ЖАСТАРДЫ ОТАНШЫЛ,
МЕМЛЕКЕТШІЛ ЕТІП ТӘРБИЕЛЕЙІК
Биыл мамыр айында Сенатта өткен «Жаңа Қазақстан: жастар және жаңғыру» атты парламенттік тыңдауда мемлекеттік жастар саясаты мәселесі бойынша өзекті мәселелер сөз болды. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев былай деді:
«Қасіретті қаңтар оқиғасы жағдайы төмен жастардың проблемасы қаншалықты өзекті екенін көрсетіп берді. Сол кезде көшеге шыққан жастардың көбінің сапалы білімі, тұрақты жұмысы және табысы болмағаны белгілі. Осындай жастарымызды әртүрлі деструктивті күштердің қаншалықты оңай пайдаланып кете алатынын да көрдік. Бұл біз үшін ең маңызды сабақ болды және жалпыұлттық күн тәртібінің негізгі басымдылығына айналды», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы шұғыл, жүйелі және кешенді шешімдерді талап ететін бірқатар өткір әлеуметтік-экономикалық проблемаға тоқталды. Бірінші кезекте сапалы білімге қол жеткізу мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, қалалық және ауылдық мектептердегі білім сапасы арасындағы алшақтық мәселесі белгілі. Мұны ҰБТ нәтижелері көрсетіп отыр.
«Пандемия кезінде интернетке қол жеткізу қала мен ауылда біркелкі болған жоқ. Оның салдары алшақтықтың тағы да ұлғаюына әкеліп соқтырды. Ал сапалы білімнің тең дәрежеде қолжетімді болмауы әлеуметтік теңсіздіктің ең басты себептерінің бірі екені сөзсіз», – деді Палата Төрағасы.
Мәулен Әшімбаев атап өткендей, жастардың тағы бір басты мәселесі – жұмыссыздық болып отыр. Жастар арасындағы жұмыссыздықтың ресми деңгейі салыстырмалы түрде төмен, бірақ тәуелсіз ұйымдардың балама зерттеулері басқа мәліметтерді көрсетеді.
«Тәуелсіз ұйымдардың сауалнамаларына сәйкес, 25-29 жас аралығындағы топта респонденттердің шамамен 12 пайызы әлі тұрақты жұмыс істемеген. Жоғары білім туралы дипломы бар қазақстандық жастардың 40 пайыздан астамы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Осыған байланысты жұмыс орындарын кұруға және жастар практикасына бағытталатын бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігіне катысты мәселелер туындайды», – деді Мәулен Әшімбаев. Сенат Төрағасы сондай-ақ жастар кәсіпкерлігін қолдау жөнінде нақты әрі пәрменді саясат жоқ екенін мәлімдеді.
Дегенмен, біз өткеннен сабақ алып, болашақ ұрпақты дұрыс бағытқа тәрбиелей алсақ, кездесетін қиындықтарды жеңе аламыз.
Бүгінгі таңда бір елдің ішіне іріткі салып, ұйып отырған жұртшылықтың ішіне алауыздық тудыратын, жастарды теріс ағымға жетелейтін түрлі діни ағымдардың әрекеттері жұртты алаңдатып отыр.
Діни алауыздық, экстремизм, терроризм деген қауіпті дерт екені айтпаса да түсінікті. Олардың көздеген мақсаты – мемлекет ішіне іріткі салу, әсіресе жастарды дінге бейімдеу арқылы арбайды. Сол арқылы діни-саяси экстремизмге ұрындырады. Террорлық әрекеттердің салдарынан дүние жүзінде ондаған мың адам көз жұмады. Ал олардың көздеген мақсаты қандай? Осының бәрі діни идеология арқылы діннің атын жамылып, аңқау елге арамза молда болатындардың әрекеті. Айталық, кейбір топ дінді саяси мақсаттары үшін тиімді пайдаланып, қитұрқы әрекеттерін жасауда. Кешегі қаңтар оқиғасында да осындай қауіпті әрекет орын алғанын көпшілік айтуда. Осыған жете мән беріп, терең зерттеген адам діннің кейбір элементтерін идеология түрінде пайдаланып, «егер осы жолмен жүрсең ертең жұмаққа барасың» деу арқылы саяси мүддеге жету үшін айлалы әрекеттерге барады. Экстремистік бағыттағы діни ұйымдар белгілі бір дәрежеде қаржыландырылады, оқытылады, жихадқа дайындалады, содан кейін «уақытың келді, енді біздің күніміз келді, Құдай үшін сен әрекет жасауың керек» дейді. Осылай көптеген жасты материалдық, діни әрекеттер жасап, Сирияға апарған. Олар сонда барғанда алдап-арбауға түскендерін, ешқандай мұсылмандық жоқ екенін көрген. Осыдан кейін «жұмаққа барасың» деп жихадтық соғысқа салғаны, әйелдерді бұзылған жолға итермелегені мәлім.
Кешегі қаңтар қасіреті барысында діни экстремизмнің әрекеттері көрініс тапқандай. Кісі өлтіру, дүкендерді тонау, ғимараттарды өртеу, қирату, адамдарды ұрып-соғу секілді тағылық жағдай орын алды. Осының бәрі алдын ала ұйымдастырылғаны мәлім болды. Олар бейбіт шеруге шыққан наразы халықтың қимылын өздеріне пайдаланып кетті. Демек, біздің елде астыртын әрекет жасаушы радикалды топтар баршылық. Соларды тауып, тиісті орындар мемлекет үшін қауіпті топтарды ауыздықтауы маңызды.
