Қазақстан Республикасы Парламенті
Мәжілісінің депутаттарын сайлау туралы
2023 жылғы 19 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді.
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі – Республиканың заң шығару билігін жүзеге асыратын және тұрақты негізде қызмет ететін ең жоғары өкілді органы Палатасының бірі. Мәжіліс депутаттары өкілеттіктерінің мерзімі – бес жыл.
Мәжіліс аралас сайлау жүйесі бойынша конституциялық заңмен белгіленген тәртіппен сайланатын 98 депутаттан тұрады: 69 – біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша, сондай-ақ 29 – бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша.
Жиырма бес жасқа толған және Қазақстан Республикасының аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан Республика азаматы Парламент Мәжілісінің депутаты бола алады.
Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлануға құқығы жоқ.
Парламент Мәжілісінің депутаттығына:
1) партиялық тізімдер бойынша сайланатын кандидаттарды ұсыну құқығы – саяси партияларға;
2) бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын кандидаттарды ұсыну құқығы саяси партияларға, қоғамдық бірлестіктерге, сондай-ақ егер жарғыда тиісті өкілеттік көзделген болса, олардың құрылымдық бөлімшелеріне (филиалдары мен өкілдіктеріне) және өзін-өзі ұсыну арқылы азаматтарға тиесілі.
Партиялық тізімде үш санат өкілдерінің: әйелдердің, жастардың, мүгедектігі бар адамдардың саны жиынтығында оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде отыз пайызын құрауға тиіс.
Саяси партиялар адамдарды партиялық тізімге орналастыру тәртібін дербес айқындайды.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы.