ҮНДЕУ
Құрметті мақтааралдықтар!
Наурыз айында толассыз жауған нөсер жаңбырдың салдарынан ауданымыздағы барлық елді мекендерде көше, үй аулаларын су басып қалды. Ауа райының қолайсыздығы тұрғындарды әбігерге салды.
Табиғаттың тосын құбылысынан туындаған қиындықтың алдын алып, суды қашыру жұмыстарына аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, кент, ауылдық округ мамандары аудан әкімдігінің дербес бөлім басшылары мен мамандары күн-түн демей жұмылып, тынымсыз күресуде. Қажетті су сорғыш носостары жеткізіліп, арық-атыздарды бұрып, суды қашыру үшін барлық күш, техника жұмылдырылып отыр.
Бұдан бөлек, Бірлік, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округтерінде ауыл азаматтары белсенділік танытып, ерікті түрде суды қашыру жұмыстарына үлкен жәрдем беріп жатыр. Халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген ғой. Қиын сын сағатта ауылдағы жұмысқа жарамды азаматтар қарап отырмай, көлдеген суды ағызып қашырса, көмек берсе дейміз. Себебі, бұл іске қол күші көп керек болып отыр. Сондықтан, әрбір ауылдағы елге жанашыр азаматтарды су қашыру жұмыстарына білек сыбана кірісіп, жәрдем беруге шақырамыз. Сын сағатта бірге болайық!