Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдас-тыруымен қала, ауданаралық мәдениет күндері аясында Жетісай ауданының орталығы Жетісай қаласында Мақтаарал ауданының мәдени күндері өтті.
Мәдени күндер аясында «Мақтаарал» мәдениет үйінің жанынан құралған «Балдәурен» қуыршақ театры Жетісай қаласының «Нұр-жібек» бөбекжай-балабақшасында ертегілерден қойылымдар қойып, бүлдіршіндерге қуаныш сыйлады. Сонымен қатар, Жетісай қаласының орталық алаңында және аудандық мәдениет үйінде қолөнер бұйымдарының көрмесі, кітап көрмесі, ұлттық салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа байланысты түрлі іс-шаралар өткізілді.
Мәдени күндер аудандық мәдениет үйі залында Мақтаарал аудандық әжелер алқасының төрайымы Ш.Құрбанбаеваның алғашқы «Өмірім-өнеге» атты кітабының тұсау кесерімен жалғасын тапты. Жетісай қаласының орталық алаңында гала-концерт қойылды. Гала-концертке аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова қатысып, жетісайлықтарды мерекемен құттықтады. 1997-2018 жылдар аралығында Мақтаарал ауданының орталығы ретінде дамыған Жетісай қаласы қашанда ән-жырдың, өнердің орталығы болып қала беретінін атап өтті.
Сонымен қатар, қазіргі таңда қос аудан Мырзашөлдің қос қанатындай бірге дамып жатқанын тілге тиек етті.
Айта кетейік, гала-концертте «Ақ алтын» ұлт аспаптар ансамблі, «Мерей» вокалды аспаптар ансамблі және мақтааралдық өнерпаздар жетісайлықтарға мерекелік көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Д.АЯЗБЕКОВ.