«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясындағы Мақтаарал ауданының мәдениет күндері «Visit Turkistan» орталығы алаңында аудан өнерпаздарының гала-концертімен қорытындыланды.
Салтанатты шараны Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова ашып беріп, Түркістан жұртшылығын облыстың бес жылдығымен құттықтады.
Мәдени шарада ауданнан шыққан танымал тұлғалардың туындылары мен әсем ән де,күмбірлеген күй де, мың бұралған би де көрініс тапты. Кештің арнайы қонағы елімізге есімі белгілі эстрада жұлдыздары, жерлестеріміз Гаухар Әлімбекова мен Асылжан Абдулла қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлады.
Мақтаарал ауданының Түркістан қаласындағы мәдениет күндері үш күнге жоспарланған болатын. Шараның алғашқы күнінде “Этноауылда” қылқалам және қолөнер шеберлерінің көрмесі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Ал екінші күні Мақтаарал ауданының мәдениет күндері ұлттық құндылықтармен толыға түсті. “Этноауылда” ұлттық салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптар көрінісі көпшілікті тәнті етті. Сонымен қатар арқан тарту, қазақша күрес, қошқар көтеру, асық ату т.б. ұлттық спорттық ойындардан жарыс өтті. Аудандық орталық кітапхана ұжымы да қызықты да мазмұнды іс шаралар ұйымдастырды.
«Салт-дәстүр – ұлттық қазынамыз» атты Мақтаарал ауданы өнерпаздарының шарасында «Ақ алтын» фольклорлық ұлт-аспаптар ансамблінің концерті , «Көген түп», «Жиенқұрық» және «Құрсақ шашу», «Ерулік», «Әке батасы», «Қазан шегелеу» секілді салт-дәстүр көріністері мен «Алтыбақан» маңындағы көріністер көрсетіліп, бауырсақ пісіру мен күбі пісу, май алу, құрт жасау секілді ұлттық тағам түрлері көпшілік назарына ұсынылды.
Айта кетейік, аталмыш фестиваль тамыз айына дейін өтеді. Аудан-қалалар Түркістан қаласында апта сайын өз өнерлерін көрсетеді деп жоспарлануда. Келесі көшті 7-9 шілде аралығында Шардара ауданының өнерпаздары жалғастыратын болады.
Түркістан облысы мәдениет және туризм
басқармасының баспасөз қызметі.