Саяси жүйенің қоғамды басқарудағы ең орталық буыны – мемлекет. Біріншіден, ол саяси жүйенің билігін, мүдде-мақсатын іске асыратын ең негізгі аппарат. Екіншіден, мемлекет саяси жүйенің барлық элементін біріктіріп, саяси функция арқылы қоғамның игілікті құндылықтарын әділетті бөлу процесін басқарып отырады. Саясаттың басты ерекшелігіне оның әртүрлі мүдделерді үйлестіре алатын, әлеуметтік қатынастарды реттеп, қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ететін қасиеті жатады.
Мемлекеттік саясаттың тағы бір өзекті де күрделі бағыттарының бірі – мемлекеттің дін саласындағы саясаты. Еліміздегі дін саласындағы саясатының негізгі бағыт бағдары зайырлылық қағидаттары, конфессияаралық және ұлтаралық келісім, экстремизм мен терроризмге қарсы күрес болып табылады. Жоғары да айтылғандардың негізінде мемлекеттің дін саласындағы саясаты жасақталып, ел игілігі үшін жұмыс атқарады.
Егемен еліміздің ең үлкен жетістіктерінің бірі – ел азаматтары арасындағы бірлік. Ұлтаралық және дінаралық келісімнің нығаюы, 130-дан астам ұлт пен ұлыстың, 18 конфессия өкілдерінің тату-тәтті, бейбіт өмір кешіп жатқан Қазақстан бүгінде әлем елдеріне үлгі өнеге.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабы 1-тармағында өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп атап көрсетілген. Заманауи шынайылықтағы зайырлы мемлекет ұғымының мазмұны құқықтық, демократиялық құндылықтарға негізделген және сенім мәселесінде дінге мүмкіндік беретін мемлекет ретінде тұжырымдалады. Сондықтан дінаралық қарым-қатынас тәжірибесі әлем назарына ілігіп отырғаны белгілі.Ата заңымызда дін мен мемлекет бөлек дегенімізбен дінді қоғамнан, адамнан бөліп жару мүмкін емес.
Зайырлылық – мемлекет пен діннің бір-бірінен бөлінуі, мемлекеттің әлеуметтік, саяси, және құқықтық негізгі жүйесінің аз да болса діни қағидаларға сүйенбеуін білдіреді. Мемлекет пен зайырлылық ұстанымы ешқандай дінге бөгет жасамайды, тек мемлекеттің дін саласына араласпауы және белгілі бір діни ұстанымға басымдық бермейтініне кепілдік беруі.
Зайырлылық ұғымы дін саласында барынша ашықтықты, анық саясат ұстанатынын көрсетеді. Зайырлылық қағидатына сәйкес, дін мен мемлекет бөлек дегенімізбен дінді қоғамнан, адамнан бөліп алып қарастыра алмаймыз.
Қандай заман болмасын адам жүрегінде белгілі бір тылсым күштің бар екенін сезетін тетік бар деп айтсақ артық болмас. Егемен еліміздің аяққа тұрып, басқа да мемлекеттермен иық тіресіп тұруына зайырлылық қағидаттарының да үлесі орасан зор екенін ұмытпауымыз тиіс. Сонымен қатар, қандай дін болмасын адамзаттың құндылығына негізделген, Қазақстан халқының бірлігіне нұқсан келтірмейтін діндерге қарсы еместігін, тиісінше қолдау көрсетілетінін мәлімдеген болатын.
Конфессияаралық келісім – егеменді еліміз Қазақстан халқы үшін өзара түсіністікті қажет ететін қастерлі құндылық. Қандай да бір мемлекеттің дамуы үшін қоғамда ішкі тұрақтылық қажет. Еліміздің мемлекеттік саясаты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге негізделген қағидаттарды басшылыққа алады. Сонымен бірге, елдегі қалыптасқан мемлекеттік-конфессиялық қатынастар барлық конфессиялар мен діни топтардың тең құқықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазақстан Республикасының 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңында: «Ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың халықтың рухани өміріндегі тарихи рөлін мойындайтынымызды» айтылады. Тарих қойнауына көз салсақ, қазақ даласында Ислам діні бастауын VIIІ ғасырдан алып, бүгінгі күнімізге дейін өміршеңдігін жоғалтпай, ұлт болып ұйып отырғанымызға өзіндік ықпалын тигізді. Христиан дінінің православ бағыты да елеулі орындардың бірін алады. Қазақстан жеріне жер аударылған орыстар, украиндер және т.б. ұлт өкілдерінің негізгі діні болып саналды. Осылайша, екі дін Қазақстан халқының бірлігінің артуына айтарлықтай үлес қосуда.
Мемлекеттің дін саласындағы келесі бер ең өзекті бағыты – экстремизм мен террорризмге қарсы күрес. Экстремизм мен терроризм жаһандану дәуіріндегі ұлттық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін сыртқы және ішкі факторлардың әсер етуімен жүзеге асатын күрделі саяси пиғыл. Ешқандай мемлекет немесе ұлт бұл пәлекеттен 100% арыла алмаған. Әлемнің дамыған және артта қалған елдердің өзінде экстремистік және террорлық іс-әрекеттер болып тұрады. Түрлі күштердің арласуы, кейбір кездерде әлемдік мәселеге айналып жатады. Осы секілді теріс ұғымдарға қарсы үгіт-наисхат, ақпарттық-түсіндіру, азаматтардың бойында табандылық пен патриотимзді дәріптеуді тоқтатпауымыз қажет.
Қорытындылай келе, мемлекеттің дін саласындағы саясаты өте күрделі жүйелердің бірі. Сондықтан да еліміздің даму жолында зайырлылықтың алатын орны орасан зор. Зайырлылық қағидаттары, ұлтаралық және дінаралық келісім – мемлекеттің баяндылығына, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына қызмет ететін, еліміздің азаматтарының құқықтарын қорғайтын, діни бостандығына кепілдік беретін, заман талабына сай жасақталған жүйе. Экстремизм мен терроризмнің қандай да болсын сипаттарына, түрлеріне азамат болып, қоғам болып ат салысып қарсы тұруымыз қажет. елдік пен егемендіктің мүддесіне қарсы түрде әрекет ететін түрлі саяси және діни топтарға тойтарыс беріп, азаматтық позициямызды ұмытпауымыз қажет.
А.ТАҒАЙ,
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теологы.