Өңірлік баспасөздің ішінде менің өзім үшін оқ бойы озық тұрған басылымның бірегейі Мақтаарал газетінің торқалы 90 жылдық тойы баршамызға ортақ. Өйткені бүгінде абыздық белесті бағындырып отырған газетіміздің мерейтойы халқымыз үшін қасиетті де ұлық мереке Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен сабақтаса келіп отыр. Өткен ғасырдың алғашқы жартысында «Мақташылар үнінен» бастау алған басылым тарихы сол ауданның ғана емес, тұтас оңтүстік өңірдің әрі сонда еңбек еткен жергілікті халықтың қазыналы шежіресі мен тұрмыс-тіршілігін, асыл өнері мен мәдениетін бойына бүккен елдіктің биік мінберіне айналды. Бұл орайда мен сол қара шаңырақта қолтаңбалары қалған еліміздің талай қайраткерлері мен тұлғаларының, бірнеше буын қазақ қаламгерлерінің ел алдындағы ерен еңбегіне деген құрметімді білдіргім келеді.
Жылдар бойы оқырман қауымның талғамын тәрбиелеуде үлкен идеологиялық рөл атқарған «Мақтаарал» газетінен менің ең алғашқы еңбек жолымдағы тұсауым кесілді десем артық айтқандық емес. 1983-ші жылы белгілі журналист Мұхамедәлі Бегалиев орта мектепті енді бітірген бозбала мені фотоөнердің қыр-сырына баулып жүрген еді. Өзімен бірге ертіп жүріп, талай рет сұлу табиғат көріністерін, мақташылар мен малшылар тұрмысының қым-қуат тіршілігін, өңірге аты шыққан еңбек адамдарын фотоға түсіріп, сол кездегі аудандық «Коммунистік Еңбек» (қазіргі Мақтаарал) газетіне үзбей беріліп жататын. Ұлтымыздың біртуар ұлы, атақты суретші Әбілхан Қастеев: «Сурет салуды әжемнің киізінен, ешкінің мүйізінен үйрендім» дейді екен. Әбілхан атамызша бейнелей айтар болсам, мен де фотоөнерге диқанның кетпенінен, шопанның шекпенінен үйрендім. Ал, сол кезде басылымның фототілшісі есімі елімізге белгілі фотожурналист Жұмабек Төребеков ағамыз болатын. Газет беттерінен Жұмекеңнің өмір шындығын еш боямасыз бейнелеген шебер туындыларына қызыға қараушы едім. Осы күні зейнет демалысына шықса да ардақты ағамыз әлі ат үстінде, еліне қызмет етіп келеді.
Мен ең алғаш еңбек жолым басталған «Мақтаарал» газетімен бірге талай белесті бірге бағындырдым деп мақтана алмаймын. Алайда, аудандық басылымда қызмет еткен екі жылдағы ең алғашқы қадамым толағай асуларға ұласып, шығармашылық өміріме де, жеке өміріме де молынан жетерлік баға жетпес рухани азық болғанын ерекше мақтаныш сезіммен айта аламын. Аллаға шүкір, ұжымда шабытыма қанат байлаған әріптес аға-әпкелерімнің ақ баталарының арқасында үбірлі-шүбірлі болдым, есімім елге танылды. Еліміз азаттық алған сәттен бастап, мерейлі отыз жыл бойына талмай тәуелсіздік шежіресін таспалап келемін. Шығармашылық ғұмырымда 14 фотоальбомды жарыққа шығарып, еліміздің рухани қазынасына тарту еттім.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «сөздің ең ұлысы — тарих» дейді. Менің де өрісі кемел, өресі кең абыздық жасқа жетіп отырған «Мақтаарал» газетімен бірге, сонда елі мен жерін шынайы сүйетін ер-азаматтармен бірге ел тарихының таспаланып қалуына тамшыдай болса да үлесімді қосқаныма өзіме үлкен мәртебе санаймын. Аудандық газетте қызмет етіп жүрген кәсіби журналистер Жолбарыс Тілеуовты, Әзизхан Артықовты, Сәбит Қалдыбайды, Қарашам Әмзеқызын, Бауыржан мен Маяны т.б. ұл-қыздарды, олармен бірге болған әрбір сәтті сағынышпен еске аламын.
Көпен көкемнің (Көпен Әмірбек) бір әдемі сөзі бар еді. «Сырттан тілеген тілек жаудың жалаң қылышын сындырады». Шалғайда жүрсем де сіздердей кәсіби ұжымның еңбегіне шынайы алғысымды білдіремін. Мен үшін қара шаңырақтағы ата басылым «Мақтаарал» газетінің отандық медиа-кеңістіктегі орны қашан да көшілгері болатынына сенімдімін.
90 жылдық торқалы тойларыңыз құтты болсын! Газет таралымы еселей өсіп, оқырмандарыңыз көбейе берсін. Естелік сөзімді өзімнің жүрегімнен шыққан мына бір жыр жолдарымен аяқтағым келеді:
Кезсем де дүниенің шартарабын,
Өзіңмен мақтанамын «Мақтааралым»!
Рухани айнасы бол ұлтымыздың,
Кірлетпей қарт тарихтың ақ парағын!
Құрметпен, газеттің 1983-1985 жылдардағы фототілшісі Шүкір Шахай.
Қазақстан журналистер одағының лауреаты, «ҚҰРМЕТ» орденінің иегері.
Нұр-Сұлтан қаласы.