Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы ауданымызда да бекітілген жоспарға сәйкес тұрақты жүргізіліп келеді.
Акцияның басты мақсаты – қоршаған орта мен тұрғындар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету, азаматтық жауапкершілікті арттыру, экологиялық сана мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру және нығайту мақсатында құрылған қоғамдық игілікке ұқыптылықпен қарау қағидаттарын қалыптастыру болатын. Осы мақсатта Бірлік ауылдық округі, Өркениет елді мекенінде өткен сенбілікке 200 адам жұмылдырылса, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округі, Қарақыр елді мекенінде өткен тазалық жұмыстарына 700-ден астам адам қатысты. Округ әкімдігі, ауыл билері мен ардагерлері, әжелер алқасының бастамасымен өткен тазалық шарасына барлық мемлекеттік мекемелер, кәсіпкерлік нысандардың ұжымдары мен тұрғындар атсалысты. Сонымен қатар, аудан орталығында орналасқан Мырзакент спорт кешенінде де сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Сенбілікке Мырзакент спорт клубының қызметкерлері қатысып, тазалық және ағаш көшеттерін суару, арам шөптен тазарту жұмыстары жүргізілді.
Сенбілік №5 Мақтаарал мектеп-гимназиясы мекемесінде де жалғасын тапты. Іс шараға қатысқан ата-аналар кеңесінің төрағасы, Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы А.Худайкулов бейне үндеу жолдап, ауыл тұрғындарын игі бастамаға белсенді қатысуға шақырды.
Тазалық жұмыстары барысында күл-қоқыс шығарылып, арық-атыздардың бойы, ішкі көшелер, аяқжолдар, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлік нысандар күл-қоқыстан арылды. Сонымен қатар, ағаштар ақталып, аялдамаларға әктеу-сырлау жұмыстары жүргізілуде. Атқарылған жұмыстарға белсенді жастар мен еріктілер де атсалысты.
“МАҚТААРАЛ”-ақпарат.