Қазір еліміздегі жастардың дінге деген бетбұрысы үлкен. Мешіт толған жастар, олардың қатарында сақал қойғандары да, келте балақ шалбар кигендері де ұшырасады. Солардың қатарында дінге жан-тәнімен берілмек болып эмоцияға елітіп кететіндері де аз емес. Алғашқыда осындай жастарды көптеген діни ағымдар өз мақсаттарына пайдаланғаны анық. Жастар мұның артында не тұрғанын аңғармай, жағдайдың ақ-қарасын білмей ұрынып қалады. Өкінішке қарай, аталарымыз жастарға дұрыс жолды, яғни дәстүрлі Исламды түсіндіре алмады. Кешегі атеизм заманынан шыққандар оны қайдан білсін. Тіпті, соңғы кездері азиялық түрлі ағымдар пайда болды. Дін фанатизмге айналғанда тоқырау болады. Яғни ол адам тек сол дінге беріліп, басқаны ойламайды. Егер адамның жан-дүниесінде, руханиятында ұлттық құндылықтар байқалмаса, оны жастар сырттан іздейді. Ал жастардың осындай құндылықтарды сырттан іздеуі әлгіндей түрлі діни ағымдарға таптырмайтын құрал болып отыр. Сол себепті де жастардың түрлі діни ағымдарға еліктеуі көптеп байқалады. Демек, осыған батыл тосқауыл қою керек. Әр азамат кім екенін, ата-баба ұстанған жолды білмесе, яғни рухани, діни сауаттылық болмаса, мемлекеттік мүддені ұғынбаса, ол үлкен дағдарыс. Жалпы, Қазақстан аумағында тыйым салынған жиырмадан аса ұйым бар екен. Солардың қатарында «Әл-қаида», «Таблиғи жамағат», шығыс-түркістандық ислам қозғалысы, «Орталық Азиядағы моджахедтер», «Талибан» қозғалысы және басқа ағымдар бар. Қазір әлеуметтік желідегі жастарды тез арбап алу жолдары сан алуан. Балалар желіде кіммен байланысады, қандай бағдарламалар көреді? Жастардың миына қалай әсер ету керегін олар шебер меңгерген. Аудио, бейнежазбалар арқылы өздеріне ілестіріп әкетеді. Соны ата-аналар бақылай ма?
Елді дамытатын, өркениетке бастайтын саланың бірі – білім. Инновацияға қадам жасаған мемлекет қана ілгері дамып, алға қадам басады. Халқымыздың жастары техникалық білімге ұмтылған жағдайда ғана заман ағымынан қалып қоймаймыз. Бұл туралы ірі кәсіпкерлердің басы қосылған жиында Президент Қ.Тоқаев қазақтың ұл-қыздары техникаға бейім болу керек деді. Осыған орай Үкімет басқосуында да техникалық мамандарды дайындау үлесі 40 пайыздан 60 пайызға көбейетінін сөз етті. Өйткені отыз жылда бұл сала кемшін қалғанын мойындауымыз керек. Кезінде Тараз қаласында Жеңіл және тоқыма өнеркәсібі институты, Шымкентте Қазақ химия-технология институты, Целиноград инженерлік құрылыс институты болды. Кейін солардың бәрі басқа оқу орындарына қосылып, соның кесірінен техника мамандарын даярлайтын оқу орындарының бәрінен айырылдық. Ендігі жерде кеткен кемшіліктерді жедел түзетіп, технологияға қатысты әр саланың сапалы мамандарын даярлау керек. Осы салада озық ойлы жақсы мамандар жетіспейді. Бұл – нарық талабы. Қоғамда еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін техникалық мамандарды даярлау өзекті. Осыған дейін шикізатқа бейімделген Қазақстан ендігі жерде өзінің дайын өнімін әлемге шығару үшін ой-өрісі мықты технологтер аса қажет. Бізде бәрінің дипломы бар, бірақ білікті маман тапшы. Бүгінгі күні Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жастар практикасына қатысу мерзімі 6 айдан 12 айға дейін, ал «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу мерзімі 12 айдан 18 айға дейін ұзартылды. Сонымен қатар оған қатысатындардың субсидияланатын жалақы мөлшері 20-дан 30 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға берілетін жыл сайынғы өтеусіз 10 мың грант көлемі 600 мың теңгеден 1,2 млн теңгеге дейін ұлғайды. «Бағдарлама аясында 2025 жылға дейін 2 млн. жаңа жұмыс орнын кұру көзделген. Бұл жобаларды іске асыру кезінде жастар да жұмыска тартылады. Атап айтсак, жыл басынан бері осындай инвестициялық жобалар аясында жұмыспен қамтылған 100 мың адамның арасында жастардың үлесі 44 мың адам болды.
Халқымызда үлкенді сыйлап, құрметтеу, көпті көрген ақсақалдардың тәжірибесінен үлгі алу дәстүрімізде берік орын алған. Тиісінше жастарымыз қарттардың жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп, саналы да алғыр, білімді, заман көшінен қалмайтын, халықшыл, мемлекетшіл, отаншыл, намысшыл, ізденімпаз болып көрінсе дейміз. Еліміздің дамуы барысында осындай азаматтарды қатарымызға қосып, тарта білгеніміз маңызды.
Тамара ТАШЕВА,
Мақтаарал аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.