2025 жылғы 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын жариялады. Бұл Жолдауда еліміздің экономикалық, саяси, әлеуметтік дамуының өзекті бағыттарымен қатар білім саласын түбегейлі жаңғыртуға байланысты нақты тапсырмалар берілді. Цифрлық дәуірдің талабына сай білім жүйесі де соған бейімделуі қажет екені ашық айтылды. Мемлекет басшысы Жолдауда білім және ғылым саласына ерекше басымдық беріп, жасанды интеллект пен жаңа технологияларды енгізу арқылы заманауи әрі сапалы білім беру жүйесін қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
Жолдаудың басты жаңалығы – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылуы. Бұл – Қазақстанның жаңа технологиялық белеске көтерілгенінің айғағы. Сонымен қатар, Президент білім беру жүйесін осы үрдіске бейімдеуді тапсырды. Яғни, жас ұрпақты жасанды интеллектті қолдануға, цифрлық сауаттылықты терең игеруге мектеп қабырғасынан үйрету – біздің ортақ міндетіміз.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Жасанды интеллект дәуірінде өмір сүріп жатқанымызды ескере отырып, бұл технологияны білім беру жүйесіне кеңінен енгізуіміз керек. Мектеп бағдарламасына сәйкес оқушыларға цифрлық сауаттылық пен жасанды интеллект негіздерін үйретуге баса мән беру қажет» деді.
Осы тұста білім беру ұйымдарына үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Әсіресе мұғалімдердің заманауи технологияны игеруі, оны оқу үдерісіне тиімді енгізе білуі – аса маңызды. Бүгінгі оқушы – ақпараттық ортада өмір сүріп жатқан ұрпақ. Олар дәстүрлі оқыту әдістерінен гөрі, интерактивті, цифрлы, дербестендірілген білім алуға бейім.
Жолдауда айтылған тағы бір маңызды мәселе – білім беру мазмұнын жаңарту. Бұл бағытта: жасанды интеллектті оқытуға арналған жаңа пәндер енгізу, қазіргі пәндер мазмұнын цифрлық құралдарға бейімдеу, педагогтердің біліктілігін осы бағытта арттыру көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту, цифрлық теңсіздікті жою, интернет пен құрылғыларға қолжетімділікті арттыру мәселелері де Жолдауда көрініс тапты. Бұл – қала мен ауыл арасындағы білім сапасын теңестіруге бағытталған нақты қадам.
Президенттің айтуынша, алдағы үш жылда білім берудің барлық деңгейінде елеулі өзгерістер болады. Бұл – ұстаздар қауымының белсенділік танытып, жаңа әдіс-тәсілдерге дайын болуын талап етеді. Ендігі міндет – тек бағдарламаларды жаңарту емес, ойлауды, оқытуды, бағалауды да жаңғырту.
Қорытындылай келе, Мемлекет басшысының бұл Жолдауы – еліміздің келешегіне деген сенімді арттыратын, нақты жоспарға құрылған құжат деп білемін. Әсіресе, білім саласының мамандарына бағытталған тапсырмалары – уақыт талабынан туған жауапты міндеттер. Бүгінгі ұстаз – тек білім беруші емес, заманмен қатар жүретін жаңашыл маман болуы тиіс.
Жолдауда айтылған басымдықтарды қолдай отырып, еліміздің болашағы – жас ұрпақты жаңа дәуірге лайықты етіп тәрбиелеу жолында бар күш-жігерімізді саламыз.
Нұрмағамбет МЕҢДІҚҰЛОВ,
Я.Есенбеков атындағы жалпы білім
беретін мектептің директоры.
Жетісай ауданы.
Түркістан облысы.