БАРЛЫҚ КОЛЛЕКТОРЛАРДА СУ ДЕҢГЕЙІ АЙТАРЛЫҚТАЙ ТҮСКЕН
Мақтаарал ауданында жауған толласыз жаңбырдың суын және жерасты суларын қашыру үшін коллекторлардың маңызы өте зор.
Ауа-райына байланысты ахуал күрделене бастағаннан аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі штабтың басшысы, аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен аудан аумағындағы ең ірі 7 коллекторға су деңгейін өлшейтін құралдар қойылған болатын. Қазіргі таңда барлық коллекторларда су деңгейінің айтарлықтай түскені анықталып отыр.
Коллекторлардың ең ұзыны әрі ірісі — «Орталық Мырзашөл (ЦГК)» коллекторының ұзындығы 60 км-ді құрайды. Сол сияқты «Шығыс» коллекторы 30,7 км, «Солтүстік» коллекторы 28,9 км, «Д-3» коллекторы 16,5 км, «Оңтүстік» коллекторы 15,6 км, «Қараой» коллекторы 8,6 км, «Сардаба» коллекторының ұзындығы 6,8 км-ге созылып жатыр.
Бүгінгі таңда «Орталық Мырзашөл» коллекторында ағын су күн сайын түсіп жатқаны байқалады. Ал, «Шығыс» коллекторында ағын су 45 см-ге азайған. Сол сияқты «Солтүстік» коллекторында 22 см-ге, «Д-3» коллекторында 45 см-ге, «Оңтүстік» коллекторынжа 33 см-ге, «Қараой» коллекторында 10 см-ге, «Сардаба» коллекторында 38 см-ге дейін ағын су деңгейі төмендеген.
Айта кетейік, ауа-райы болжамы алдағы 4 күнге жауын жаумайтынын көрсетіп тұр. Дегенмен, жаңбыр суын қашырту жұмыстар жалғаса береді.
Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.