Күздің күні күреңтіп, аспанды қою бұлттар тұмшалап алған. Солтүстіктен соққан салқын жел денеңді түршіктіреді. Құбылмалы ауа-райына сенім жоқ, кеше ғана жарқырап тұрған күн қабағы бүгін ашылар емес. Әрбір ашық күнді тиімді пайдаланып, ақ ұлпаны жауын-шашынға қалдырмай ертерек жинап алуға ұмтылған диқан қауымы қарбаласып күні-түні мақталық алқапта жүр.
Біз түске қарай Жаңа жол ауылдық округінде орналасқан «Мырзакент» мақта тазарту зауытына қарасты «Фирдауси» өнім қабылдау пунктіне келгенімізде мұнда да қауырт жұмыстың үстінен түстік. Тележкілерге үйеме төбе етіп мақтасын тиеген шаруалар кезекпен өнімін өткізіп жатыр екен. Жаңа жол ауылдық округі, «Өргебас» ауылынан келген «Сәттіқұл» шаруа қожалығының төрағасы Бердімұрат Шоғаев бүгін 50 гектар алқапта алғашқы терімді сәтті аяқтап, қырманға 150 тонна «ақ алтын» өткізгенін айтты. «Жыл сайын мақтамды осында өткіземін. Мұнда таразысы дұрыс, ылғал өлшемін де көзбе-көз анықтап береді, алдап-арбау жоқ. Оның үстіне бұл жер менің мақталығыма өте жақын, біз үшін өте тиімді,»-деді Бердімұрат. Әріптесінің сөзін қоштаған Сапарқажы Абдулов: «Қазірге дейін 30 гектар алқаптан 100 тонна ақ ұлпа жинадық. Әлі алда екінші терім бар. Мен де бар мақтамды осында өткіздім. Биыл мақта өнімі берекелі болып тұр»,-деді.
Аталмыш мақта қабылдау пунктінің меңгерушісі Хазрат Хайдаров қазірге дейін қырманға 600 тоннаға жуық «ақ алтын» жинап, өнімді кідіріссіз қабылдап жатқандарын айтты. Биылғы межелері 700 тонна мақта жинау.
– Қазір қол терім жоқ есебі. Өнімнің 90 пайызы комбайнмен терілгендіктен мақта таза, ылғалы аз, құрғақ, жапырақ, қауашағы кем. Таразымыз арнайы тексеруден өткен, шаруалар риза,-деді бізбен әңгімесінде тәжірибелі, білікті маман Хазрат Хайдаров. 1981 жылдан «Мырзакент» мақта тазарту зауытында инженер-технолог болып еңбек жолын бастаған Хазрет осы кәсіпорынның негізін қалаған мақта саласының ардагері, марқұм Салдар Жамаловтың шәкірті, ізбасары десек те болады. Қазірге дейін 6 мақта қабылдау пунктін басқарды. Жұмысына өте тиянақты, шаруалардың талап-тілегіне сай үлгілі жұмыс істеп, абыройға кенелген Хазрет Хайдаров соңғы алты жылдан бері аталмыш пунктті басқарып келеді.
Тележкіден ақтарылған ақ ұлпаны «Пыл» аппараты арқылы қабылдап, транспортер арқылы жоғарыға шығарып жатқан маман Сабир Мирзошарипов өз ісін өте ұқыпты атқарады. Ал «қырман тауларын» биіктетіп жинап, бунт жасаудың шебері Муллахалим Нояповтың да еңбегі ерен. Оның бунтқа жинаған мақтасы құламайды. Бунттың бұрыштары түзу, нығыздалып жиналған. Бунттың астынан ауа өткізетін туннел жасалған. Электр тогымен жұмыс істейтін техникалардың кідіріссіз істеуіне 15 жылдық еңбек өтілі бар электрик Төрехан Есенбаевтың үлесі мол. Мақтаның сапасын тексеріп, бақылауға лаборатория меңгерушісі Махистон Аширова жауапты. Оның еңбек өтілі 17 жыл. Жиналған мақтаны қабылдап, мақта тазарту зауытына жіберуді товаровед Хаким Хидиров мінсіз атқарады. Бунтқа жиналған өнімді күні-түні күзететін Абдубасит Султановтың да еңбегі ерекше. Мұнда бунттағы мақтаны зауытқа тасымалдау жұмысы да тиянақты атқарылуда. Мақта пунктінде жұмысшылар демалатын бөлме, асхана бар.
Біз жауапты науқанда құлшына еңбек етіп жатқан мақташылармен «Қырмандарыңыз берекелі болсын!» деп қоштастық. «Ақ алтын» таулары күн санап биіктеп барады…
Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ.