Мақтаарал ауданының Қоғамдық кеңесі қолданыстағы заңнамаға сәйкес құрылып, оның құрамына 11 адам енген. Қоғамдық кеңес аясында мәселелерді талқылаудың жоғары деңгейін оның сапалық құрамы қамтамасыз етеді. Оған қоғамның түрлі санаттары мен топтарының өкілдері, мемлекеттік құрылымдар, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер, аудандық мәслихаттың депутаттары, қоғамдық бірлестіктер, ауданның Құрметті азаматтары, өзге ұлт өкілдері, мүмкіндігі шектеулі азаматтар еніп, сайланды.
Кеңестің тиімді қызметін жүзеге асыру үшін Қоғамдық кеңестің жанынан екі комитет құрылды. Біріншісі – бюджет, экономикалық даму, әлеуметтік және сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимыл мәселелерімен айналысатын комитет және екіншісі – аграрлық сала, жер қатынастары және табиғатты пайдалану, мемлекеттік-құқықтық мәселелері және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі комитеттер болып құрылды. «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында Мақтаарал ауданының қоғамдық кеңесі туралы ережеде айқындалған өкілеттіктерді ескере отырып, қоғамдық кеңестің 2023 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді, онда қызметтің басым бағыттары айқындалды.
Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында ауданның Қоғамдық кеңесі қоғамның мүдделерін білдіруге арналған кеңесші-консультативтік орган төрт отырыс өткізді. Онда азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын қорғайтын және тағы да басқа өзекті мәселелер қаралды. Қоғамдық кеңес мүшелері айына кемінде бір рет мәселелерді талқылау және шешімдер қабылдау үшін, оның ішінде әртүрлі салаларға қатысты мәселелерді қарау үшін жиналады. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Мақтаарал ауданының Қоғамдық кеңесінде 18 мәселе қаралды. Оның ішінде әртүрлі салаларға қатысты 6 нормативтік-құқықтық акті бойынша жиын өтті. Басқосуда тұрғындар тарапынан, қоғамдық қабылдауда көтерілген шаруаларға ағын су жеткізу, Жантақсай ауылына газ тарту, тозығы жеткен электр бағаналарын жаңарту, Мырзакент кентіндегі Тұрғынбаев көшесін жарықтандыру мәселелері жауапты мемлекеттік органдар мен квазисектор басшыларының қатысуымен талқыланып, пысықталды.
Қоғамдық кеңестің 2023 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, ағымдағы жылдың қаңтар айында Мақтаарал аудандық мәслихаты төрағасының 2022 жылдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмысы туралы есебі қаралды. Сонымен қатар ағымдағы жылдың наурыз айында Қоғамдық кеңесте «Мақтаарал ауданы әкімдігінің 2022 жылдың қорытындысы бойынша аудан бюджетінің орындалуы туралы» Мақтаарал ауданының экономика және қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі Ж.Байниязовтың есебі тыңдалып, ол мақұлданып, аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының қарауына енгізілді. Осы жиында аудандық мәслихаттың төрағасы Қ.Сәрсекбаев пен аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы ретінде өзім де қосымша баяндама жасадым.
Қоғамдық кеңес отырыстарында жоғарыда аталған мәселелермен қатар аудан әкімінің қаулылары мен жергілікті мемлекеттік мекеме басшыларының атқарылған жұмыстарының есептері қаралып, әрбір мәселе бойынша ұсынымдық сипаттағы шешімдер қабылданды.
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 2022 жылғы 2 ақпандағы №802 Жарлығымен бекітілген «2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы» мен Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұсынысы негізінде, аудандағы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету мақсатында Мақтаарал ауданының Қоғамдық кеңесінің жанынан құрылған бюджет, экономикалық даму, әлеуметтік және сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимыл мәселелерімен айналысатын комитеттің биылғы жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.
Мақтаарал ауданының Қоғамдық кеңесінің жанынан құрылған бюджет, экономикалық даму, әлеуметтік және сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимыл мәселелерімен айналысатын комитеттің жұмыс жоспарына сәйкес, тоқсан сайын мемлекеттік және жергілікті атқарушы орган басшыларының сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бойынша атқарылған жұмыстары тыңдалып отырады.
2023 жылдың 2 наурызында Мақтаарал ауданының Қоғамдық кеңесі Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы № 383-V Заңына және Қоғамдық кеңестер апталығын ұйымдастыру және өткізу тұжырымдамасына сәйкес «Қарттар мен мүмкіндіктері шектеулі балаларға әлеуметтік қызмет көрсетудің жағдайы мен сипаты» тақырыбына арналған «Қарты бар ел — қазыналы ел» және «Дені сау ұрпақ — ел болашағы» атты іс-шаралардың шеңберінде қоғамдық бақылау өткіздік. Апталық іс-шаралар өткізу кестесіне сәйкес, аудандағы «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Замандастар және Ten Qogam» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесіндегі қарттар қауымына көрсетіліп жатқан әлеуметтік қызметтердің сапасына және Түркістан облысының адами-әлеуетті дамыту басқармасының «Мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесіндегі мүмкіндіктері шектеулі балалардың сапалы білім алуы мен оларға лайықты қызмет көрсетілуінің сапасына қоғамдық бақылау жүргізілді.
Аталған іс-шараның мақсаты – Қоғамдық бақылау функцияларын іске асыруда Қоғамдық кеңестің белсенділігі мен тиімділігін, мемлекет жұмысының ашықтығын көрсету және олардың қызметі туралы халықтың хабардар болу деңгейін арттыру. Қоғамдық кеңестер апталығы ұдайы жүргізіледі. Өңірдегі маңызды мәселелер бұдан былай қоғамдық бақылауға алынатынын болады. Апталық іс-шаралар нәтижесі қорытындыланып, БАҚ-та және Қоғамдық кеңестің фейсбук әлеуметтік желісінде жарияланып тұрады.
Қоғамдық бақылау барысында Мақтаарал ауданының Қоғамдық кеңесінің апталық іс-шаралар өткізу кестесіндегі мәселелерге бақылау жасалды. Бақылау нәтижесінде әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында өзекті мәселелер талқыланып, тиісті ұсыныстар берілді.
Кеңес мүшелері барлық мәселелерді талқылау кезінде белсенділік пен табандылық танытады, қойылған міндеттер мен проблемаларды шешу бойынша сындарлы ұсыныстар енгізеді. Олар мемлекеттік органдар өткізетін түрлі іс-шараларға, кеңестерге қатысады. Қоғамдық кеңес мүшелерін аудан әкімдігі жанындағы комиссиялар құрамына енгізу маңызды, бұл өңірдегі маңызды оқиғалардан хабардар болуға мүмкіндік береді.
Қоғамдық кеңестің барлық іс-шаралары ашық сипатта өтетінін атап өткен жөн. Оның жұмысына, әдетте, мүшелері ғана емес, мемлекеттік органдарының басшылары, баспасөз өкілдері, жергілікті қоғамдастық пен басқа да органдардың өкілдері қатысады.
Қоғамдық кеңес құрылған сәттен бастап оның қызметі аудандық мәслихаттың интернет-ресурсында жарияланып, онда «Қоғамдық кеңес» арнайы айдары құрылған. Мұнда кеңестің құрамы, Қоғамдық кеңес туралы қабылданған ереже туралы толық ақпарат, кеңес комиссиялары құрамының тізімі, жұмыс жоспары, өткізілетін отырыстар мен іс-шаралар туралы материалдар орналастырылған. Тиісті ақпаратты жаңарту тұрақты түрде жүргізіледі. Аудандық қоғамдық саяси “Мақтаарал” газетінде Қоғамдық кеңестің қызметі мен жұмысы туралы мақалалар жиі жарияланып тұрады.
М.ЕРДЕШОВ,
Мақтаарал аудандық Қоғамдық
кеңесінің төрағасы.