағы болып табылады: Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстары және Шымкент қаласы.

       Аурудың белгілері. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (көкала) ауруы аяқ астынан тез басталады.  Басталуы кез келген вирустық инфекцияда болатын белгілермен сипатталады – дене қызуының күрт көтерілуі, бас ауруы, тамаққа тәбетінің болмауы, буын мен белдің сырқырауы. Келесі күні лоқсуы, құсуы, іші өтуі, ине салған жерлері көгеруі, беті ісініп, қызаруы мүмкін. Ауру одан әрі дамыған жағдайда науқастың мұрнынан, қызыл иегінен, ішектен қан кете бастайды, тері бөртпелері және тері астына қан құйылу арқылы көкала дақтар пайда болады. Осының салдарынан науқастың жағдайы нашарлап,әлсірейді, жүректің соғуы жиілейді. Аурудың бірінші белгілері пайда болған жағдайда емдеуді мүмкіндігінше тез бастау керек.

Алдын алу шаралары. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының «Ветеринариялық қызметі» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының Мақтаарал аудандық филиалының мамандары (ТО АШБ «Ветеринаиярлық қызметі» ШЖҚ МКК Мақтаарал аудандық филиалы) негізгі атқаратын жұмыстарынан тыс, КҚГҚ ауруының алдын алу бойынша кенелердің белсенділігі артқан көктемде наурыз-маусым айлары мен күзде қыркүйек-қазан айларында тиісті  іс-шараларды, яғни мал қора-жайларды дезинсекциялау (зарасыздандыру) және ауыл шаруашылығы жануарларына кенеге қарсы зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізеді.

Аудан аумағындағы елді мекендерді кенеге қарсы залалсыздандыру іс-шараларына облыстық бюджеттен жыл сайын тұрақты түрде қаржы бөлінеді. Кенеге қарсы зарарсыздандыру іс-шаралары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мемлекеттік реестрінде тіркелген залалсыздандырғыш препараттарды пайдалану арқылы жүргізіледі. Биыл кенелер ерекше белсенділік танытуда. Ауданда былтырғы жылмен салыстырғанда адамдарды кене шағу жағдайы едеуір артқан. Сондықтан зарарсыздандыру жұмыстарының күзгі кезеңін ерте, яғни шілде айының  екінші он күндігінде бастау жоспарланып отыр.  2023 жылы аудан аумағындағы барлық елді мекендерде көлемі 85 5834 шаршы метр  мал қора-жайлар мен оған жапсарлас аумақтар  және  81 3619 шаршы метр  суаттар мен мал иірімдеріне залалсыздандыру  жұмыстарын жүргізу және51 044 бас ірі қара, түйе, жылқыны және 64 042 бас қой, ешкіні кенеге қарсы зарарсыздандыру   жұмыстары жоспарланған.

2002  жылғы 10 шілдедегі ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 25-бабының 3 және 12 тармақшасында жеке және заңды тұлғалар (мал иелері):

аумақты, мал шаруашылығы қора-жайларын, сондай-ақ жемшөптi, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты сақтауға және өңдеуге арналған ғимараттарды ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) ережелер мен ветеринариялық нормативтерге сәйкес ұстауға, қоршаған ортаның ластануына жол бермеуі тиіс;

ветеринария саласындағы мамандардың ветеринариялық іс-шаралар өткізу бойынша  қызметтік міндеттерін орындау кезінде оларға жәрдем көрсетуге-делінген.

Сондықтан, жеке және заңды тұлғалар (мал иелері) мал қара-жайларды зарарсыздандырудың (дезинсекциялау) алдында міндетті түрде ескі көң-қидан  механикалық тазартып,  мал шаруашылығы қора-жайлары мен  ауыл шаруашылығы жануарларын кенеге қарсы зарасыздандыру  жұмыстары кезінде ветеринария саласындағы мамандарға жәрдем көрсетулері тиіс. Бұл өз кезегінде дезинсекция жұмыстарының сапалы орындалуына оң  әсерін тигізеді.

     Сақтану жолдары. Кене шаққанда немесе кенемен жанасуда болу арқылы аса қауіпті инфекцияны жұқтыру мүмкін болғандықтан өзіңізді және өз жанұяңызды қорғау үшін міндетті түрде жеке басты қорғау, сақтану құралдарын пайдаланыңыз.Мал жайылымдары мен далалық жерлерде, егіс алқаптарында еңбек ететін адамдар кенелер көбейген кезде сақ болғаны жөн. Жұмыс кезінде ұзын жеңді, ашық түсті киім киіп (кене бірден көзге түседі) шалбардың балағын шұлықтың ішіне салып қою қажет. Дененің барынша жабық болғаны дұрыс. Ауыл шаруашылығы жануарларын күту және қырқым кезінде арнаулы қорғаныс киім мен қолғап киюді естен шығармаған абзал. Жұмыс соңында денесі мен киімін кенеден тазартып отыруды әдетке айналдыруы қажет.Денеге кене жабысқанын байқасаңыз оны пинцетпен алып, орнын спиртпен немесе йодпен сүртеді және міндетті түрде дәрігерге көрініңіз.

Шериаздан  СЕЙТЖАНОВ,

ҚР АШМ ВБжҚК Мақтаарал аудандық аумақтық инспекциясы басшысы.

- Advertisement -spot_img

Басқа жазбалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisement -spot_img

Соңғы жазбалар